«Графен графитті шегіне дейін өңдеу арқылы алынды. Ол әлемдегі ең жіңішке, берік әрі жеңіл материал. Оның жуандығы бір атомды ғана құрайды. Сондай-ақ, болаттан 200 есе қатты. Қазіргі таңда графен басқа материалдармен бірігіп қолданылады», деді павильон комиссарының орынбасары Сара Эверет. Ол сөз орайында Ұлыбританияның қазақ елін қандай жобамен таңғалдыруды жоспарлап отырғанын айтты.
«Біз графеннен жасалған электр шамдарын алып келдік. Шамдағы вольфрамның сымы графенге алмастырылған. Бұл электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, шам қатты қызбайды. Тіпті, оны қолмен ұстап көруге болады. Бұл шамдарды тұрмыста 8 жыл қолдана аласыз. Оның нарықтағы құны – 10 еуро. Алдағы уақытта баға бұдан да төмен болуы мүмкін», деген павильон өкілі графен материалын басқа да мақсатта пайдалануға болатынын жеткізді.
«Алдағы уақытта графен су мен ауаны тазалауда қолданылуы мүмкін. Арнайы графеннен жасалған түтікше арқылы тұзды суды іше беруге болады. Яғни, түтікше суды тұздан толығымен тазартады. Енді ауаны тазалауға тоқталсам, лас ауа арнайы графен сүзгісінен өтеді. Нәтижесінде, ауадағы көмірқышқыл газы графендегі фильтрде қалады. Ал көмірқышқыл газын басқа да мақсаттарға пайдалануға болады. Бұл жобалар бойынша әлі жұмыстар жүргізілуде. Графен материалына қатысты жобалармен Манчестер университеті айналысады», деді комиссардың орынбасары.
Топтаманы әзірлеген
Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»