Қазақстан • 22 Маусым, 2017

Мың айдан да қайырлы түн

471 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мұсылмандар ораза айының 25-інен 26-сына қараған түнді қасиетті «Қадір түні» ретінде таниды. Бұл мезгіл биыл біздің күнтізбелік есеп бойынша  21 маусымнан 22 маусымға ауған түнге дөп келіп түр.

Мың айдан да қайырлы түн

Қасиетті түн жайлы ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Рамазан айында мың айдан артық бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрым қалған болса, шын мәнісінде көп нәрседен мақұрым қалғаны», деген екен. Сол сияқты, бұл түнді мінәжат етумен өткізген мүмінге берілетін сауап – мың айлық құлшылыққа тең болатыны жайлы да Құранның «Қадір» сүресінде баян етілген.

Бұл түннің маңызы жайлы үлкен ғалым-сахаба Әбдулла ибн Аббас:  «Қадір түнінде – адамның бір жылғы ризық-несібесі тағдырына жазылады», десе, Құранның «Духан» сүресінде, осы түнде алғашқы аяттар түскені жайлы дәлел айтылады.  
Мұндай берекелі сәтті бекер өткізу мұсылман баласы үшін өкініш. Өйткені, бұл түнде тілеген дұға-тілек қабыл болады, күнәлар кешіріледі. Атақты хадисші-ғалым Суфуанус Сәури: «Қадір түні дұға етіп, Алладан кешірім сұрап, тілек тілеу – намаз оқудан қайырлы, егер аяттар оқылып, артынан дұға жасалса, тіптен жақсы», деген екен.
Қадірлі бауырлар, қасиетті түні тілеген тілек­тері­ңіз қабыл болып, Алла елімізге тыныш­тық, хал­қымызға ынтымақ пен берекелі өмір нәсіп еткей!

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»