Аймақтар • 22 Маусым, 2017

Өнер дарындыларды өрге сүйрейді

326 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» жекеменшік қоры мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті − Елбасы қоры және  Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен биыл екінші рет өткізіліп жатқан «Бала дауысы-2017» ұлттық балалар ән байқауының іріктеу сатысы Қостанайға да келіп жетті.

Өнер дарындыларды өрге сүйрейді

«Мирас» облыстық мәдениет сарайына таңертеңнен келген балалардың қарасы көп болды. 7 мен 13 жас аралығындағы әр баланың соңында ата-ана және тәлімгері, мектептегі ұстаздары жүр. Бойында әншілік өнердің ұшқыны бар әр бала байқауда жеңімпаз боларына бек сенімді. 
«Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауына облыстың барлық шалғайынан 110 кішкентай талапкер қатысып, бағын сынады. Балалар мен жасөспірімдердің белгілі әншілердің орындауына еліктеп-солықтайтын кезі, сондықтан олардың арасынан табиғи жаңа дауысты табу да оңай емес екен.  Бірінші іріктеуден 19 ұл мен қыз өтті. Түстен кейін оларды байқаудың Қостанай облысы бойынша жұлдызды тәлімгері Медеу Арынбаев өзі тыңдап, ән додасына Жітіқара қаласынан келіп қатысқан 8 жасар Ясмин Аюпованы жеңімпаз деп таныды. Аюпова 4 жасынан қаладағы балалар шығармашылығы мектебінде вокалмен айналысады. Оның сыртында би үйірмесіне қатысады, фортепианода ойнайды. 
– Жалпы, балалар арасындағы қандай жарыс болса да, жеңімпазды таңдау қиын. Оның үстіне  бірінен-бірі өтетін талантты балалардан таңдау жасау екі есе күрделі дер едім. Іріктеу финалында менің таңдауым Ясмин Аюповаға түсті. Сегіз жасар балғын қыз – нағыз табиғи дарын. Маған кішкентай әншінің әнді шынайылықпен орындайтын, ешкімді қайталамайтын даралығы ұнады.  Мен өз таңдауыма ризамын. Енді байқаудың финалына дейін тек дайындық жұмыстары ғана күтіп тұр,–деді Медеу Арынбаев. 
Байқаудың іріктеу туры балаларын өнер бәйгесіне қосқан  ата-аналарға да, ұстаздарға да ұнады. Әділ қорытынды шықты.  Өнер дарындыларды ұнатады. Мұндай байқау болашақта кім көрінгеннің сахнада жүріп, қазақ әнінің берекесін кетіруге тоқтау болары сөзсіз. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ