«Бауыржан» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен, Қазақстан футбол федерациясы, «Нұр Отан» партиясы және «Цеснабанк» АҚ-тың қолдауымен өтіп жатқан футбол чемпионатының іріктеу ойындары еліміздің 13 аймағында 2017 жылдың 25 сәуірінде бастау алған болатын. Биыл бесінші рет өткелі отырған аталмыш чемпионаттың іріктеу кезеңінде республикамыздың әр аймағынан финалдық жолдамаға 26 команда тартысқа түсіп, балалар үйлері мен мектеп-интернаттарынан 11-14 жас аралығындағы 250-ден астам тәрбиеленуші қатысқан еді.
«Бауыржан» қайырымдылық қорының өкілі Айнұр Сәлімбаева мұндай мүмкіндіктер жас жеткіншектердің спортқа деген ынтасын, жарқын болашаққа деген құлшынысын оята түсетінін айтады: «Еуропаның белді футбол клубына бару әр доп қуған жанкүйердің арманы десек артық емес. Ал біздің балалар үйлерінің футболшылары сондай зор мүмкіндікке ие болуда. Жеткіншектер 2013 жылдан бері Еуропаның әйгілі футбол клубтарына барып, Роналдо, Месси, Робен, Хави, Торрес, Гризманн сынды атақты теңбіл доп шеберлерімен кездесіп қайтты».
«Командамыз бұл чемпионатқа төртінші жыл қатарынан қатысып келеміз. Биыл алғаш рет финалға өттік. Барлық қатысушыларға сәттілік, өзімізге жеңіс тілеймін», – деп ағынан жарылған Талдықорған қаласындағы балалар үйінің «Айналайын» командасының ойыншысы Темірлан Ниязбаев жетім балалар арасынан футбол дарындарын тауып, қазақстандық футбол деңгейінің артуына үлес қосуды мақсат тұтқан чемпионат демеушілеріне алғысын білдірді.
2014 жылы Алматы облыстық №1 балалар үйінің «Барыс» командасы Милан қаласына жолдама алып, «Миланелло» базасын тамашалады, ал 2015 жылы Қарағанды қаласының «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушілері чемпионатта озып шығып, әйгілі Мюнхен қаласындағы (Германия) ALLIANZ ARENA орталығында болған әйгілі «Бавария» мен «Реал Мадрид» футбол клубтарының ойынын көріп қайтқан еді.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ