22 Маусым, 2017

Бейбарыстан қалған мұра

327 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық музейде ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрменің аясында еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі мен Мысыр елінің Көне мұралар министрлігі бірлесіп «Сұлтан Бейбарыс және оның дәуірі» атты көрме ұйымдастырды.

Бейбарыстан қалған мұра

Мұндағы мақсат – ХІІ ғасыр­дың ортасында Ұлы Даладан барып 20 жыл Мысыр мен Шам еліне билік жүргізген Бейбарыс сұлтанға қатысты мұралармен көп­шілікті таныстыру көрінеді. Бейбарыс бабамыз билік құрған Мысыр қуатты мемлекетке айналды: жаңа­дан флоттар салынып, әскери қамал-бекіністер тұрғы­зыл­ды, мешіт-медреселер бой кө­теріп, ғылым-білім дамыды. 
Осындай тарихи тұлғаны ұлықтауға арналған көрменің ашылу салтанатында сөз сөй­леген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­­медиұлы: «Еліміз тұр­ғын­дары бұған дейін бабамыз Бейбарыс сұлтан жайлы Болат Мансұровтың көркем фильмі мен әр жерде сахналанып жүрген спектакльдерді тамашалап келсе, бүгін екі елдің мәдени-тари­хи бай­ланысының арқасында баба­мыздың өмірі мен тұрмысына қатысы бар сол дәуірдің ар­­тефакті бұйымдары ел­ор­даға әкелініп, көпші­лік­ке ұсынылып отыр, бұл іс болашақта әрі қарай жал­ғасатын болады», деді. 
Сонымен қатар, шараның құр­метті қонағы Египет Араб Республикасының Қа­зақстан Республи­ка­сындағы Тө­тенше және өкі­летті ел­шісі Хайсам Са­лах Камел Ибрагим мырза әуелі қазақ­стан­дықтарды ЭКСПО көр­месінің ашы­луы­мен құт­тықтай отырып, бұл жолғы көрмеге мәм­лүк Бей­барыс сұлтанға тиесілі дү­ниелердің толық келмегенін, Каир қаласында оның қол­данған заттары мен қару-жарағы тү­гел сақ­талған музей барын, бо­лашақта сол экспонат­тарды түгелдей әкеліп, қазақ­стан­дық ағайындарды баба мұ­расымен қауыштыру жос­пары бар екенін жет­кізді. 
Бұл реткі көрмеге Құ­ран аят­тары бәдізделген тос­та­ған-табақтар, сол дәуір­дің тиын-мо­неталары, алты қыр­лы ағаш сан­дық, қымбат бұйымдар сақ­тауға арналып қоладан жа­салған құлыпты сандықша қа­тарлы 22 экспонат қойылыпты.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар