Медицина • 22 Маусым, 2017

Алматыда «Денсаулық баршаға» атты V Халықаралық конгресс өтті

118 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Қазақстан» қонақ үйінің салтанат залында  елімізде тұңғыш рет медицина саласы бойынша әлемнің ең үздік мамандары бас қосқан «Денсаулық баршаға» атты V Халықаралық конгресс өтті.

Алматыда «Денсаулық баршаға» атты V Халықаралық конгресс өтті

Конгресс жұмысына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюро басшысы Жужанна Якоб пен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов, сондай-ақ, Отандық және шетелдік көшбасшы дәрігерлер мен сарапшылар қатысты.

Басқосуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында қамтылған міндеттерді орындау, міндетті әлеуметтік сақтандыру және емделуші айналасында денсаулық сақтаудың барлық қызметтерін біріктіру, денсаулық сақтауды дамытуға бағытталған 2016-2019 жж. арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асыру сияқты мәселелер кең мазмұнда айтылды.

–  Еуразиялық денсаулық конгресінің негізгі мақсаты – еліміздегі реформаларды қолдау. Бұл саладағы негізгі реформаның бірі міндетті әлеуметтік сақтандыруды енгізу. Осыдан екі жыл бұрын Ұлт жоспары – «100 нақты қадамды» қабылдағанда Елбасы міндетті медициналық сақтандырудың бастамасын алғашқы медициналық көмектің негізінде енгізуіміз қажеттігін тікелей айтқан еді. Осыған сәйкес еліміздегі білікті дәрігерлерді және әлемнің әр қиырынан келген халықаралық деңгейдегі белгілі сарапшылардың басын қосып, алғашқы медициналық көмектің қызметін дамытудың тетіктері тұрғысында ақылдасып отырмыз. Бұл жүйеге қатысты туындайтын мәселелер өте көп. Педиаторлық қызметті дамыту, алғашқы медициналық көмекті жетілдіру, хроникалық ауруларды енгізу, сонымен қатар медициналық  көмектердің  инфрақұрылымын дамыту сияқты жайттар бүгінгі жиынның негізгі өзегіне айналып отыр. Осы мәселелерді жолға қоюда халықаралық сарапшылармен кеңесіп, жан-жақты сарапқа салудың маңыздылығы зор. Алдағы 2018 жылы Дүниежүзіне белгілі «Алматы Декларациясына» - 40 жыл толады. 1978 жылы Алматы қаласында дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының конгресі  өтіп, Алматы декларациясына қол қойылған. Аталған декларация қазір бүкіл әлемге танымал құжат. Оның себебі, қазіргі кездегі денсаулық сақтаудағы негізгі принциптер мен алғашқы медициналық көмектің маңыздылығы  осы құжаттың өн бойынан табылады. Осы үлкен шараға да дайындықты қазірден бастауымыз қажет, – дейді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Сарапшы мамандар аталған конгресстің әлеуметке бағытталған медико-санитарлы алғашқы көмекке негізделген денсаулық сақтауды тиімді қалыптастыру бойынша ұсныстарды құрауға және денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстарды дамытуға тың серпін беретінін айтты. Бұл шара отандық және шетелдік мамандардың қоғамдық денсаулық сақтау және мектеп медицинасы саласында, симуляциялық технологияларды пайдалану арқылы медико-санитарлы алғашқы көмек деңгейінде мамандарды даярлау ісі бойынша және Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жағдайындағы медико-санитарлы алғашқы көмектің дамуы тұрғысында тәжірибе алмасуға біріктіру мақсатын көздейді. Шара барысында озық ғалымдар тарапынан жиырмадан астам баяндама оқылып,  медициналық туризм мен жоғарытехнологиялы медициналық қызмет бойынша көрме ұйымдастырылды.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ