Парламент • 22 Маусым, 2017

Электр энергетикасы туралы заңнамаға түзетулер қаралды

186 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі

Электр энергетикасы туралы заңнамаға түзетулер қаралды

Заң жобасы электр энергиясын тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және энергетикалық кәсіпорындар көрсететін қызметтердің сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Жобамен он бір заңнамалық актіге, оның ішінде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексіне (Салық кодексі), Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, Жер, Су кодекстеріне, сондай-ақ бірқатар заңдарға түзетулер енгізіледі.

Құжатта иесіз деп танылған электр желілерін энергия беруші ұйымдарға беру және оларды корпоративтік табыс салығынан және мүлік салығынан біржолға босату мәселелері реттеледі. Электр энергетикасы саласындағы уәкілетті органның құзыреті нақтыланады.

Экспортталатын электр энергиясын өндірудің өзіндік құнынан төмен емес баға бойынша және еліміздің біртұтас энергетикалық жүйесінде немесе оның бөліктерінде электр энергиясының профициті жағдайында ғана Қазақстаннан тыс жерлерге сатылатын электр энергиясына шектеу белгіленеді.

Электр энергетикасы саласындағы құқық бұзушылықтардың электр және жылу желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беруге қойылатын талаптарды бұзу, сондай-ақ технологиялық бұзушылықтар туралы ақпаратты беру жөніндегі талаптарды бұзу бөлігінде жаңа құрамы енгізіледі.

Сенаторлар сондай-ақ «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, теміржол көлігі көрсететін қызметтерге қол жеткізуді реттеу тәртібін қолдану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады.

Қазақстан мен Қырғызстан арасында Санкт-Петербургте 2016 жылғы 26 желтоқсанда қол қойылған келісім Тарифтік саясат негіздерімен бірге теміржол көлігі көрсететін қызметтерге қол жеткізуді реттейді. Заң жобасын қабылдау теміржол көлігімен Қырғызстанға қатысты транзиттік жүк тасымалын құқықтық реттеуді қамтамасыз етеді.

Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.