23 Маусым, 2017

Үкілі үміт үдесі

342 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Тойдың болғанынан, боладысы қызық» демекші, Арқа төсіндегі ару Астанада жаһандық шара – ЭКСПО-2017 көрмесінің жалауы желбірегеніне, міне, он күннің өрмегі ауды. Осы уақыт ішінде «Ұлттық жобаға» деген егемен елдің үкілеген үміті ақтала ма, Бүкіләлемдік жетіс­тіктер көрмесінің қос ғасырға тақау шежіресінде өткен көрмелер керуенінде «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінің алар орны қандай дәрежеде болар екен деген сұрақтарға жауап іздеуіміз де заңды.

Үкілі үміт үдесі

«Болашақтың энергиясы» атты көрме тақырыбының өзі бүгінгі өмірдің күн тәртібіндегі тың да маңызды мәселе екендігі даусыз. Оның қазақстандық ғылым саласына креативті идеялар мен жаңа ізденістер әкелгені анық. Оған ЭКСПО-2017 көрмесіндегі еліміздің ұлттық павильоны – «Нұр әлемдегі» ғылыми жобалар нақты дәлел болады. Мұнда ел энергетикасының ертеңін айқындайтын жүздеген жобалардың ішінен жүйрік шыққан отызға тарта озық технологиялық жаңалықтар көрініс тапқан. Қазақстандық өнертапқыштар мен ғалымдардың жаңғырмалы қуат көздері арқылы электр энергиясын өндіру мақсатындағы бірқатар тың жобалары қазір­дің өзінде іс жүзіне асырылып, тәжі­ри­бе жүзінде нақты тиімділігін беруде.
Мәселен, қала тұрғындары мен қонақ­тары көшелердегі кейбір аялдама­лар­дың тұсында орнатылған күн батарея­ларын көрген болар. Жекеменшік инвес­торлардың қаржысына орнатылған бұл күн батареялары күні бойы күн сәу­лесінен энергия жинап, аялдаманың ішін­дегі байланыс қондырғылары мен шамдарына электр қуатын береді. Сонымен бірге қазақстандық ғалым Альберт Болотовтың роторлық жел турбинасы – ЭКСПО көрмесіндегі техно­ло­гиялық жетістіктердің бірі ретінде Астана әуежайынан қалаға келетін күре жолдың бойына қондырылған. Болотовтың роторлық жел турбинасы қолданыстағы жобалардың үлгісі ретінде әуежайдан қалаға дейінгі күре жолды жарықтандыратын электр шамдарына энергиялық қуат береді. Әлемдік сәулет өнерінің үздік жауһарларының бірі болып саналатын – Сфера ғимаратының өзі қазақстандық өнертапқыштар тех­нологиясы бойынша жасалған қондыр­ғылар арқылы жел энергиясынан нәр алатынын айту парыз.
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының мамандарының айтуы бойынша, алғашқы онкүндікте көрмеге 205 мыңнан астам адам келіпті. Бір адам бір күннің ішінде 5-6 павильонды аралайды деген есеп бойынша, көрме аумағындағы павильондарға көрермен­дердің кіріп-шығу көрсеткіші 1 миллион 57 мыңнан асқан екен. Көрмеге келгендердің 10 мыңнан астамы алты жасқа дейінгі балалар болса, 2 мыңнан астамы Ұлы Отан соғысына қатысушылар және мүмкіндігі шектеулі адамдар болып отыр. Осы уақытқа дейін көрмені 26 мыңнан астам шетел азаматтары тамашалаған. Шетел павильондарының ішінде қонақтар көп келетін Қытай, Сауд Арабиясы, Үндістан, Малайзия және Ресей павильондары көрінеді. Мәселен, он күн ішінде Ресей павильонын 21 мың адам тамашаласа, Қытай павильонына келушілер саны 33 мың адамнан асыпты.
Иә, Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі өзінің 166 жылдық тарихында өркениет шежіресіне алтын әріптермен жазылған сәулет өнерінің небір жауһарларын қалдырды. ЭКСПО мұралары – Лондондағы Хрусталь сарайы, Париждегі Эйфель мұнарасы, Париждегі Александр ІІІ көпірі, Лион вокзалы, Венадағы Ротонда – әлемдегі ең үлкен күмбез астындағы павильон, Мельбурндегі пат­ша­­лық көрме павильоны нақ осын­дай адамзаттың мәңгілік өнер ескерт­кіштері болып табылады. Астана­дағы ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандан­дырыл­ған көрме қалашығында да әлем ғажайыптарының санатына қосылатын ЭКСПО мұрасы бой көтерді. Ол – Ұлттық бас павильон ғимараты – «Нұр-Әлем». Ұлттық бас павильон «Нұр- Әлем» – бұл әлемдегі ең үлкен сфералық (барлық нүктелері орталықтағы нүктеден бірдей қашықтықта болатын тұйық шар) ғимарат болып табылады. Оның диаметрі 80 метрді құраса, биіктігі 100 метрді құрайды. Сфера сегіз қабаттан тұрады. Сфераның әрбір қабаты балама электр қуатының бір түрін паш ететін көрме алаңы болып табылады. Атап айтар болсақ, бірінші қабатта гидроэнергетиканың, екінші қабатта күн энергетикасының, үшінші қабатта жел энергетикасының, төртінші қабатта биоэнергетиканың және басқа қуат көздерінің жетістіктері көрсетіледі. Көрмеге келуші қонақтар арасында Қазақстанның Ұлттық бас павильонына деген қызығушылық аса зор. Алғашқы он күннің ішінде оған келушілердің саны 86 мың адамнан асты.
Жақында Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне арнайы келген Финляндия Республикасының президенті Саули Ниинистё «Қазақстан – Орталық Азияда ЭКСПО көрмесін өткізіп отыр­­ған тұңғыш мемлекет. Мұндай жаһан­­дық жауапкершілікті кез келген мемлекет атқара алмайды. Көрме қала­шығының қайталанбас сәулеті мен жоғары дәрежедегі ұйымдастырушылық жұмыстарға қарап, ЭКСПО-2017 көрмесінің табысты өтетіндігіне ешбір күмән жоқ», деп атап көрсетті. Көзі қарақты мәртебесі мейманның пікірі көп нәрсені аңғартса керек.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»