04 Қазан, 2011

Сан бағыттағы сыртқы саясат

317 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов журналистерге арналған дәстүрлі брифингте осы аптаның ішінде сыртқы саясат ісінде өтетін қадау-қадау шаралармен таныстырды. Ресми өкіл Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов елімізге жұмыс сапарымен келетін Еуропалық комиссиясының Энер­гетика мәселелері жөніндегі өкілі Гюнтер Оттингерді қабылдайтынын айтып, кездесу барысында Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың 2010 жылғы қа­зан­дағы Еуропалық Одақтың бас пәтеріне өткен са­па­ры барысында қол жеткізілген уағдалас­тық­тардың жүзеге асырылуы тал­қыла­натынын жеткізді. Ал 5 және 8 қазан аралығында Қа­зақ­стан  Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Литва Президенті Даля Грибускайтенің Астанаға ресми сапары болып, оның барысында мемлекет бас­шы­лары­ның қатысуымен екеуара және ке­ңейтілген құрамда келіссөздер өткізу, бір­қатар үкіметаралық келісімдерге қол қою жоспарланыпты. Сондай-ақ, Грибускайте ханымның Парламент Мәжілісінің Төр­ағасы Орал Мұхамеджановпен және Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен кездесулері жоспарланыпты. Асқар Абдрахманов брифингте Қа­зақ­стан мен Жапония арасындағы экономи­ка­лық ынтымақтастық жөніндегі үкіметтік және жекеменшік секторлардың  кезекті үшінші бірлескен комиссиясы Астанада өтетінінен де хабардар етіп, 6-7 қазанда Рабат қаласында Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігінің Сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар болатынын да қаперге салып, қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сары­байдың бастап баратынын жеткізді. Осы аптада еліміздің сыртқы саясат ве­домствосының басшысы Ержан Қазы­ха­нов ирандық әріптесі Әли Ақбар Салехидің шақыруымен Теһранға жұмыс сапарымен барып, оның аясында Иранның жоғарғы бас­шылығымен кездесулер өткізетіні жос­пар­ланып отырған көрінеді. Кездесулер ба­рысында мемлекеттер арасындағы екіжақты қатынастар, өзекті аймақтық және халық­ара­лық мәселелер қаралып, тараптар мүше болып отырған халықаралық ұйымдар шең­беріндегі ын­ты­мақтастықты нығайту жайы да талқы­ла­на­ды, деді ресми өкіл. Алдағы сапар екі ел арасындағы саяси үнқатысудың нығаюына, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитар­лық салалардағы қарым-қатынас­тардың одан әрі өрбуіне мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Турбьерн Ягландт та осы апта ішінде алғаш рет елімізге ресми сапармен келмек. Оның шеңберінде мәртебелі қо­нақ­тың Қазақстан басшылығымен жоспар­ланған кездесулері барысында еліміздің осы маңызды еуропалық құрылыммен ынты­мақтастық мәселелері талқыланады. Биыл Семей сынақ полигоны жабы­луы­ның 20 жылдығына орай Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың Жарлығымен Ядросыз әлем үшін атты  форум өткізіледі. Екі бөлімнен тұратын форумның алғашқы күні 12 қазанда Астанада басталып, 13 қазанда Семейде жалғасады, деді ресми өкіл.  Тәуелсіздік са­райында өтетін конферен­ция­ның тақырып­тары арасында Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шарттың (ЯСЖТШ) дереу күшіне енуі бойынша жаһандық әре­кеттерге қосымша серпін беру, Ядролық қару мен басқа да ядролық жарылғыш құ­рал­дарға арналған ыдырағыш материал өн­дірісіне тыйым салу жөніндегі шартты әзір­леу, ядролық қарудан бос аймақтар қағи­да­ларын тиімді енгізу және Президент Нұр­сұл­тан На­зар­баевтың бастамасымен Ядро­сыз әлемнің жалпы декларациясын қабыл­дау бойынша нақты ұсыныстар жасау көз­де­лініп,  со­ңын­да конференцияның қоры­тын­ды құ­жаты – Ядросыз әлем үшін Астана дек­ла­рациясын қабылдау жоспарланып  отырған көрінеді. Форумға қатысу үшін бірқатар халық­аралық ұйымдардың басшылары, ядролық қарусыздану саласындағы жетекші рөлдегі мемлекеттердің сыртқы саясат ведомство­ларының лауазымды тұлғалары, қарусызда­ну және таратпау ісіне елеулі үлес қосқан немесе мемлекетіміздің тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдарында ядролық қарусызда­ну­ын жүзеге асыруға қатысқан ардагер саясаткерлер, сонымен қатар, әлем мемле­кет­терінің үкіметтері мен парламенттерінің, ға­лымдар мен сарапшылар қауымдасты­ғы­ның, таратпау мен қарусыздану саласын­да­ғы беделді халықаралық үкіметтік емес ұй­ым­дардың, шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері шақырылған. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.