«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-тың» Астанадағы бас ғимаратында компания филиалы – Тасымалдау дирекциясының директоры Ермек Төлегеновтің төрағалығымен астық тасымалдау жайына арналған кеңес өтті. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Қазақстанның Астық одағы», «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ сынды өзге де астық тасымалына қатысы бар мекемелер мен жүк жөнелтуші кәсіпорындар өкілдері қатысты.
Е.Төлегеновтің айтуынша, қыркүйек айының соңына дейін 735 мың тонна астық тасымалдау жоспарланған. Оның 535 мың тоннасы республикаішілік бағдарларға белгіленсе, 200 мың тоннасы экспортқа шығарылмақ. Әзірге Қазақстан астығын Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан сатып алуда екен. Қыркүйектің 17-сінен бастап Ақтау порты арқылы Иранға қарай тәулігіне екі мың тонна астық тиелсе, соңғы онкүндікте ол көлем үш мың тоннаға жеткізілуде. Тәулігіне 30 астық вагондары Иран, Ауғанстан, Тәжікстанға жүк тиеуде. Бұл қарқынды әлі де еселей түсу қажет. Биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына 20 миллион тоннадан астам дән жинағалы отырған диқандардың есіл еңбегін жоққа шығармаудың жолдары қарастырылған. Ауыл шаруашылығы министрлігі айына миллион тонна астық тасымалын ұйымдастыру қажеттігін айтса, ол мақсаттағы барлық шараларды орындау жүк жөнелтушілер, Азық-түлік корпорациясы, көлік қызметі кәсіпорындары бірлесе жұмылғанда ғана нәтижелі болмақ.
Ең алдымен, еліміз тұрғындарына қажетті астық қорын жасақтап алуға тура келеді. Алдыңғы жылдарғы қыркүйек айындағы межелерге қарағанда биыл көрсеткіш жоғары. Мәселен, 2009 жылы республикаішілік бағдарларға қыркүйек айында 303 мың тонна бидай тасымалданса, 2010 жылғы қыркүйекте 396,6 мың тоннаға жеткізілген. Биылғы қыркүйекте 535 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Алайда, мамандардың айтуынша, биылғыдай ас та төк астық шығып, оны жинап алудың сәті түскен кезде, шашпай-төкпей жинап алудың мүмкіндігі теміржолшыларға да қиындықпен келетін түрі бар. Осыған орай көліктік сервистік қызмет өкілдеріне ресейлік әріптестерімен келісім-шарт түзіп, жедел түрде іске кірісуге тапсырма берілді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.