Тілектер орындалады
Қоғамның басты байлығы, адам өмірінің сапалық озық көрсеткіші тұрғын үй. «Үйі жоқтың, күйі жоқ» деп бекер айтылмаған. Ел экономикасының қарқынды дамуына байланысты Елбасының биылғы Жолдауында мәселенің мәнісі айқындалып, 2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы қолға алынды. Жетісудың бас қаласы Талдықорғанда да тиянағын келтірер жұмыстар жеткілікті.
«Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысындағы тілшісі Күмісжан Байжан Талдықорған қаласының әкімі Махаббат Бигелдиевке
– Сіз бұған не дейсіз?
– Шаһар халқының көпшілігі көп қабатты тұрғын үйде тұратындықтан, сумен, жылумен қамту, басқа да жұмыстар қызметіміздің негізгі бөлігі десек, артық айтпағаным. Оның үстіне тозығы жеткен баспаналарды жөндеу де аса қажет. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының қалалық филиалы, «Талдықорған қалалық тұрғын үй қызметі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және партиялық бақылау комиссиясы, салаға жауапты мамандар коммуналды үйлерде тұратын тұрғындармен кездесулер өткізіп, олардың талап-тілектерін зерделеп, жұмыс ауқымы белгіленген-ді.
Қалада күрделі жөндеуді қажет ететін көп қабатты тұрғын үйлердің саны осылайша айқындалды. Талдықорған қаласындағы осындай 15 үйді қалпына келтіру, жөндеуге биыл 247 млн. теңге бөлініп, тиімді жұмсауға назар аударылды. Бағдарламаға сәйкес Үкімет жөндеу жұмыстарына қажетті қаржыны несие ретінде өте төменгі пайызбен бергенін айтқан жөн. Тұрғындар бұл қаржыны жеті жылда қайтарулары тиіс. Мәселен, әр пәтерге шаққандағы оның мөлшері мың теңге мен үш мың теңге аралығында болып отыр.
Тұрғын үйлердің аулалары да жаңартылып, абаттандыру жалғасып келеді. Күздің жылы күндерін пайдаланып, шаһардағы тағы да 8 үйдегі ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. Бір сөзбен айтқанда, қаладағы көп қабатты сәнді жаңа үйлермен қатар, ескілерін жаңартып, сәулеттендіру бағытындағы жұмыс әлі де жалғасатыны анық.
Алматы облысы.