Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев облыстық мәслихат депутаттары алдында есеп берді
Мұнайлы Атыраудың дәулеті жыл сайын артып келеді. Мәселен, биылғы 8 айда 2 триллион 762 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев облыстық мәслихат депутаттарының алдында есеп беруінде мәлім етті. Оның айтуынша, тәуелсіздік таңы атқалы бергі 20 жылда мұнайлы өңірде өндірілген өнім көлемі 2,8 триллион теңгеге дейін, немесе 600 есеге өскен. Бұл – ел дәулеті еселенгенінің айқын дәлелі.
Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейлі жылында өңір экономикасы өркен жайды. Нақты дерекке сүйенер болсақ, жыл басынан бергі 8 айда нақты секторға 700 миллиард теңге инвестиция салыныпты. Бұл қаржы экономиканың барлық дерлік саласындағы өркенді істердің кең қанат жаюына серпін бергені даусыз. Соның нақты мысалы ретінде осы кезеңде 4 индустриялық іргелі жоба іске асырылып, оларда 233 жаңа жұмыс орны құрылған. «Жыл аяғына дейін жалпы құны 17 миллиард теңгелік 10 инвестициялық жобаны іске асыру аяқталады. Бұл өңірде тағы да 1800 жаңа жұмыс орнын ашуға мол мүмкіндік беріп қана қоймай, ел дәулетінің еселенуіне де оң ықпал етеді», деді өңір басшысы Бергей Рысқалиев.
Атырау бұрыннан инвестициялық аймаққа айналғаны жасырын емес. Бұрын мұнда шетелдік және отандық инвестицияның басым бөлігі алдымен мұнай-газ секторына, кен өндіру, өңдеу өнеркәсібіне бағытталса, енді соңғы жылдары өзге машина жасау өндірісі, медицина секілді салаларға құйыла бастады. Мәселен, биыл Атырауда «Флоусерв-Қазақстан» серіктестігінің сорғы жабдықтарын жөндейтін сервис орталығы ашылды. Жобаға салынған инвестициялық қаржының 2,5 млрд. теңгесі ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында игерілген. Орталықта өнеркәсіптің әртүрлі салалары үшін насостар мен арматураларға жедел қызмет көрсетуге және жөндеу жұмыстарына қажетті жабдықтар орналасқан. Мұнда тік және көлбеу түрдегі насостар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қызмет көрсету үшін жағдай жасалынған. Жобаны қаржыландырған «Флоусерв» корпорациясы әлемнің 56 елінде жұмыс істейді.
Өткен жылдан бері «Брандо» серіктестігінің зауытында бір реттік шприц шығарылып келеді. Бұған отандық кәсіпкер инвестиция салды. Сол кәсіпкер жігіт енді Атыраудан медицинада күнделікті қолданылатын бір реттік қолғап, науқасқа сұйықтық құюға арналған система шығаратын зауыттар ашуды қолға алды. Бұларға да қомақты инвестиция салынғалы отыр. Демек, кәсіпкерлер бір күндік пайдадан гөрі, қайтарымы ұзақ жылдан соң біліне бастайтын жобаларды қаржыландыруға ынта танытуда.
Кәсіпкерлік демекші, бұл күндері аталған салада 25 мыңнан астам шағын және бизнес нысандары тіркеліпті. Жыл басынан бері кәсіпкерлер 276,5 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, түрлі сервистік қызметтерін көрсете алды. Бұл саламен бірге білім беру, медицина, мәдениет пен спорт секілді елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашатын маңызды салаларда да серпіліс байқалады.
– Өңірде қолға алынған жобалардың барлығы мерзімінде іске асырылады. Ал Сағыз – Миялы бағытындағы жол, КОС құрылысы, сумен жабдықтау бағытындағы жобаларды белгіленген мерзімінен бұрын аяқтауды көздеп отырмыз. Өйткені, бұл халықтың күнделікті тұрмысы үшін аса маңызды, – деді облыс әкімі Бергей Рысқалиев облыстық мәслихат депутаттары алдында берген есебінде.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
Атырау облысы.