Жастық шағының кейбір сәттерін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге өткізгенін мақтан тұтатындардың бірі – Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Үкітай Байжомартов. Осыдан біраз уақыт бұрын сол кісімен жүздескенде, ағамыз төмендегі әңгімелерді айтқан еді.
Гагаринге ұсыныс айту
– Теміртау жастары Нұрсұлтан Әбішұлын Қазақстан комсомолының Х съезіне, кейін БЛКЖО-ның ХІV съезіне делегат етіп сайлады, – деп бастады Үкітай аға естелігін. – 1962 жылы 16-20 сәуірде Мәскеуде ХІV съезд өтті. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы екеуміз алдыңғы қатарларда жақын отырдық. Әлемдегі тұңғыш ұшқыш-космонавт, Кеңес Одағының Батыры Юрий Гагарин бұл жиында залға БЛКЖО-ның қызыл туын алып кірді. Сөйтіп салтанатты сәт басталып кетті.
Аты аңызға айналған алғашқы ғарышкермен бірге суретке түсуге осындағы 6 мың делегаттың бәрі де ынталы. Бірақ Юрий Гагариннің әр республика өкілдерімен жүздесу кестесі қатаң бекітілген. Кезекті күтуге шыдам жетер емес. Үзіліс кезінде маған Нұрекең: «Юрий Гагаринге қазақстандықтармен суретке түсуге ұсыныс жасай аласың ба?» – деді. Жастық, албырттық қой, келісе кеттім. Ғарышкер Белоруссиядан келген өкілдермен суретке түсіп жатыр екен. Біраз уақыт өткен соң бұл рәсім аяқталды. Жиналғандардың бәрі тарап кетті. Осы сәтті пайдаланып, ұшқыштың қасына келдім.
– Юрий Алексеевич! Сіз Қазақстан жерінен ғарышқа көтерілдіңіз. Атамекеніміз бізге қалай ыстық болса, сізге де бөтен емес деп ойлаймыз. Қазақстандықтар сізбен бірге суретке түскісі келеді. Қарсы болмасаңыз қыз-жігіттер күтіп тұр, – дедім.
Ол келісе кетті. Сөйтіп, естелік суретке түстік. Маған сонда Нұрекең ризашылық білдіріп:
– Міне, ерледің, Үкітай, – деген еді.
Сол сөз әлі жадымда. Оны күні бүгінге дейін асқан бір жылы сезіммен еске аламын.
Хельсинки сапары
– 1963 жылы Хельсинкиде өткен жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік VІІІ фестивалінде Нұрсұлтан Әбішұлымен тағы да кездестім. Бұл жиында да ортамызда тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин болды, – деп еске алады Үкітай Серікбайұлы. – Ол уақыт – капитализм мен коммунизм арасындағы идеологиялық қырғи-қабақтың өршіп тұрған кезі. Сондықтан, шетелге шығар алдында кездейсоқ жағдай болмас үшін бізді БЛКЖО Орталық Комитетінде арнайы дайындықтан өткізді. Хельсинкиге келдік. Шетелдіктермен жиында бірге отырамыз. Бір күні капиталистік елдің өкілі Нұрекеңнен:
– Костюміңіз қанша тұрады? Жалақыларыңыз күнкөріске жете ме, – деп сұрады.
Сұрақ төтесінен қойылды ма, залда тыныштық орнай қалды. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы сасқан жоқ. Салқынқандылық танытты.
– Менің костюмімнің құны сіздің костюміңізден бес есе артық. Біздің елде бай мен жарлыға, нәсілге, ақ пен қараға бөлу жоқ. Ал жеке маған келетін болсақ, менің жалақым тұрмысыма, оқуыма, ата-анама қамқорлық жасауға толық жетеді, – деп жауап бергенде залдағылар ду қол шапалақтап жіберді.
– Мүмкін, қазірде әлемді аузына қаратып жүрген көшбасшымыздың даналығы сол кездерден бастап қалыптасқан болар, – дейді Үкітай Байжомартов.
Нұрсұлтан Назарбаевпен тағы бір кездесуін Үкітай Серікбайұлы былай деп еске алады:
– Арада жылдар өтті. Нұрекең 37 жасында Қарағанды обкомының екінші хатшысы дәрежесіне көтерілді. Бұл оның сол кездегі қоғам мен ортаға жас та болса, ұйымдастыру қабілетін мойындатуы болатын.
Бірде Нұрекең Халықтық бақылау комитетінің төрағасы Канцелряристов екеуі Мәскеуге ұшып бара жатыр екен. Мен ол кезде Ақтөбе облыстық халықтық бақылау комитетін басқаратынмын. Құрметті қонақтарды әуежайда қарсы алдық. Мен Нұрекеңе Хельсинкиде шетел журналисінің сұрағына өткір, ұтымды жауап бергенін еске түсіріп, лауазымды жұмысқа көтерілгендігін айтып: «Әлі алар асуыңыз алда», дедім.
Нұрсұлтан Әбішұлы Қарағанды обкомының екінші хатшылығынан 39 жасында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшылығына жоғарылады. Кеңес Одағы кезінде обкомның екінші хатшылығынан Орталық Комитетке хатшы болып сайлану – өте сирек оқиға. Тіпті, одақтас республикалар арасында Нұрекеңнің арқасында мұндай жағдай бірінші рет Қазақстанда болды десек қателеспейміз, – дейді Үкітай Байжомартов.
«Ол реформатор болады»
1980 жыл 10 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облысының ХХІІ парткомконференциясына келді. Ол кезде облысты В.Ливенцов басқарып тұрған болатын.
Конференцияда облыстық тұтынушылар одағының төрағасы А.Рамазанов, облыстық жауапты қызметтерде болған Я.Юрман, К.Бірманов, Н.Солдатенко, Т.Күнбаев және Комсомол аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы И.Медеубаев жарыссөзге қатысты. Мінбеге кезегім келгенде мен де көтерілдім. Басқосу барысында Нұрсұлтан Әбішұлы да сөз алды.
Нұрекеңді шығарып салғаннан кейін Василий Андреевич Ливенцов маған қарап:
– Байқадыңыз ба, жас та болса, дана кісі ғой. Оның дүниетанымы кең. Болашақта Нұрсұлтан Әбішұлы реформатор болады, – деген еді, – дейді Үкітай Байжомартов.
Балнияз ӘЖНИЯЗОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Ақтөбе.