Қазақстан • 26 Маусым, 2017

Алматыда «Ұлы дала рухы-2017» этнофестивалі өтті

226 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Боралдай» археологиялық паркінде «Ұлы дала рухы-2017» Халықаралық этнофестивалі өтті. Көшпенді халықтардың мәдениеті мен терең тарихынан сыр шертетін танымдық шараға әлемнің 10 елінен келген өкілдер қатысты.

Алматыда «Ұлы дала рухы-2017» этнофестивалі өтті

Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған этнофестиваль биыл жоғарғы дәрежеде өтті. Қаз-қатар тігілген он екі қанатты ақшаңқан алпыс үй шараның ажарын кіргізіп, көшпенділер шеруі мен ат құлағында ойнайтын шабандоздардың өнері жиылғандарды тәнті етті. Көкпар, аударыспақ, қыз қуу, асауға тұсау салу сынды ат ойындары ойнатылып, ұлттық құндылықтарымыздың  діңгегі саналатын қолөнер шеберлері мен ұсталардың туындылары, алтыбақан, күй тартыс, қыран құс, құмай тазы ұлы даланың рухын асқақтатты.

    «Басты мақсат – қазақстандықтар мен шет елдік қонақтарға көшпенділер мәдениетін, қазақтың ежелгі тарихы мен салт-дәстүрін көрсету» – дейді шараны ұйымдастырушылар.  Фестиваль аясында  тақырыпқа байланысты секторлар жұмыс істеді. Мәселен, «Алмалы» атты қолөнершілер ауылында  шеберлік сабақтары өткізіліп, көрермендер шеберлердің өнерін  тамашалап қана қоймай, маманның көмегімен саздан құмыра жасап көрді. Ал «Шабыт» музыканттар ауылында  ұйымдастырылған байқауда қонақтар түрлі аспаптарда ойнап, ұлттық тағамдардан дәм татты. Қыз жасауының құпиясымен танысып, кәсіби бүркітшілер мен палуандардың  өнерін тамашалады. Осылайша, фестивальге келгендер көшпенділер өмірін өз көздерімен көріп, тұрмыс-салтымен танысып қайтты. Көрермендер арасынан «Ең әдемі ұлттық киім» таңдалып, сыйлық табысталды.

    Бір ерекшелігі, қала іргесінде жалауын көтерген думанды мерекені кез-келген  тұрғынның тегін барып тамашалауына толықтай мүмкіндік жасалған. Қаладағы Орталық стадион мен «Астана» алаңынан әр жиырма минут сайын арнайы автобустар қатынап, Алматылықтар мен қала қонақтарын этнофестивальмен қауыштырды. Ұлттық құндылықтардың қайнарынан қанып ішіп, ежелгі Тұран өркениеті мен көне Түркілер тарихына саяхат жасауға келгендердің саны жиырма мың адамнан асып жығылды.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ