Газеттің мерейтойына арналған шара қаладағы «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінде өтті. Қала әкімдігі, ішкі саясат бөлімі газеттің мерейтойына жақсы дайындықпен келіпті. Әкімнің орынбасары Ерлан Мырзабеков: «Отарқа» – Тәуелсіздіктің жаршысы. Екібастұздықтардың рухын оятып, рухани тұрғыдан байытты. Аманкелді ағамыз салған сара жолын бүгінгі тілшілер, редакция ұжымы жалғастыруда» деген жақсы тілек айтты. Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің редакторы Нұрбол Жайықбаев әріптестеріне шығармашылық шабыт тіледі. «Отарқа» газетін Аманкелді ағамыздан кейін 2006 жылдан бастап 9 жыл басқарған журналист Жассерік Сәдуақасовты «Қала алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды.
– «Отарқа» мен Аманкелді аға мен үшін егіз ұғым. Ағаны қатты сағынып жүрміз, – деп ағынан жарылды Жассерік Сәдуақасов.
Сондай-ақ, газеттің қазіргі редакторы Жанаргүл Қадырова Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Қазақ тілінің жанашыры» төсбелгісіне ие болды.
– «Отарқа» өз оқырмандарымен бірге Екібастұзда Наурыз мейрамының қайта оралуына, қазақ балабақшалары мен мектептерінің көбеюіне, қала көшелерінің қазақылануына үлес қосты. Әлі де рухани жаңғыру саласында бірге қызмет жасаймыз, – деді Жанаргүл әріптесіміз.
Мерейтойға арналған салтанатты жиында басылымның ең бірінші басшысы болған Аманкелді Қаңтарбаев ағамыздың жары Мәктай апай айтқандай, марқұм әріптесіміздің қазақ тілінде газет ашу үшін бармаған жері, ашпаған есігі қалмаған еді. Сонда да қайсар мінезді журналист алған бетінен қайтпайды.
Ол уақытта аудандық «Алға-Вперед» газеті қазақ және орыс тілдерінде шығады. Мақалалар орыс тілінде жазылып, қазақ тіліне аударылады. Ақыры, қолына қалам алып, Өзбекәлі Жәнібеков ағамызға хат жазады. Аманкелді ағамыз негізін салған, Тәуелсіздік тұсауын кескен «Отарқа» 1992 жылдың 1 қаңтарында осылай өмірге келді.
Газеттің №1 санында Амангелді Қаңтарбаевтың «Ағайынға арнау сөз» деген мақаласы, жазушы Қалмұқан Исабаевтың «Өткір бол, «Отарқа!» деген тілегі жарияланды. Газетке «Отарқа» деген ерекше атауды көмірлі, дүбірлі, басқан жері кенге толы болған соң ба, екібастұздық ғалым Серік Жақсыбаев ағамыз ұсынса керек. Кен игеріп, лаулай жанған өндірісті даланың рухани өміріне де от берсін деген болар. Сол-ақ екен, қазақ газетінің жеке шаңырақ көтергенін қолдап, ауыл-аудандардан Қайнылқаят Еңсебаева, Рая Нұрова, Рухия Дәлелова, Еркеш Мұсабаева, Күланда Сүйрікбаева сынды тілшілер жан-жақтан үн қосты.
Қазіргі күні өңірдегі рухани өмірдің тыныс-тіршілігіне қаламымен қан жүгіртіп жүрген Жассерік Сәдуақас, Сая Молдайып, Рауза Мұсабаева, Анар Қабдолла, Әсем Жүніс, Дария Ерғазина, Гүлсана Медеубай, Жанар Қадырова, Айнұр Мейрамова сынды журналистер алдыңғы буынның мектебінен өтіп, қабырғаларын қатайтқан-ды. Басқа да әріптестеріміздің баршасы басылымның беделін биіктетіп, оқырманын арттыру үшін үлестерін қосып келеді.
Ширек ғасырлық белесті бағындырған басылымның мерейтойында «Атамұра» орталығының, музыка мектебінің өнерпаздары өнер көрсетті. Өңірдің аудан-қалаларынан жиналған журналистер арасында дойбы, шахмат және тоғызқұмалақтан жарыстар өткізілді. Тарихи-өлкетану музейінде «От қаланың жылнамасы – «Отарқа» атты көрме ашылды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы
Суреттерде: Марқұм Аманкелді Қаңтарбаев; бүгінгі редакция