2000 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде алғаш рет PR (паблик рилейшнз) мамандығы ашылғанда көпшілік оның қандай мамандық екенін жете түсінбейтін. Бүгінде коммерциялық ұйымдар ғана емес, мемлекеттік құрылымдар да қоғаммен байланыс бөлімінсіз жұмысын жолға қоя алмайтын дәрежеге жетті. Тіпті, бұл сала түрленіп келеді десе болғандай. Осы күні осыған сабақтас ИТ-евенгелист мамандарына үлкен сұраныс бар. Ол нарықта тауарды өткізуге арналған аудитория қалыптастырады. Кәсіби евенгелистерді жекелеген компаниялар өз технологиясы мен өнімін өткізу үшін жалдауы немесе сатып алған есімін пайдалануы мүмкін. Евенгелист деген діни лексиканың өзі белгілі мақсатқа негізделген ақпаратты тарату мен жақтастар жинау дегенге жақын. Жалпы, болашақтың мамандықтары қандай болмақ? Талапкерлер буынының баршасын осы сауал ойлантуы тиіс. Бүгінде виртуальды әлемнің сәулетшілері, нейроинтерфейстердің жобалаушылары, эмоция дизайнерлері еңбек нарығын түбегейлі өзгертетіні белгілі болды. Сарапшылар қазірдің өзінде көптеген мамандықтарды «зейнетке» шығарып жатыр. Олардың арасында есепші, call-center операторы, такси жүргізушісі, аудармашы сияқты мамандықтар бар. Бұл міндеттердің барлығын болашақта компьютер, автоматтандырылған жүйелер атқармақ.
Болашақтың еншісіндегі бір мамандық – ғарыш жолының инженері. Ол Жерге жақын көлік жүйесі мен көлік тасқыны дәлізіне қызмет көрсететін болады. Мәселен, орбитаға арналған рейстер мен құрлықаралық тасымалды баллистикалық ракеталардың траекториясы арқылы жүзеге асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ баланың болашақтағы мінез-құлқын, яғни, келешек кейпін жоспарлайтын сарапшылардың қызметі қызады деген болжам бар. Әлбетте, келешектегі ең қажетті мамандар IT саласы мен робот техникасының білгірлері болмақ. Себебі, технологиямен жұмыс барлық саланың қызметіне әсер етеді. Айталық, дәрігерлер болғанымен емдеу сипаты өзгереді, фермерлер жұмысын жалғастырғанымен, өсімдікті өсіру технологиясына өзгеріс-
тер енеді. Мәселен, сити-фермер қала ішінде, зәулім ғимараттар төбесінде отырып-ақ агрокешенді шаруашылықтарды дамытуы ықтимал. Тірі ағза сәулетшісі микроағзалар мен генетикалық түрленуге ұшыраған ағзалардың қатысуымен жабық циклді технологиялар құра бастайды. Бұл арқылы қалалық ферма құру, қоқысты қайта өңдеу, биореактор қуатын арттыру жобалары жүзеге асырылады. Сәулетшілерге байланысты құрылыс технологиялары да түбегейлі өзгереді. Яғни, болашақта адамдар осы қызметтің баршасын роботтарға жүктейді немесе басқа да баламаларына беруге мәжбүр болады. Тіпті, гуманитарлық мамандық иелері де жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұл саладағы ең ізгі саналатын педагогика мамандарының қызметі үлкен цифрлық базаға топтастырылып, компьютермен сарапталып отырады. Ал мұғалім баланың басынан сипап, ұйқысының қанған-қанбағанын сұрайтын адами қарым-қатынас факторын сақтау қызметін ғана атқаруы ықтимал. Десе де, гуманитарлық мамандар әрдайым адамгершілік күзетінде. Осы бағыт одан әрі тереңдей түсуі, жаңа тұрпатта жаңғыруы мүмкін. Мәселен, өнер мен ғылымның байланысы бір елі ажыраған емес. Тіпті, жаңа дүниелер суретшілерге жаңа техникаларды игеруге немесе жаңа жанр ойлап табуға жәрдемдеседі. Соның ішінде таяуда science art термині пайда болды. Мұны ғылыми өнер деп те айтады. Яғни, ғалым мен суретшінің әріптестігінің нәтижесінде пайда болатын игілік болғандықтан, мұнда қылқалам шеберінің құштарлығы ғана емес, ғылыми зертханалар мен зерттеу орталықтарының болуы да маңызды. Әлемдегі көптеген университеттер сайнс-артқа қолдау көрсетіп отырады. Бұл кеңінен қанат жайып келе жатқан әрі сұранысқа ие тың өнер.
Әрине, таңдау – әркімнің жеке құқы. Кез-келген мамандықпен қоғамға қызмет етуге болады.
Білім – шамшырақ. Алдағы жол андыздап көрінеді. Сүрінбейсіз, жортақтауыңыз, желе жортуыңыз, бауырыңызды кең жазған шабысыңыз жиған білімге байланысты. Білім – ырыстың тізгіні. Ырысты тал бесіктен жер бесікке дейін іздейтін уақыт туды. Өйткені, білгірге ділгірлік бар. Тестілеу қортындысы бойынша жоғары оқу орындарына құжат тапсыратын талапкердің өмірлік мақсат-мұратын айқындауы – ел болашағына қосар үлесін айқындауы. Сондықтан мамандық таңдауға бейжай қарауға болмайды.
Семейде 22 жастағы жігітті азаптап өлтірген күдікті 12 жылға сотталды
Қылмыс • Бүгін, 15:20
Қар, көктайғақ және тұман: Қазақстанда ауа райы күрт құбылуы мүмкін
Ауа райы • Бүгін, 14:52
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Бүгін, 14:10
Шымкентте екі қабатты мейрамхана өртке оранды
Шымкент • Бүгін, 13:33
Қазақстанда полиция күшейтілген режимге ауыстырылды
Заң • Бүгін, 12:51
Жетісу облысында екі адам қар құрсауынан құтқарылды
Аймақтар • Бүгін, 12:15