28 Маусым, 2017

Кәсіпке баулудың кейбір мәселелері

281 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде еңбекке қабілетті адамдар саны 9 миллион екен, оның ішінде жұмыспен қамтылғандар 8,5 миллион, 6,3 миллион – жалдамалы жұмыскерлер, 2,2 миллион – өз бетінше жұмыспен қамтылғандар. Ал жұмыссыздар 445 мың адам. Ал жұмыспен қамтылған­дар саны жұмысқа жарамды адам­дар санының 67 пайызын құрайды, ал бұл көрсеткіш біз ұмтылып жүрген өркениетті 30 елде орташа алғанда 82 пайызды құрайды. Яғни, Қазақстан үшін халықты шынайы жұмыспен қамту жайы өзекті болып отыр.

Кәсіпке баулудың кейбір мәселелері

Бұл мақсатқа жету үшін үш деңгейлі оқу жүйесі қарастырылған. Біріншісі, еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даяр­лау. Бағдарламаға қатысушыларға аталған мамандықтарға оқытудың екі деңгейлі моделінің модульдік бағдарламаларына сәйкес тегін беріледі. Өткен жылы бұл жөнінде Елбасы Қазақстан халқына Жол­дауында айтқан болатын. 
Бұл оқуға өмірлік қиын жағдайға тап болған және тұрмысы төмен отбасылардың 9-11-сыныптарды бітірген балалары, оқу орындарына түспеген, жұмыс іздеп жүрген адамдар, сондай-ақ өзге санаттағы азаматтар қабылданады. Ал өзге санаттағы адамдарға жататын кімдер деген сұрақ туады. Олар көп балалы отбасылардың балалары, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, мектеп-интернаттарда және дарынды балаларға арналған интернаттарда, интернаттық ұйымдарда білім алатын, денсаулық жағдайына қарай үйде немесе емханада, медициналық оңалту ұйымдарында оқитын, жетім, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, мүгедек және кәмелетке толма­ған­дарды бейімдеу орталықтарындағы балалар. Олардың оқуы тегін, бір реттік ыстық тамақпен, шәкірта­қы­мен, жол жүру ақысымен қамтама­сыз етіледі. Ал оқуды аяқтаған және біліктілік емтиханынан өткен оқушы­ға белгілеген тәртіппен техника­лық және кәсіптік білім туралы диплом, біліктілік туралы сертификат беріледі. Біріншісі түсінікті, ал екін­ші берілетін сертификаттың да өз мәні бар. Өйткені, онсыз микрокредит ала алмайсыз. 
Екінші оқу жүйесі, бұл жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер және дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту. Бағдарламаға қатысушы­лар­ды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту кадрларды даярлаудың дуальды моделінің элементтерімен білім беру ұйымдарында, оның ішінде мобильді оқу орталықтары арқылы жүргізіледі. Қысқа мерзімді кәсіптік оқу ерекшелігіне қарай бір айдан алты айға дейінгі мерзімді құрайды. Қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтетін бағдарламаға қатысушылар 29 жасқа дейінгі жастар мен халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелуіне қарамастан, жұмыссыздар және өзін өзі жұмыспен қамтығандар болып табылады.
Үшіншісі − «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту. Бұл жоба жұмыс­сыздар, кәсіпкерлік әлеуеті бар және ауылдар мен аудан орта­лықтарын­да тұратын өзін өзі жұмыспен қамтыған адамдарды кәсіпкерлік дағдыларға оқытуға, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооператив­терін қалыптастыру қағидаттарына, сондай-ақ олардың бизнес жоба­ларын сүйемелдеуге бағытталған. Бұл оқу да тегін, оған қосымша стипендия төленеді.
Оқу мерзімі 30 күн, бірақ оқуға қатысушының 12 айға дейін биз­нес-жобасының іске асырылуы сүйемелденеді. Ол жұмысты қар­жылай емес қолдау оператор­лары атқарады. Бизнес-жобаны іске асы­руды сүйемелдеу бизнес-жоба­ны іске асыру кезеңінде кон­суль­тациялық қолдау көрсетуге бағытталған. Осы жерде менің ойыма ислам банкингінің қағидаттары келіп отыр. Олар несие бергенде пайыз­дық үстеме алмайды, сіздің бизнесіңіздің жүруін қадағалап, пайдаңызбен бөліседі. Қазақстанда ислам банктері ірі бизнес арасында ғана жүр, шағын бизнес пен ауыл экономикасына әлі бет бұра қойған жоқ. Сондықтан бұл бағдарламадағы қағидаттар құптарлық.

Атамұрат ШӘМЕНОВ,
экономика ғылымдарының докторы