Қазақстан • 28 Маусым, 2017

Қасиетті жауқазын

5784 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Әлқисса. Жер бетінде гүлдердің таңға­жайып түрлері миллиондап саналса­да, көркем­дігі мен пәктігі жағынан жау­қа­зынға жетер гүл бар ма екен, сірә?! Тіпті, тарихтың тере­ңіне үңіліңіз, бол­ма­са бала­лық шаққа саяхат жасаңыз, есте­лігі ерен дәл осындай қасиетті өскінді кездестірер ме едіңіз. Жауқазынға қатысты аңыз да көп, әфсаналар да жетіп артылады. 

Қасиетті жауқазын

Осы гүл жердің бетінде қашан және қалай пайда болды өзі? Әлмисақтан жеткен аңыздарға сенсек, Шырынға ғашық болып, жалған сөзге сеніп, сүйгеніне қосыла алмай жартасқа соғылып өлген Фархадтың басынан аққан қанынан өсіп шыққан деседі. Әфсана әфсанамен, ал ғалымдар жабайы жауқазындар Солтүстік Ираннан бастап, Памир тауларынан асып, Тянь-Шаньға дейін салтанат құрғанын айтады. Осы 10-15 миллион жылда жауқазын жылжып отырып Испаниядан Мароккаға дейін жайқалған. Ал Иран аңыздарында жауқазын айдаһардан аққан қаннан өсіп шыққан деседі. Ағылшындардың көне ертегілерінде жауқазын қауызына періштелер түнейтіні әлі күнге дейін айтылады. Парсы әдебиетінде «дюльбаш» деген атауға ие гүл тюрбан дейтін Шығыс бас киімінің үлгісін еске салмай ма?! Кейбір наным-сенімдерде сары жауқазынның қауызында байлық пен бақыт жасырынып отырады-мыс.

Қызғалдақтың «төркіні» – Қазақстан


Қандай дерек көздерін ақтарсақ та, жауқазын бір замандарда қазақтың даласынан тарап, Батыс Еуропаға дейін барып, қазір Голландия сияқты елдерді ен байлыққа бөлеп отырғаны туралы ләм-мим демейді. Мақала түгілі, кітап жазуға болатын ағыл-тегіл ақпараттар легінде «тюльпанның төркіні» Қазақстан екені айтылмайды-ау, айтылмайды. 


Есесіне және ең қызығы, 2014 жылы Елбасы осы Нидерланд Корольдігіне ресми сапармен барғанда, жауқазынның түп отаны Қазақстан екенін голландықтардың өздері мойындап, тіпті гүлдің жаңа бір сұрпын «Президент Назарбаев» деп ата­ғанын білеміз. 
Айтқандай, бұрынырақта Вашингтон­нан іссапармен келе жатып, үстінен күндіз ұшақпен келіп қонып, абстракциялық кілем сияқты әсер қалдыратын осы елдің әуе­жайында жарты күн қамалып отырып, Гол­ландияға сөзсіз қайтадан оралуды көксе­геніміз де есімізде. Сол транзиттік жолау­шыны қызығы мен құпиясын ішіне бүк­кен бөлек елді армансыз араласа деген тілегіміз тәңірдің құлағына жетіп, Амстердамға да бір жол түскен-ді. 
Ішін армансыз аралаған адам түгілі, төбеден ұшқан туристі өзіне магнитше тартқан елдің не құдіреті бар екенін осы елге жолы арнайы түскен жан біртіндеп түйсінеді. Бұл Голландияны сұлулығымен көмкерген жауқазынның қасиеті екені сөзсіз. Ғылымсыз-ақ, бұл мемлекетке құт болып келген қасиетті гүлдің түбі Қазақ­стан екенін ішкі түйсікпен, ешқандай ғылыми дәйексіз-ақ ұғынуға болар еді. 
Әуежайдан трапқа табаның тигеннен-ақ, сізді құшақ-құшақ жауқазындар сатылып жатқан бутиктер, жауқазын кәде­сый­лары, жауқазын бейнеленген көй­­лек­көн­шектер қарсы алады. Кез келген тірлік­тің тілін тапқан осынау ел жау­қазын­ды ғаламдық бизнеске қай заман­да айналдырып үлгер­геніне өзіңіз де таңғаласыз. 


Туристер күн сайын миллиондап ағылған тарихи көшелерде жауқазын тұқым­дарының түр-түрі миллиондап саты­лып жатады. Әдемі қағаз қапшықтарға салын­ған тұқымдардың өзі туристерге таптыр­майтын тәбәрік. Танысыңыз бен туысы­ңызға тұқымдарын сый ретінде сатып алсаңыз, күндердің күнінде бақ­шасында жайқалып, сізді сәт сайын еске алып тұрары сөзсіз. 


Жауқазын базарларын айтпағанның өзінде, кез келген сыйлық дүкендерінде туристерге мыңдап сатылып жатқан мата­дан тігілген, ағаштан жасалған жауқазын­дар көздің жауын алады. Сұлулы­ғын ішіне бүккен бұл гүлдің суреттері де таптыр­май­тын сыйлық. Қайда қарасаң да жауқазын, сөмкелерге салынған суреттер, шыныдан мөлдіретіп құйған жауқазындар, тізе берсең таусылмайды. Бүкіл елдің брендіне айналған қасиетіңнен айналайын қызғалдақ, осыншама құт болармысың! Мемлекеттің қазынасына күн сайын, сәт сайын мил­лиондап құйылып жатқан байлықтың бір бөлігі осы экспортталған гүлдерден келіп жатқанына шүбәңіз болмасын. 
Ал біз күндердің күнінде осы тақы­рыпқа қалам тартатынымызды түйсінген болармыз, жауқазын десе үнемі елең етуші едік. Тіпті, бала күніміздің ең жарқын суреттері де жау­қазынмен байланысты болып келеді екен. 
Біздің оңтүстік өңірлерде бала күні­міз­де «маевка» деген үрдіс болушы еді. 1 ма­мыр күні жұрттың бәрі тауға шыға­ды. Таудан түс ауа ұбап-шұбап келе жат­қандардың қолында құшақ-құшақ гүл болушы еді. «Жауқазын» деп кейін әспеттеп айтып жүрміз ғой. Шын мәнінде оны бала күнімізде «қыз­ғалдақ теруге бару» деп білетін едік. Ал кәдім­гі қызғалдақты бәрі де «итқызғалдақ» дейтін. Ауылдың іргесінде, кез келген аулада тез гүлдеп, тез қурайтын, қолжетім жердегі итқызғалдақтың қадірі, әрине жау­қазындай емес. Ол жауқазындай таудың бөктерінде өспейді. 

Жауқазын жылнамасы


Бұрынырықта жауқазынға қатысты өте қызықты дерек оқығанымыз да есте. Қысқасы, жауқазын жайлы VI-VII ғасыр­лардағы парсы әдеби шығарма­ларында да жолдар көп. Оның бер жағында бірінші рет Батыс Еуропада, Португалияда 1530 жыл­дары алғашқы жауқазындар отыр­ғызыла бастаған көрінеді. Ширек ғасыр өткенде бірінші жауқазындар Солтүстік Еуропаға да жетеді. Әйгілі ботаник Геснердің айтуынша, Аусбургке қызыл жауқазын Ыстанбұлдан, яки Каппадокиядан барған. Ал кейбір әдебиеттер Антверпенге жау­қазынды фламандық дипломат Олье де Буюбек жібергенін дәйектейді. Елші Олье де Буюбек 1554-1562 жылдары Түркияда тұрған. Сол сияқты Византияға да жауқазын тұқымдары мен ұрықтары Австрия императорының Түркиядағы елшісі Олье де Буюбек арқылы жеткен. Ол жауқазын тұқымдарының үлкен партиясын 1554 жылы Венаға аттандырады. Егер Ертұғрылдың ұрпақтары түріктердің түп Отаны – атажұрты Қазақстан екенін ескерсек, онда жауқазындардың Батыс Еуропаға, тіпті бүкіл әлемге қалай тара­ғанын аңға­ру қиын емес. 
Сонымен, баяғыда оқыған сол бір мақа­лаға қайта оралып көрелік. Айттық қой, жауқазынның біз білмейтін құпия­лары да, қасиеті де мол. Қысқасы, осыдан кейін Еуропаға жауқазынның тәж киген таң­даулы сұрыптары да біртіндеп бара бастаған. Қалай барғанын, кім­дер апарғанын тәптіштеп баяндап оты­руға басылымның шектеулі жол­дары көтере қоймас. Алайда, Осман импе­рия­сы­нан жеткен ғажайып жауқазын түр­лері Еуропаға тез тарайды. Түрік сұл­тандарының сүйікті гүлінің тұқымдары уақыт өте келе валюта орнына жүргенін, Еур­опа­дағы Қор биржаларында алтыннан да жоғары бағаланып, акция ретінде сатыл­ғанын, ғасыр спекулияциясына айнал­ғанын тарих ұмыта қоймас.

 
Кейбір дереккөздерге сенсек, жау­қазын­ның «Tulipa gesneriana» дейтін түрі Голландияда 1570 жылы пайда болыпты. Византиядан кейін әйгілі селекционер К.Клузиус басқа да белгілі ботаниктермен бірге Голландияға шақыртылады да, ол өзімен жауқазын тұқымдарының бірнеше түрін ала барады. Бүкіл голландықтардың «тюльпанаманиямен» дерттенетін кезі де осы тұс. Жауқазынның кейбір сирек сұрыптары 2 мыңнан 4 мың флоринге дейін саудаланып, биржаларда оның бағасы шарықтай бастайды. Қысқасы, XVI ғасырдың басында голландықтардың есіл-дерті жауқазын тұқымдарын қолға түсіру болады. Оның бағасы биржаларда белгіленеді. 3 жыл ішінде 10 миллион флорға дейін жауқазын түйіндері сауда­ланса керек. Тіпті, көптеген өндіріс­шілер байырғы бизнестерінен бас тар­тып, жауқазын өсіре бастайды. Мәсе­лен, Амстердамдағы әйгілі бір сыра­хана түгелдей жауқазын тұқымына айырбас­талады. Нәтижесінде, талай адам өзінің барынан айырылады, енді біреулер ен байлыққа белшесінен батады. Жұртты «жынды қылған» жауқазын ауруынан құтқару үшін мемлекет шара қолдануға дейін мәжбүр болғаны тарихтың еншісінде. Бұл әулекілік тек ағылшын бақтары кеңі­нен тарап, жауқазын сұрыптары көбейе түскен тұста тыйылған.


Көршіміз – мына Ресейге жабайы жауқазындар бұрыннан белгілі болса да, бақшалық жауқазын түйіндері тек І Петр патшаның тұсында 1702 жылы Голлан­диядан барғанын айтсақ та, көп жайт белгілі болар еді. Князь Вяземский, графиня Зубова, П.Демидов, граф Разу­мовскийлар әуес­тенген, XIX ғасырға дейін бай-бағлан­ның бағында жайқалған жауқазын тұқымдары әрине, ол заманда арзан тұрмаған. 
Жабайы табиғатта өсіп тұрған жау­қазын түрлерін ғылыми тұрғыда зерт­теу тек XV ғасырда қолға алына бастаған. Сол кезде Грекия, Италияда, одан кейін Францияның оңтүстік өңірлерінде Дидье деп аталатын түрі мен жасыл бо­лып гүлдейтін (Tulipa viridiflora) сұрпы табылған. 
Парсы ақыны Хафиздің жауқазын туралы «Оның пәк кереметімен тіпті рау­шан гүлі де таласа алмайды» дейтін жолдардан асырып айту мүмкін емес. Көне бір жазбаларда «Бұл гүлдің исі жоқ, кәдімгі тауыс құсындай көркем – ән. Есесіне жауқазын әдемі қауызымен, тауыс құсы ғажайып қанатымен танылды» дейтін жолдар бар. Қысқасы, қанша жырласаң да, сұқтансаң да жауқазын туралы айтып тауысу мүмкін емес. 
Айтқандай, біраз жыл бұрын белгілі қыпшақтанушы ғалым Александр Гар­ка­вецпен сұхбаттаса отырып, түркі тілдерінің негізгі бөлігінің түптамыры – қыпшақ тілінде осыдан 700 жыл бұрын Алтай мен Дунай арасын мекендеген халықтардың бәрі сөйлегенін, олардың селекциямен қалай айналысқанын баян­дағаны бар. 2003 жылы ғалымның «Қыпшақ жазба мұралары» деген құнды зерттеуі жарық көрген болатын.
Тағдырдың талай теперішін бастан өткеріп, тарихтың қатпарларында көмескі­леніп қалып кеткен түркі халықтары­ның түрлі болжамды жазба тарихы ғылымға адал берілген осы бір оқымыстының арқасында дәлелді деректермен дәйектелген-ді. Сонымен, бір ғасырларда Алтай мен Дунайға дейінгі аралықта салтанат құрған біздің ата-бабаларымыздың тілі және оның жазба тарихы туралы Александр Гарка­вецпен бүкпесіз сырласа отырып, жоғары­дағы жемістерді сүйегінен қалай айыру­дың жолдарын түсіндірген-ді. Ғалым қыпшақ­тардың ғылыммен де терең айналыс­қанын, мәселен өте ізденімпаз А.Торосович дейтін саудагердің жасыл райхан гүлін, сүйегі жоқ шабдалы мен өрік өсірудің әдісін бүге-шігесіне дейін баяндады. Бір қызығы, селекционерлер тәжірибесін сәтті тәмамдай келе: «Құдаймен тексерілген» деп жазады екен. Міне, бұл да біздің бабаларымыз. Қан деген, жәй ағып жатқан су емес. Ықы­лым бір замандарда бұл өнер біздің де қанымызда болды. 


Төре сөздің түйіні. Ендеше, тоқ­сан ауыз сөздің тобықтай түйіні – жау­қазынның түп Отаны – Қазақстан деп құр мақтанға салынғанша, оны төріне шығарып тәжін кидіріп, қазақтың өзіне құт қылып қайтарар күн туса екен деген тілекпен, түрткі ойларды төгіп отырған жайымыз бар. 
Қазірдің өзінде Қазақстанда қызғал­дақ­тың 32 түрі өседі екен. Оның ішінде 12 түрі тек біздің еліміздің топырағына тән дейді. Әлемнің небір бағбандары барын салып, өмірге әкелген жауқазынның сирек түрлері енді бізге жерсінбейді деп әсте ойлауға болмас. Ботаниктеріміз бен істің жайын білетін бизнесмендер күштерін біріктірсе, көз­дің жауын алған жауқазын өзіміздің кең-байтақ далаға ен байлық әкелері сөзсіз. 

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Тоғыз жыл күткен жеңіс

Спорт • Бүгін, 11:30

Көңілден шыққан көрікті жер

Табиғат • Бүгін, 11:20

Дәрігерлер шыңы

Алматы • Бүгін, 11:10

Тау туризмі дамып келеді

Туризм • Бүгін, 11:05

Дулати дүниетанымы

Руханият • Бүгін, 10:55