Премьер-Министр облыс активімен кездесіп, Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының жеке бағыттарын іске асыру барысын талқылады.
Экономиканың сапалы өсіміне қол жеткізу үшін орталық және өңірлік деңгейде Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы, АӨК дамыту бағдарламасы сынды басты стратегиялық бағдарламаларды үйлестіре отырып жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажет. Осыған байланысты Үкімет өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдаудың қажетті шараларын қабылдайды.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жұмыс істеп тұрған өндірістерді технологиялық жаңартуға және базалық салалардан жұмыстан босатылған жұмыскерлерді сервистік экономикаға көшіруді басқару бойынша жүйелі жұмысқа, жаңа индустрияларға және қарапайым заттар экономикасына баса назар аударды. Сонымен қатар, өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын іске асыру аясында жұмыссыздарды кәсіптік оқыту және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықпен жұмыс мәселелері талқыланды.
Өзгеріп жатқан әлемдік жағдаятты ескере отырып, өңірдің экономикасын әртараптандыру қажет. Атап айтқанда, инвестицияларды тарту және саланы цифрландыру арқылы өңдеу өнеркәсібін дамыту қажет.
Кездесу барысында Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев Президенттің Жолдауын іске асырудың аралық қорытындылары туралы баяндады және өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны туралы хабарлады.
Қоғам өкілдері, оның ішінде «Сыр Маржаны» ЖШС басшысы М.Өтеев, «Аралтұз» АҚ басшысы Д.Мұқашев, облыстық білім және ғылым жұмыскерлері кәсіподағының төрағасы Р.Байназарова, облыстық мәслихат депутаты А.Махамбетов, «Оrda Glass ltd» ЖШС басшысы Е.Сағымбаев пен «Нұрай» ЖШС басшысы C.Алшынбаев, жазушы С.Жұбатыров, «Байқоңыр» агрохолдингінің директоры М.Еспанов өңірді әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамыту, АӨК саласындағы және облыс экономикасының басқа салаларындағы жобаларды іске асыру мәселелерін көтерді.
Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, Энергетика вице-министрі Ж.Мағауов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Б.Нұрымбетов, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Л.Ибрагимова көтерілген мәселелер бойынша түсініктеме беріп өтті.
Сонымен қатар, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев «Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің мүшелерімен Мемлекет басшысының Жолдауындағы жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша алға қойылған міндеттерді іске асыру аясында шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мәселелерін талқылады.
Кәсіпкерлікті дамыту Үкімет қызметінің қаржылай және заңнамалық қолдау шараларынан тұратын басым бағыты болып табылады. Өнімді жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша шекті мөлшерлемесінің ең көбі 6% болатын 17 млн теңгеге дейін шағын несиелер берілуде.
Сонымен қатар, бизнес ортаны қайта реттеу бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр, рұқсаттар саны 3 есеге қысқартылды, мемлекеттік бақылау және қадағалау қызметтеріне тексеріс жүргізілді, салықтық тексерістер саны 40%-ға қысқартылатын болады.
Үкімет бизнестің мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін жетілдіру мен денсаулық сақтау және білім беру нысандарының құрылысы саласында заңнамалық реттеуді жеңілдету бойынша ұсыныстарын ескерді. Сонымен қатар, ескірген нормалар мен ережелер күшін жояды, рұқсат талаптарының саны қысқартылады.
Сатып алулар саласын жетілдіріп, бизнестің квазимемлекеттік секторды сатып алуға қолжетімділігін жеңілдету үшін электронды алаң, категориялық жүйе және біліктілік алдындағы іріктеу, индустриялық сертификат жобасы іске асырылады.
Ауыл шаруашылығында кәсіпкерлікке қолдау көрсету мақсатымен АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатыр. Оның аясында қаржы құралдары, жер ресурстарын тиімді пайдалануға жағдай жасау, ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етуді арттыру, сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мен АӨК ғылыми-технологиялық қамтамасыз ету көзделген.
Бақытжан Сағынтаев бизнес өкілдерін, соның ішінде аграрлық саладағы мамандарды ұсынылып отырған мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдаланып, ішкі қажеттілікті молықтырып, экспорттық нарыққа шығару үшін жоғары сапалы бәсекеге қабілетті өнімдерді өндіруге шақырды.
Б.Сағынтаев жергілікті қамту үлесін арттыру мен жекешелендіру рәсімдерін жеңілдету арқылы мемлекеттің экономикаға араласуын азайту мәселелеріне тоқталып өтті. Жекешелендіруге қатысу бизнеске жаңа жолдар ашуға мүмкіндік береді.
Үкімет басшысы өңірлік бизнестегі түйткілді мәселелерді талқылау үшін кәсіпкерлерді диалогқа және бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Шағын және орта бизнесті дамыту туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов айтып өтті. Облыс бизнес қауымдастығының өкілдері, солардың ішінде «Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің төрағасы А.Махамбетов, А.Әбдіразақова, С.Имандосов, Н.Ерманов кепілдендірілген шағын несиелер, «ҚазАгро» желісі бойынша несиелендіру, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша қызмет көрсету саласында салық төлеуден босату мәселелерін қозғады. Бұдан өзге, кәсіпкерлер орта арнайы оқу орындарын сенімді басқаруға өткізу мүмкіндігіне қызығушылық танытты.
Көтерілген мәселелерге Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев, Қаржы министрі Б.Сұлтанов, Ауыл шаруашылығы министірлігінің бірінші вице-министрі Қ.Айтуғанов, Ұлттық экономика вице-министрі С.Жұманғарин түсінік беріп өтті.
Сонымен қатар, Премьер-Министр «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысы мен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында инфрақұрылымды дамыту барысымен танысты.
Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаев Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа өңір халқын қолжетімді баспанамен және әлеуметтік маңызға ие нысандармен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы және жаңа тұрғын үй алабының жобасы туралы баяндады. Биыл облыс орталығының сол жақ жағалауында салынып жатқан үйлерге қажетті инфрақұрылым жүргізу жұмыстары басталады.
Облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында мына бағыттар бойынша тұрғын үй құрылысы көзделген:
- ипотекалық несиелендіруге қолдау көрсету;
- жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй құрылысына ынталандыру;
- тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жүзеге асырылатын несиелік тұрғын үй құрылысы;
- жалдамалы тұрғын үйдің өңірлік қорын құру;
- жеке тұрғын үй құрылысын дамыту.
Сығанақ қалашығын аралау кезінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев өңірдің зиялылар қауымымен кездесті. Онда Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жобаларын іске асыру мәселелері талқыланды.
Саяси және экономикалық реформалардың негізі – қоғамдық сананың озық жаңғыруы болып табылады. Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласының негізгі міндеттері: қоғамдық сананың ашықтығы, ең үздік дәстүрлерді және жаңа құндылықтарды дамыту, дәстүрлер мен мәдениеттің нарықтық қағидалар мен алдыңғы қатарлы технологиялармен үйлесуі.
Осыған орай, туған өлкені танып-білу мен ұлттық бірегейлікті сақтау арқылы адам бойында патриоттық сезімді тәрбиелеуге бағытталған «Туған жер» және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобаларын іске асыру көзделген. Үкімет еліміздің әрбір өңірінің, сонымен қатар Қызылорда облысының киелі жерлерінің тізімін жасау бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Олар еліміздің «киелі жерлер белдеуіне» еніп, туризм индустриясын дамыту көзіне айналады.
Талқыланған тақырып бойынша өз пікірлерімен журналист, облыстық мәслихат депутаты Ш. Әбдікәрімов, жазушы А. Алматов, «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Ә.Тәжекеев, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері А. Сайлау бөлісті.
Үкімет басшысы осы өңірге сапары барысында Қызылорда су торабының, Жаңақорған ауданындағы «Шалқия» кен орнының жұмысымен танысты және облыстық көпбейінді балалар ауруханасында болды.
Ержан Байтілес,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы