Ал Астана уақытымен сағат 13:00-дегі жағдай бойынша 16 өңірде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды сайлауда дауыс берудің алдын ала қорытындылары шығарылды.
Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовтің сөзіне сүйенсек, алдын ала қорытынды бойынша Ақмола облысынан Дәурен Әділбеков, Ақтөбе облысынан Мұхтар Жұмағазиев, Алматы облысынан Нұрлан Қылышбаев, Атырау облысынан Ғұмар Дүйсембаев, Шығыс Қазақстан облысынан Дүйсенғазы Мусин, Жамбыл облысынан Абдалы Нұралиев, Батыс Қазақстан облысынан Нариман Төреғалиев, Қарағанды облысынан Рысқали Әбдікеров, Қызылорда облысынан Мұрат Бақтиярұлы, Қостанай облысынан Жеңіс Нұрғалиев, Маңғыстау облысынан Бақтыбай Шелпеков, Павлодар облысынан Нұржан Нұрсипатов, Солтүстік Қазақстан облысынан Ерік Сұлтанов, Оңтүстік Қазақстан облысынан Әлімжан Құртаев, Астана қаласынан Еділ Мамытбеков және Алматы қаласынан Динар Нүкетаева басым дауысқа ие болған.
«Сайлау науқанына қатысқан халықаралық байқаушылардың саны − 172. Шетелдік БАҚ өкілдерінің саны − 116. Барлығы − 288 байқаушы. Сайлау науқаны еліміздің Сайлау туралы заңнамасы талаптарына сәйкес өтті. Арыз-шағымдар осы уақытқа дейін Орталық сайлау комиссиясына келіп түскен жоқ», деді Б.Мелдешов.
Айта кетейік, ең көп дауыс жинаған кандидаттардың арасында іс басындағы 4 сенатор бар.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 78-бабы 2-тармағына сәйкес, облыстық, Астана және Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссияларының дауыстарды санау хаттамасы сайлау күнiнен бастап екi күннен аспайтын мерзiм iшiнде Орталық сайлау комиссиясына жiберіледi.
Олардың негізінде Орталық сайлау комиссиясы республика бойынша тұтас алғанда сайлау қорытындыларын сайлау өткiзiлген күннен бастап жетi күн мерзiмнен кешiктiрмей, яғни 5 шілдеге дейін шығарады.
Бауыржан Мұқанов,
«Егемен Қазақстан»