Қазақстан • 29 Маусым, 2017

«Үркер»: шоқжұлдыздар жарқылы

590 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биылғы Ақпарат және байланыс саласының қызметкерлері мерекесінде «Егемен Қазақстан» басылымы ерекше жүлделі болды. Газетіміздің қызметкерлері – қалың жұртқа танымал қаламгер Жанболат Аупбаев, әлеумет және білім бөлімінің меңгерушісі Думан Анаш және фототілшіміз Ерлан Омаров баспа, радио және интернет-журналистика саласында алғаш рет жарияланған ұлттық «Үркер» сыйлығының жеңімпаздары атанды.

«Үркер»: шоқжұлдыздар жарқылы

«Ритц-Карлтон» отелінде өткен «Үркер» ұлттық сыйлығын салтанатты тапсыру рәсімінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев барлық БАҚ өкілдерін төл мерекесімен құттықтай келе, мұндай ірі сыйлықтың тағайындалуы журналистер мәртебесін нығайтуға деген алғашқы қадамдардың бірі екенін атап өтті. «Өздеріңіз біле­сіздер, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңға өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізілмек. Осыған орай журна­лис­тер­дің мәртебесін көтеруге қатысты көпте­ген сауалдар келіп түсіп жатыр. Бүгінгі «Үркер» ұлттық сыйлығы осы бағыт­та жасалып жатқан үлкен қадам деп біл­гей­сіздер. «Үркердің» беделі биік­теп, таны­малдылығы арта берсін», деді министр.

Бұдан кейін ол «Қазпошта», «Қазақ­стан темір жолы», «Астанателеком» мен «Қазақтелеком» компанияларының бірқатар қызметкерін марапаттады. Ал «Хабар» арнасы, «Вечерняя Алматы» газеті, «Әдебиет порталы», «Жетісу» арнасы мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлеріне «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бастамасымен ұйым­дас­тырылған «Үркер» ұлттық сыйлығы 15 аталым бойынша үміткерлерді іріктеді. Жүлде қоры да қомақты – 15 миллион теңгені құрайды.

 «Үркерге» қатысуға өтінім берген 800-ден астам үміткердің ішінен 75-і номинант ретінде таңдалып алынған. Оларға көрсетілген құрмет те ерекше болды. Финалға жолдама алғандар қызыл кілемнің үстінен жүріп өтіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Әр аталымға бес үміткерден келіп, олардың ішінде үздіктердің үздігі атаулы сыйлықтарға ие болды. 

Сонымен, «Үркер» ұлттық сыйлығының «Үздік фототілші» аталымында «Егемен Қазақстанның» фототілшісі Ерлан Омаров жеңімпаз атанды. Газет үшін фототілшінің орны бөлек. Басылым беттерінің сәнін келтіріп, мән-маңызын ашатын да – фототілшінің суреттері. Осы тұрғыдан келгенде біздің Ерлан – газетіміздің нағыз «сұр мергені». Оның қырағы көзі кез келген ұтымды сәттерді қалт жібермейді. Суреттерінің шынайы әрі ұтымды шығатыны да сондықтан.

Ал «Үркердің» «Үздік журналистік зерттеу» аталымында жеңімпаз болған «Егемен Қазақстан» газетінің ардагер журналисі, белгілі қаламгер Жанболат Аупбаевтың есімі көпшілікке жақсы таныс. Сыйлықты иесіне тапсырар сәтте Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов: «Мен тапсырғалы отырған сыйлық иесінің атын оқығанда жүрегім ерекше толқыды. Өйткені, ол – қазақ журналистикасының жарық жұлдызы. Журналистиканы кәсіп еткен жастарға да, жасамыстарға да үйренетін үздік үлгіні 40 жылдан астам уақыттан бері көрсетіп келе жатқан асыл азаматымыз – Жанболат Аупбаев», деп ерекше құрметін білдірді. Иә, Жанболат Аупбаев талай таңғажайып тағдырлы азаматтарды, сирек кездесетін таланттарды оқырманға жеткізіп келе жатқан ерекше қаламгер. Оның әрбір жазбасынан автордың азаматтық журналистиканы ұстанатынын анық аңғаруға болады. Өзі де: «Егер адам мейірімділікті мұрат тұтса, ізгілікті жанына серік етсе, жақсылыққа жаны құмар болса, құрмет те, атақ-даңқ, абырой да – соның жағында. Қалам ұстаған қауым осындай үлкен мүмкіндікке ие. Қазіргі қоғамда қатыгездік, қарадүрсінділік, қарабайырлық, ептеген мәдениетсіздік ұғымдар белең алып барады. Ал журналистер имандылық пен игілік жолында қызмет етсе, қоғам да мейірленіп, ізгілене түсер еді», дейді. Осындай қарымды қаламгердің үздіктердің үздігі атануы заңды да. 

Тағы бір қызметкеріміз Думан Анаш «Қазақстан туралы үздік танымдық материал» аталымында жеңіс тұғырынан көрінді. Ол да оралымды ойларымен, қоғамның түйткілдерін дөп басатын зеректігімен республикаға танылып қалған жас дарын. 

Бұлардан өзге, тағы бірқатар аталымдар бойынша жеңімпаздардың есімі белгілі болды. Атап айтқанда, «Үздік сараптамалық материал» аталымында  «Казахстанская правда» республикалық газетінің журналисі Валентина  Фиронова, «Үздік радиобағдарлама» аталымында Шалқар радиосының «Ән домбыра» бағдарламасы, «Үздік репортаж» аталымында National Digital History порталының тілшісі – Олжас Беркінбаев жеңіске жетсе, «Үздік аймақтық радиостанция» – «Астана» радиосы, «Үздік салалық басылым» – «Дружные ребята» газеті, «Үздік жыл журналы»  «National Geografic Қазақстан» журналы танылды. Ал «Журналистикадағы дебют» аталымында «7kun.kz» сайтының журналисі Мөлдір Иманмәди, «Үздік сұхбат» аталымында «Капитал» республикалық газетінің тілшісі Виктория Говоркова, «Үздік аймақтық басылым» ретінде Оңтүстік Қазақстан облысының жергілікті «Рейтинг» газеті, «Үздік халықаралық сараптамалық материал» аталымында «vlast.kz» сайтының журналисі Зарина Ахматова үздік шығып, жеңімпаз атанды. «Қазнеттегі медиа серпіліс» аталымында  «Massaget.kz» жастар сайты үздік шықса, «Үздік республикалық басылым» аталымында «Айқын» республикалық газеті жеңіске жетті.

Жеңімпаздардың әрқайсысы 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.

«Үркер» сыйлығын ұйымдастырудағы басты мақсат – талантты журналистердің еңбегін өзгелерге үлгі ете отырып, олардың өз кәсібіне деген құлшынысын ояту және дарынды мамандарға қол­дау көрсету. Ал конкурсқа келіп түс­кен жұ­мыс­тарды елімізге танымал тұлға­лардан құ­ралған қазылар алқасы сарапқа салды. 

Қымбат Тоқтамұрат,
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген
Орынбай Балмұрат,
«Егемен Қазақстан»