Қазақстан • 29 Маусым, 2017

Ұлттық кезеңге 16 үміткер қатысады

391 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Мем­­­лекеттік хатшысы Гүл­ша­ра Әбді­қа­лықованың төрағалығымен «Мерейлі от­басы» ұлт­тық конкур­сының лауреа­ты атағын беру жөніндегі комиссия отырысы өтті, деп хабарлады Пре­зи­денттің баспасөз қызметі.

Ұлттық кезеңге 16 үміткер қатысады

Жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы Қазақстан Президенті бастамасымен жыл сайын өткізі­летіндігін айтты.
Г.Әбдіқалықова атап өткен­дей, биылғы конкурстың маңызы  ерек­ше, өйткені, Мемлекет бас­шы­­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ла­­малық мақаласының негізгі ере­­желерінің бірі – рухани құн­ды­­лықтарды сақтау және жаң­ғырту. Адам бойында рухани құн­­ды­­лық­тар қалыптастыруда отба­сы инс­титутының атқаратын рөлі зор.

Конкурс қоғамдағы ізгілік пен адамгер­шілікті, неке жә­не отбасы институттарын нығай­ту­ға бағытталған. Ол биыл төр­тінші рет өткізіліп отыр. Осы жы­лы байқауға 2879 отбасы қатыс­ты, яғни 2016 жылмен салыс­тырғанда, олар­дың саны 11,6%-ға өсті (2016 жы­лы 2579 отба­сы қатысқан). Бұл рет­те қатысу­шы­лардың 36,2%-ы (1041 отбасы) – көпбалалы отбасылар (2016 жылы 1065 болған).

Сонымен қатар, өткен жылмен салыстырғанда, белгілі бір ма­мандықпен айналысатын әулет­тер өкілдерінен құралған отбасы­лар саны 6,8%-ға көбейді (2016 жы­лы – 483, 2017 жылы – 516) жә­не жас отбасылар саны да 6%-ға ұл­ғайды (2016 жылы – 472, 2017 жылы – 500).
Мамыр айында барлық облыс­тар мен республикалық маңызы бар қалаларда ай­мақтық кезеңнің ақырғы мәредегі жеңім­паз­дарын марапаттау салтанатты іс-шара­лары өткізіліп, төртінші – ұлттық ке­зеңге қатысатын 2 отбасы анық­талған болатын.
Отырыста ұлттық кезеңге қа­ты­сатын 16 үміт­кер бекітілді.

«Мерейлі отбасы» кон­кур­сы­ның финалдық кезеңінде же­ңім­пазды анықтауға елдің бар­лық азаматтары kaztube.kz сайты және СМС-хабарламалар арқылы интерактивті дауыс беру әдісімен тікелей атсалыса алады.

Дауыс беру қорытындысы қыр­­күйектің екінші жексенбісінде – Отбасы күні қарсаң­ын­да шыға­рылады.