Елбасы көтерген негізгі мәселелердің бірі – «таяу жылдардағы міндеттер». Бұл – тек Мемлекет басшысының немесе Үкіметтің ғана емес, күллі Қазақстан халқының бірігіп атқарар жұмысы. Бұл – заман талабынан туындаған жол. Қазіргі жаңа технологиялардың күннен-күнге жаңарып, бірінен бірі озып тұрған шақта, «кішкентай» ұлттардың ерекшелігі мен болмысы ассимиляцияға ұшырап, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан ұлттың тарихи тамырын берік қылуымыз үшін, жаһандық үрдіске қарсы төтеп беруіміз үшін біз әр қазақтың, әрбір қазақстандықтың ұлттық санасын жаңғыртуымыз керек! Ұлттық сана ұлттық бірегейлікпен қалыптасады. Ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың бірінші міндеті – кириллицадан латын қарпіне көшуіміз. Латын қарпі – мұқым түркі халықтарының басын қосып, туыстығымыз бен бауырластығымызды одан әрі жақындастыра түседі.
Екінші мәселе – қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың мәртебесін арттыру. Кез келген ұлттың негізгі тірегі, құндылығы – ана тілі, төл тарихы, мәдениеті, әдет-ғұрпы, ауыз әдебиеті мен әдеби мұрасы екені анық. Қазақтың қазақтығын танытып, оның дербес ұлт екенін көрсететін де осы құндылықтары. Жаратқан ие қазақтың маңдайына бақ берген. Бағы – Ұлы Даламыз. Қазақтың бойына қонған құты – шешендігі, сөз өнері. Ендеше, қазақтың сүйегіне сіңген қасиет – қоғамдық-гуманитарлық ілімнің айналасында. Осыған орай, Елбасымыз «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын ұсынды. Гуманитарлық ғылымдардың мәртебесін көтеру үшін қаржыландыру көзін қайта қарастыруымыз шарт. Гуманитарлық ғылым саласына бөлінетін гранттар санын арттырып, ғылыми-зерттеу институттары жас мамандарды жұмысқа тартуы керек.
Елбасымыздың орынды көтерген бір мәселесі – аударма саласы. Мемлекет басшысы сан қырлы санаткер ретінде жыл сайын әрбір қазақ баласының шет тілдерін жетік меңгеріп, емін-еркін сөйлеуіне жағдай жасап келеді. Мәселен, мен жас әдебиетшімін. Өзімнің тәжірибемнен анық бір мысал келтірейін: «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын тәмамдап, «орыс әдебиеті» мамандығы бойынша магистратуралық білім алдым. Салыстырмалы әдебиеттану ғылымымен айналысып жүрген соң, қосымша түрік тілі мен ағылшын тілін меңгеріп, дүниетанымым мен көзқарасымды жаңаша қалыптастыру үстіндемін. Қазіргі уақытта менің әдеби-эстетикалық, теориялық ойларым шетелдік басылымдарға жиі жарияланып жүр. Алдағы уақытта базалық білімімді тағы да шыңдасам, көркем әдеби шығармаларды «қазақша» сөйлетуіме мүмкіндігім жетеді деп ойлаймын. Көп тілді меңгеру деген идея – қазақ баласының интеллектуал болып, жан-жақты дамуына, бәсекеге қабілеті зор, әлеуеті мен күш-жігерінің айқындалуына себепкер болады.
Рухани жаңғыру дегеніміз – қоғамдық сана-сезімнің өзгеруі. Яғни, қазақтың өзін өзі тануы. Өзін өзі тану – әуелі шағын Отаны – туған жерінен басталатынын көреген басшымыз атап көрсетті. Туған жерінің тарихын білмеген бала – болашақта Отанының дамуына үлес қоса алмайды. Өйткені, ол балалық шағында, туған жерінің тарихын елемей, білмей өскен. Ең үлкен кемшілік – осы. Әркім өзінің туған жері – ауылының тарихын бес саусақтай тарқатып, жетік білгені дұрыс. Елбасының «туған жер», «туған ел» хақындағы ойлары – мектеп бағдарламасына енуі керек деген пікірдемін. 2002-2005 жылдары мен бастауыш сыныпта оқып жүргенімде, «Өлкетану» деген факультативтік курс болатын, сонда сынып оқушылары ауыл-аймағымыздың тарихын, жағрапиясын түгелімен қамтып, деректер жинап, көнекөз қариялармен кездесіп, әңгімелерін тыңдаған едік. Сол сәт әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Міне, осы сияқты бүгінгі күннің «компьютер басты» баһадүрлері ауылының тарихын біліп өссе, ертең атамекені – Қазақстанның сан ғасырлық қатпарлы тарихын біліп, қилы тарихынан тағылым алар еді.
Ал Елбасымыз ұсынған «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы – туризмнің дамуына өзінің септігін тигізеді. Алыс-жақын шет мемлекеттерге барған сайын, олардың көрікті жерлеріне барып, саяхаттауды ғадетке айналдырдық. Сол уақытта олардың өлкелерінің тарихымен таныстыратын экскурсиялық-танымдық бағытта жазылған кітаптар мен карталарды сатып алып, әр парағын қызықтап шолып шығамыз ғой. Міне, осы сықылды ұлан-ғайыр мына атыраптың әрбір өлкесі, әрбір елді мекені – өзінше тарих, өзінше керемет емес пе еді.
Меніңше, рухани жаңғыру деген – әр қазақ баласы өзінің ата-тегін ұлттық негізге сай рәсімдеуі. Сөздің шыны керек, біздің көптеген бауырларымыздың тегінде «ов», «ев», «ин» қосымшасы жазылған. Мысалы, Саркесян деген адамды армян, Кикабидзені грузин, Югайды корей, Костенконы украин екенін тегіне қарап-ақ, оп-оңай ажыратамыз. Яғни, бұлардың аты-жөні, ата-тегі өздерінің ұлттық негіздеріне сай жазылған. Міне, ұлттың ұлт екенін айрықшалайтын осындай ғана қарапайым құндылықтар!
Түйіндей келе айтарымыз, Елбасымыздың бұл мақаласы – Қазақ елінің болашағына арналған бағдарламалық жоба іспетті. Мақалада көтерілген барлық міндеттерді қалтқысыз орындап, мемлекет қалпы һәм іс барысында жүзеге асыра алсақ, онда еліміздің болашағы шын мәнінде жарқын, ұлттық бірегейлігі берік болады. Сонда ғана рухани жаңғыру – Мәңгілік елдің ұлттық мұратына айналады.
Елдос Тоқтарбайұлы,
әдебиеттанушы