Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі жалпыұлттық идеясында ескінің еселеніп жаңаруы, бұрынғының бүгінгімен ұштасуы сияқты үлкен мұраттар жатқаны айтылған. Біздің тарихымыз бен тамырымыз тіліміз, дәстүріміз, дініміз, өнеріміз тікелей байланысты. Халқымыздың ғасырлар бойғы өзімен бірге жасасып келе жатқан ерекше қасиеттері бүгінгі күні дәріптеліп, жарқырап жарыққа шығуы – елдіктің нышаны, рухани жаңғыру.
Осы орайда Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Қазақстан» ұлттық арнасы бірлесіп ұйымдастырып отырған аталмыш жоба қолға алынды. Аса бір ыждағатпен басталған игі шараға халықтың алары да, берері де көп. Қазыналы Қарағандыда өткен іс-шараға құрметті қонақ болып, «Қазақстан РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин қатысты. Кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына баға бере келіп: «Мен қазақпын» мега-жобасы – «Қазақстан» ұлттық арнасы үшін өте маңызды жоба. Осы арқылы біз ұлттық мәдениетіміз бен руханиятымызды қайта түлетеміз. Онымен қоса, шалғайдағы өнер иелеріне үлкен сахнаға жол ашылады. Облыстарда іріктеу маусым айының басынан басталды. Бүгінге дейін жобаға 428 үміткер қатысып, оның 40-ы жеңімпаз атанды. Жобаның халықаралық аталу себебі – шілде айында іріктеу Ресейде, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында, Қытайдың Алтай өлкесінде өтеді деп жоспарлаудамыз. Эфирге қыркүйек айынан шыға бастайды. Ал ақтық жарысты Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, желтоқсан айына жоспарлап отырмыз», – деді төраға.
Белгіленген ережеге сәйкес, мұнда 18 бен 40 жас аралығындағы үміткерлер үш кезең бойынша өнер жәрмеңкесінде бақтарын сынады. Термешілік, күйшілік және әншілік (дәстүрлі) өнер сайысына облысымыздың аудандары мен қалаларынан барлығы 36 өнерпаз қатысып, оның ішінен үшеуі мега-жобаның республикалық кезеңіне жолдама алды.
Мега жобаның облыстағы іріктеу кезеңін өткізген облыс әкімдігі, облыстық «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының ерекше дайындығы көрермендердің көңілінен шықты. Сарыарқаны салтанатқа бөлеп шыққан сал-серілерге сахна төрінен ақшаңқан үй тігіп, Қазыбек би бабаның аталы да баталы сөзімен шараның шымылдығы түрілді. Бұл жерде Қарағанды қаласының мәдениет майталмандары мен музей қызметкерлерінің де еңбектерін ерекше атап кеткен жөн. Тәттімбет атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Шолпан» үлгілі би ансамблі бастаған өнерпаздар кеш бойы талмай ән салып, қошеметшіл дуды таң-тамаша етіп отырды.
Сонымен, қара қылды қақ жарған қазылар, атап айтқанда жобаға арнайы Астана қаласынан ат шалдырған Қазақстанның мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Нұржан Жанпейісов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Тәттімбет атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің концертмейстері Болатхан Ташимов, Қазақстанның мәдениет қайраткері, халықаралық және республикалық ән байқауларының жеңімпазы Дәуренбек Әркенов және республикаға танымал айтыскер ақын Тілеген Әділов сайысқа төрелік етті.
Олар әділ баға бойынша, «Мен қазақпын» жобасының республикадағы додасында Қарағандының намысын термешілерден Нұрмұхаммет Байсүгіров, күйшілерден Балқан Смағұлов, ал дәстүрлі әннен Әнуар Адамбаев қорғайтын болды.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы