Б.Имашев В.Гуминскийді Парламент Сенаты депутаттарын сайлау бойынша сайлау науқанының ерекшеліктерімен таныстырды, сонымен бірге, Қазақстанның барлық өңірлері мен Астана, Алматы қалаларына ТМД байқаушыларын жібергені үшін алғысын білдірді.
«ТМД байқаушыларының сайлау процестеріне қатысуы жұртшылықтың сайлауға деген сенімін арттырады. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы дауыс беруге дайындық және өткізу бойынша соңғы іс-шараларды атқарды. Сайлау комиссиялары сайлау рәсімдерінің ашықтығы мен сайлау туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етуге дайын», − деп атап өтті Б. Имашев.
Өз кезегінде, В. Гуминский Парламент Сенатының депутаттарын сайлау бойынша ТМД байқаушылар миссиясының қызметі туралы айтып берді. «Миссия сайлаудың демократиялық және ұлттық заңнаманың жалпыға бірдей танымал қағидаттарына сәйкес өткізілуін бағалайды», − деді ол.
Өз бағасын миссия сайлаудан кейін келесі күні береді, яғни ТМД елдерінің барлық үйлестірушілерімен келісіп, өздерінің мәлімдемесінде жариялайды.
Б.Имашев атап өткендей, ТМД-дан байқаушылар миссиясы саны жағынан басым болып табылады. Оның ішінде 106 байқаушы аккредиттелген.
«Ортсайлауком облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары сайлау күні ТМД байқаушылар миссиясының сайлауды тиісті байқау үшін жағдай жасау бойынша шаралар қабылдауда», − деді ол өзінің қорытынды сөзінде.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»