«Еліктеді, үлгі етті» дейтіндей отбасында әскери адам болмаған Бақтияр бала кезінен әскери болуды армандап өсті. Тағдыр бала кезгі балауса тілегін қабыл етіп, 2016 жылы Алматы облысының Текелі қаласында өмірге келіп, орта мектепті бітірген ол Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтын 4 жыл оқып бітіріп шықты. Лейтенантты басшылық Ақтау қаласына қызметке жіберді. Б.Нұрмұқаш келген бойда 25744 теңіз жаяу әскері әскери бөліміне теңіз жаяу әскері взвод командирі болып қызметке кірісті.
Өз мамандығын сүйетін және азамат ретінде өз Отанының қорғаны екенін жақсы түсінетін Бақтияр қиын да қызықты жұмысқа білек сыбана араласты. Взводтың өзіне жүктелген тапсырмалары мен міндеттерін мүлтіксіз орындау жолында нағыз әскери қызметшіге тән ізденді, жұмыстанды, әрекет етті. Нәтижесінде, ол басқарған взвод 2017 оқу жылы қысқы оқу мерзімі қорытындысында тактикалық сабақтар бойынша сынақ тапсыруда үздік шықты. Бұл взводты бір адамдай дайындап, ортақ іске жұмылдыра алған командирдің – қызметке енді кіріскен лейтенанттың еңбегінің жемісі екені анық.
Әскери қызметшілердің барлығына бірдей пәтер мәселесін жеделдете шешу мүмкін болмағандықтан, олардың пәтер жалдау ақысын төлеуді мемлекет өз мойнына алған болатын. Б.Нұрмұқаш да осы шапағаттың жемісін көріп жүргендердің бірі.
Екі апам, бір қарындасым бар – деген лейтенант отбасындағы жалғыз ұл болып шықты. Күліп қоштасқан жас офицерге қазақ үшін «шаңырақтың иесі» ер баланың орны бөлек екенін ескеріп, «бір басының екеу болуына» және бейбіт еліміздің берік қорғаны, тыныш күннің сарбазы болуына тілек білдірдік.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы