29 Маусым, 2017

Өнеге алғанның өрісі кең

556 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Абай атамыз: «Қырқын мінсе қыр артылмайтұғын осы бір «қырт мақтан» деген бір мақтан бар, сол неге керек, неге жарайды? Ол ар, есті білмейді, намысты білмейді, кең толғау, үлкен ой жоқ, не балуандығы жоқ, не батырлығы жоқ, не адамдығы жоқ, не ақылдылығы, арлылығы жоқ», дейді. Расында, осы күні не адамдығы, не арлылығы жоқ бос мақтан қуғандар арамызда көбейіп бара жатқан жоқ па?

Өнеге алғанның өрісі кең

Ондайлар құр кеуде кергеннен артыққа, яғни арды ардақтайтын, ұлт намысын қорғайтын іске бара алмайды. Бірақ, өзінде негіз болмаса, өзгеден үлгі алуға болады ғой. Бұрын «Оу, ағайын, айналада ел-жұрт бар дейтін едік, енді айналамызда ғана емес, ортамызда шет жұрттықтар қаптап жүр. Елбасының арқасында адамзаттың озық ойлы өнертапқыштары ойлап тапқан ең жаңа, су жаңа дүниелері қазақстандықтарға көрсетілуде. Қалай айтсақ та, мына төрімізден орын алған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі орынды болды. Небір үлгілі үрдісті өнеге қылып алатын уақыт-ақ! Өйткені, мұндай тиімді оқиғалар қайталанар, бірақ дәл осындай сәтті мүмкіндіктер қайта туар ма екен дейміз. Уақыт зымырап, заман келбеті өзгеріп барады. Елбасы айтқандай, уақыттан қалмай, заман ағымына ілесе отырып дамуымыз қажет. Сол дамуымыздың нақты көрінісіне бүгінгі шаралар нақты дәлел болып отыр.

Қазақтың маңдайына бақ болып қонған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне Ержеңіс есімді азамат әлемнің небір кереметі мен соңғы жаңалығын көрсін деп зайыбын, төрт баласын ертіп барған ғой. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де айтайық, сонда Ержеңістің төбесі көкке тие жаздапты. Әрине, таңғажайыпты көріп қуанғаннан, еліне деген мақтаныш­тан! Мұндай керемет көрмені аралау бақыты қазақстандықтардың маң­дайына жазылып отыр. Мұнда бәрі бар: адам әлемді шарлап жүргендей, түрлі шетелдердің төріне барғандай әсер алатыны рас. Жан дүниені кер­нейтін мақтаныш қой. 
Ержеңіс ең кішкентайын қарай тұруға қалдыратын жері болмаған соң, бесік арбамен көрмеге ала келген көрінеді. Әрине, ЭКСПО-2017-ге келушілер көп. Сондықтан, кезексіз бола ма? Кезекте тұрады. Бірақ мұны көрген шетелдіктер, мәселен, Германия павильонына келгенде бұларды әудем тұстан байқаған қызметкерлер алдынан жүгіріп шығып, кезекте кідірмей өтулеріне жол ашып­ты. Олардың келушілерге деген қыз­мет көрсетулері ерекше. Әр қимыл-әрекеттері жүрекке жылы тиеді. Бұған Ержеңіс секілділер өздерін кереметтей сезініпті.

Одан әрі олар Қытайдың павильоны­на өтіпті. Мұнда да солай қарсы алыпты. Келушілерге деген құрмет орасан. Мұндай мейірімділік пен адамға жылы ілтипат білдірушілікке риза болған Ержеңіс балаларын ертіп көрмені әрі қарай аралайды. Ал осындай мейірім төгілген ізеттілік пен әдепті іс-әрекетті қалаларымыздағы қайсыбір сауда, мәдениет орындарынан кезіктіре аламыз ба? Әрине, жоқ. Өйткені, кейбір қызмет көрсету орындарында сіз таяққа сүйеніп келдіңіз бе, бесік арбамен келдіңіз бе, ондағы қызметкерлерге бәрібір екенін жұрт жақсы біледі. Бір ғана, дәрігерге қаралудағы ондағы қызметкерлердің жауапсыздықтан туатын салғырттығын алып қараңыз. Тіпті, өз құқыңызды талап етсеңіз дөрекі жауап естисіз. Ол сізге де, бізге де етене таныс жағдай. Оны біз іштей жасырғанымызбен, сырт көзден бәрібір таса ұстай алмайсыз.

Өйткені, елімізге шетелдіктер ағылуда. Қазақстанды аралауға ынтыққан шетелдіктер енді келе де бермек. Сонда жоғарыдай қоғамдық жерлерде, тамақтандыру орындарында, көшеде, сауда, мәдениет, қызмет көрсету жайларында олар дөрекілікті, адам құқын құрметтемеушілікті көрсе немесе кездестіріп қалса не дейді? Және ондай дөрекілік, әдепсіздік таны­та­тындар кемшілігін мойындамай сал­ғы­ласқанда жаға жыртысуға дейін барады ғой. Осындайда әріден ойлауды, кең толғауды білмейді деп жоғары­да айтылған ойды жалғаған Абай ата­мыздың «Ай, құдай-ай!.. «Ұялмас бетке талмас жақ береді», деген ой­түйініне қосыласыз. Қосыла отырып, осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін елімізде ұйымдастырылған, өздеріндегі өркениетін көрсетіп жатқан өзгелердің жағымды жақсылы­ғын, үлгілі адамгершілік үрдісін неге үйреніп қалмасқа, тіпті өнеге алмасқа болмай ма дейсіз?! Демек, ЭКСПО-2017-ден алатын өнеге көп, үйренетін оң үрдіс баршылық. 

Александр Тасболатов, 
«Егемен Қазақстан»