ЭКСПО-2017 • 29 Маусым, 2017

Арзан билеттер сатылымға шықты

200 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен аптада 170 мыңға жуық көрермен ЭКСПО-2017 халықара­­лық көрмесін тамашалапты.

Арзан билеттер сатылымға шықты

Нақтылай айтсақ, 19-25 маусым аралығын­да қалашыққа 168 675 адам ат ізін салған. Яғни, көрмені күніне орташа есеппен 24 069 адам аралаған. Бастапқы 9 күнде 205 561 адам немесе күніне 22 840 келуші тіркелсе, бұл көрсеткіш 27 маусымдағы жағдай бойынша 425 377 көрерменге көбейді. Сонымен қатар, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 10-27 мау­сымда көрмеге келіп-кету көрсеткіші 2 774 527-ні құраған. 

Халықаралық шараға қатысты тағы жаңалық, қонақтар саны жоғары павильондардың үздік ондығының тізімі жасалды. Олар­дың арасында Ресей, Өзбекстан, Үндістан, Әзербайжан, Африка елдері, Мысыр, Қытай, Түркия, Сауд Арабия Корольдігі, Малайзия бар. Мұнымен қоса, адамдар көп­теп тамашалайтын нысандардың ішін­де «Нұр әлем», коммерциялық па­вильон­­дары, «Шелл» балалар зертханасы, «Дю Солей» циркі, «С 3.5», «С 2.4» тақы­рыптық павильондары, ам­фи­театр, шығармашылық энер­­гия ай­ма­ғы, корпоративтік павильон, бала­лар саябағы қамтылған. 
Көрме басталғалы бері қауіпсіз­дік мәселесі бойынша 178 оқиға тіркелген. Олардың басым бөлігі – ересектердің балалардан көз жазып қалуы. Айта кетерлігі, күн өту, әлсіреу, сондай-ақ созылмалы ауру­лары бар жандар тарапынан медициналық көмекке жүгінгендер саны 146-ға жетті.
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы арзан билеттерді сатылымға шығарғанын хабарлады. Ол билеттермен кешкі сағат 18:30-дан бастап кіруге болады екен. Жұмыс күндері «кешкі» билеттің бағасы 2 мың теңге болса, демалыс күндері 3 мың теңгеден сатылады. Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар үшін одан екі есе арзан болады. Демек, олар кешкі билеттерді 1-1,5 мың теңгеге ала алады. 
ЭКСПО көрмесіне абонемент те сатып алуға болады. 50000 тең­генің абонементімен көрме аяқ­тал­ғанша кіріп-шығуға мүмкін­дік бар. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар үшін ондай абонементтің бағасы екі есе арзанға түседі, яғни 25000 теңге болады. Айта кетерлігі, абонементтер нақты адамның атына жазылады. Сол себепті, тексерушілер ондағы мәліметтерді жеке куәлікпен салыс­тырып кіргізеді.
Асхат Райқұл,
«Егемен Қазақстан»