Әйгілі бапкермен Қарағандыдағы Бейбітшілік бульварында кездестік. Ол жалғыз келмепті: жанында КСРО-ның екі дүркін чемпионы, КСРО-АҚШ матчының жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Берік Нұрмағамбетов бар. Бекеңді баяғыдан танушы едім, екеуміз бір ауылдың тумасымыз.
– Мен Сашкамен 1972 жылдан бері доспын. Оның төзімділігіне әбден тәнті болған жанмын. Серік екеуінің көрмеген теперіші жоқ. Сашка соның бәрін ішінде ұстай білді, ақырына дейін төзді. Мұның не деген шыдамды адам екеніне әлі күнге дейін қайран қаламын. Ақыры, Алла тағала сол төзімділіктері үшін оларды жарылқады. Менің айтайын дегенім – бапкер деген мүсінші: Серікті Серік еткен Стрельников қой, – деп тебірене айтты адал дос, білікті бапкер Берік аға.
«Бәріміз Райштың шекпенінен шыққанбыз»
КСРО мен Азия чемпионаттарында олжа салған Аманбаев, Юнусов, Мұңайтпасов, Гашин сынды есімдері елге белгілі боксшылар Стрельников-Супрун жұбының жемісі екенін қазір біреу білсе, біреу білмейді. «Жалпы, Абай бокс мектебіне бөтен біреу тұмсық сұққан емес. Осындағы бапкерлер, олардың шәкірттері, бәрі-бәрі Андрей Богданович Райштың шекпенінен шыққандар. Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Олег Маскаевтың бапкері Ерден Сүлейменов, атақты Серік Нұрқазовтың жаттықтырушысы Виктор Фетишин және басқа бапкерлер, олардың қатарында біз де бармыз, бәріміз бокс өнерінің тылсым сырына Тәңірі жарылқағыр Андрей Богдановичтей білгір маман, ұлағатты ұстаздың арқасында қаныққан едік. Жақында менен сұхбат алмақшы болған бір журналист: «Сіз ұлы жаттықтырушысыз», – деп қалды. Мен оны бірден тойтарып тастадым. Сонда ойыма бірден Андрей Богданович түскен еді. Небір шебер боксшылардың мол шоғырын өсіріп, талай бапкердің талантын ашқан осынау ардақты адам жетпістің бесеуіне келсе де спорт залында күні бүгінге дейін бала баптап жүр. Міне, нағыз ұлы жаттықтырушы деп Райшты айтқан жөн шығар!», – деп ағынан жарылды Александр Владимирович.
Әлбетте, Стрельниковтің өзінің ұстазына деген шексіз құрметі адамды ерекше тәнті етеді. Осындайда қазақтың «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген аталы сөзі ойға оралады. Ұстазына деген өмір бойғы құрметі мен адалдығы арада жылдар салып оның алдынан қара көрсетті. Жаратқан оған Серік Сәпиевтей жаны таза, адамға деген ізеті, үлкенге деген құрметі ерекше шәкірт сыйлады. Кеше де, бүгін де ұстаз бен шәкірт арасындағы аса сирек кездесетін, жеңістерге жетелеген ерекше ілтипатты қарым-қатынасқа жұрт аса қызығушылықпен, тіпті, бәзбіреулер қызғанышпен қараған. Дос сүйініп, дұшпан күйінді деген осы да.
Серікті серік еткен – еңбекқорлық
Александр Владимирович он жастағы Серіктің жаттығу залының табалдырығын алғаш аттаған күнін есіне жақсы сақтап қалған. Серік боксқа өзінің тете ағасы Сергеймен бірге келіпті.
– Атың Серік екен, Серік Қонақбаевтай атақты боксшы болғың келетін шығар? – деп сұрапты Стрельников.
– Бақытай көкемдей болғым келеді! – депті ол жұлып алғандай. Құдай аузына салған шығар, шынында да, ол кезде Серіктің көкесі Бақытай Сәпиевтің атағы Қазақстанда ғана емес, Одақ көлемінде дүрілдеп-ақ тұрған.
Стрельниковтің қарамағында Серік үш жылға жуық уақыт жаттыққан. «Шынын айтқанда, – дейді Александр Владимирович, – Серіктің бойынан басқа балалардан оқ бойы озық тұрған артықшылық байқалған жоқ. Қазір кейбіреулер айтып жатыр ғой: «Серік боксқа алғаш келгенде Стрельников оның Олимпиада чемпионы болатынын бірден байқапты», – деп. Осының бәрі адамның күлкісін келтіретін бос сөз! Менің қолымнан дәл Серіктей талай бала өтті. Серікті осындай дәрежеге жеткізген мақсат жолындағы ерен еңбекқорлығы ғой», дейді Стрельников.
Стрельниковтен үш жыл сабақ алған Серік 1996 жылы Қарағандыдағы Әлия Молдағұлова атындағы дарынды балаларға арналған спорт интернатында оқыды. Бапкер сөзінің жаны бар, чемпиондардың ұстаханасы саналатын оқу орнында Серік көзге түспей, көптің бірі болып жүрді. Интернатты бітіріп шыққанында ең құрығанда облыс біріншілігін де ұтпаған елеусіздеу ғана боксшы болғаны рас еді.
Бұл күнде азуын айға білеген мамандар ынтымағы жарасқан Стрельников-Сәпиев жұбының толайым табысына терең үңіліп, оның сырын ұғуға тырысып, қаузай зерттеп жатыр. Уақыт өте келе бұл феномен туралы фильм түсіріліп, әдістемелік оқулықтар жазылуы да бек мүмкін. Тек осы зерттеушілер ұстаз бен шәкіртті елден ерекше еткен ең алдымен – ұлы мәртебелі еңбек екенін есте ұстаса болғаны.
«Бейжің Олимпиадасындағы нәтиже, шыны керек, біз үшін үлкен соққы болды, – дейді Стрельников. – Мені қойшы, Серік ол кезде жас болды, аяғының астында жер от болып жанды ғой. Дененің қалжырағанын дамыл алып, орнына келтіруге болады. Ал жан-дүниеңнің шаршағанын құдай басқа бермесін!».
Бейжің Олимпиадасының ширек финалындағы ел сенім артқан Серіктің сүрінгені Александр Стрельниковтің шашын аппақ қудай ағартып кетіп еді. Осы мақсаттың жолындағы бес жылғы тынымсыз еңбек, шелектеп төккен тер – бәрі құрдымға кеткен. Жұрттың бәрі бұлардан теріс айналып, шетсіз-шексіз әлемде шәкірті екеуі бақсының моласындай сопиып қала берген. Бұл нағыз ерді кебенек ішінен танитындай сын сағаты еді. Шалыс басқан бір қадам, тіпті артық-ауыс айтылған бір ауыз сөздің өзі бұлардың тағдырын басқа арнаға бұрып жіберер аса қауіпті шақ туған.
Алдымен Алланың алқағаны да, тағдырдың соққысына төтеп берген ұстаз бен шәкірт осы бір ауыр сыннан аман-сау өтті. Бүкіл ел бұлардың шаршы алаңда ғана емес, өмірдің өзінде де болаттай берік, рухы мықты жандар екеніне тәнті болды. Стрельниковтің өзі сол бір қиын кезде қолтықтан демеп, жанашырлық танытқан жандарды аузынан тастамай айтып жүреді. «Бейжіңнен келген бетте Қарағанды облысының сол кездегі әкімі Нұрлан Нығматулиннің көңілді жұбатып, көмек қолын созғаны біз үшін күтпеген жайт болған еді. Ал Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Бейжің Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттаған кезде Серікті де бауырына тартып, әкелік қамқорлық танытып, кеудесіне орден таққанын қалайша ұмытайық?! Міне, осындай жайсаң жандардың көл-көсір пейілінің, сенімінің арқасында біз еңсе тіктеп, сапқа қайта қосылған едік», деп толқи тұрып айтқан Стрельниковтің сөзінде бір мысқал да жалғандық жоқ еді.
«Ал Лондон Олимпиадасынан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Ақордада қабылдаған кезде менің қолымды қысып тұрып: «Серік үшін рахмет!», − дегенінде толқып кеткенім сонша, көзіме ыстық жастың қалай келіп қалғанын сезбей қалдым», дейді Александр Владимирович.
Бәрін айт та бірін айт: осы жерде біздің Тұңғыш Президентіміздің адамгершілік қасиеті мен ерен парасатына ерекше тәнті боласың. Әгәраки, Елбасы сол жолы елеп-ескермесе, онсыз да тауы шағылып тұрған болашақ чемпионның сағы сынып та кетер ме еді, кім білген?!
Сәпиевтің соққысы және бір мың еуро
«Бірде Қазбек Әшляев маған мынадай бір қызық әңгіме айтты, – дейді Александр Стрельников. – 2005 жылы Серік Қытайда өткен әлем чемпионатында жеңімпаз болғаннан кейін араға біраз уақыт салып Чехияның астанасы Прага қаласына жарысқа барған болатынбыз. Сонда, ол кезде Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті болған Қазбек Әшляев көрші үстелде отырған ресейлік бапкерлердің Серік Сәпиев туралы әңгімесін құлағы шалып қалыпты. Ресей құрамасының бір жаттықтырушысы қызды-қыздымен: «Осы Сәпиевтің қалайша әлем чемпионы болғанына таң қалам. Өзінде соққы деген атымен жоқ», – деп салыпты. Оның сөзін іліп әкеткен екіншісі: «Осы жолы біздің Ковалев оның көкесін көзіне көрсететін шығар», – деп отқа май құя түседі. Осының бәрін естіп отырған қызуқанды Қазкең ресейліктердің жанына жетіп барып: «Әй, жігіттер! Сендердің Ковалевтеріңді біздің Сәпиев осы жарыстың финалында тас-талқан етеді. Осыған бәстерің бар ма?!», – деп қалтасынан бір мың еуроны суырып алып, үстелге тастапты. Ресейліктер басында күлген болып, жеме-жемге келгенде кібіртіктеп, көздерімен жер шұқыпты. Сол жолы Қазкеңнің айтқаны айдай келіп, Серік ақтық айқаста Еуропа чемпионы Геннадий Ковалевті бет қаратпай жеңген болатын».
Стрельниковпен арадағы әңгіме қыза түскен кезде көкейде жүрген сауалдың бірін қоюға тура келді:
– Александр Владимирович, айтыңызшы, көптеген бокс мамандары Сәпиевтің соққысы әлсіз деп жатады. Осының жаны бар ма?
– Қазір Қазақстанда екінің бірін алсаңыз, «бокстың жілігін шағып, майын алып» береді. «Ақылы асқан» ондайлардың сынын мен де талай естігем. Кезінде Казтоев деген де «соққысы нашар» деп, Серікті жастар арасындағы әлем чемпионатына алмаған еді. Бұлардың ауыздарына құм құю үшін мен сізге мына бір жайтты айтайын, Серік 1999 жылы өткен Азия чемпионатында төрт бірдей қарсыласын нокаутпен жеңген. Осыдан кейін Серіктің соққысы туралы өзіңіз-ақ қорытынды жасай беріңіз.Тағы бір айта кететін жайт, Республикалық диспансерде боксшылардың функционалдық дайындықтарын тексерген кезде барлық көрсеткіштер бойынша Сәпиевке жетер спортшы болған жоқ. Тіпті, «Қайрат» футбол командасының басшылығы Серікке өте мол ақша ұсынып, команда құрамында ойнауға шақырған да кез болған.
«Менің хоббиім – отбасым»
Үлкен спорттың жолы қашанда ауыр. Оның соңына түскен адамды тағдыр маңдайдан сипай қоймайды. Мұндай қатал сыннан Стрельников те қашып құтыла алмаған. Жыл он екі айдың санаулы күнінде ғана үйдің бетін көретін адамның отбасында береке қайдан болсын: зайыбымен арадағы қарым-қатынасы сыр беріп, екеуі ақыры 2004 жылы ажырасып тынды. Екі ұл шешесімен кетті. Олар да кезінде бокспен айналысқан еді, екеуі де спорт шебері атағын алған. Кішісі Дмитрий Серік Сәпиевпен құрдас. Серік 2004 жылы Қазақстанның ересектер арасындағы чемпионы атанғанда, осы Дима күміс жүлдеге ие болып, Ұлттық құрама команданың сапына қабылданған болатын.
Бұл күнде Александр Владимирович екінші рет шаңырақ көтерген. Шаңырағына Елена Викторовнамен бірге ырыс пен берекенің келгені рас еді. Өзінің дөңгелетіп отырған шаруасы бар екен: бүгінгінің іскер әйелі. Жүйкесі сымдай тартылып жүретін бапкердің бабын табудың оңай шаруа емесі белгілі. Александр Владимировичтің зайыбы туралы сүйсіне айтқанына қарағанда, оның екінші рет жар таңдауға келгенде қателеспегенін аңғарасың. «Бос уақытымның бәрін отбасыма арнаймын. Менде хобби деген жоқ, менің хоббиім – отбасым!», – деген сөзі де осы ойды қуаттай түседі.
Қазақ деген құшағы кең халыққа әуесқой бокстың ең биік шыңын бағындырған қас шеберді тарту еткен бапкер сый-құрметке бөленді. Бүгінде ол бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасының жаттықтырушысы. Десек те, бес жыл бұрын ғана елімізге ерен батырды сыйлаған бапкердің осы күндері толып отырған 60 жылдық мерейтойы елеусіздеу қалған тәрізді. Бұл, әсіресе, спорт, оның ішінде бокс саласындағы басшы азаматтарға базына.
Олимпиада, әлем чемпионын тәрбиелеу әрбір бапкердің арманы шығар? Осы орайда, Стрельников арманы орындалған бақытты бапкер... Бірақ, табиғатынан қарапайым жанның тап ертең тер исі аңқыған бокс залында бала жаттықтырып жатқанын көрсек таңданбас едік. Ол – боксқа бар болмысымен берілген бапкер. Өзін осынша дәрежеге жеткізген аса мәртебелі еңбектің қадірін бір білсе, Қазақ боксына құлша қызмет етіп жүрген осы Стрельников білсе керек!
Қайрат Әбілдинов,
«Егемен Қазақстан»