Жиынға қатысқан Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев, Парламент Сенатының депутаты Дархан Қалетаев, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин турнирдің жаңалықтарымен бөлісіп, атқарылған жұмыстар туралы баяндап берді.
Осы жылдың басты өзгерісі ретінде жарыстың өткізілетін орнын айта кеткен жөн. «Қазақстан барысы» турнирінің финалдық кезеңі осы жылдан бастап «Сарыарқа» велотрегінде емес, «Барыс Арена» мұз сарайында өтеді. Арман Шораевтың айтуынша, жанкүйерлердің боз кілемдегі бәсекені өте жақыннан көруге мүмкіндіктері бар.
«Сарыарқа» велотрегіне ешқандай өкпеміз жоқ. Қай кезді алып қарасақ та, турнир жоғары деңгейде өтті. Ал «Барыс Аренаға» биылдан бастап ауысуымыздың басты себебі – бұл спорт сарайы күрес спорты үшін өте тиімді. Нақтырақ айтқанда, жанкүйерлер үшін өте ыңғайлы», дейді Арман Төлегенұлы.
2017 жылдың тағы бір өзгерісі – финалдық бәсекеде қызмет ететін төрешілер. Олар жаңа ережеге сай, алдын ала 200 000 теңге жарна төлеу керек. Сондай-ақ, жарысты ұйымдастырушылар 2013 жылғы турнирдегі даулы оқиғадан кейін төрешілерді таңдауда олардың қызметіне баса назар аударғандарын айтады.
«Биылғы турнирге еліміздің әр аймағынан 12 төрешіні шақырдық. Одардың тек алтауы ғана «Қазақстан барысының» финалында төрелік ететін болады. Егер төрешілеріміз әділдік танытып, міндетін дұрыс орындай алса, турнир соңында өздері төлеген жарна үстінен тағы да қосымша 350 000 теңге сыйақы алатын болады. Керісінше жағдайда, төленген жарна қайтарылмайды және қосымша шара да қолданатын боламыз», деп мәлімдеді федерацияның бас хатшысы Сәрсен Құранбек.
Сонымен қатар, болашақта «Қазақстан барысы» турнирінің іріктеу кезеңі рейтинг арқылы өткізілуі мүмкін. «Себебі, еліміздің кей облыстарында қазақ күресі дамып келе жатса, кей өңірлердің деңгейі төмендеп кеткен. Ал дамымаған аймақтардан жыл сайын «Қазақстан барысына» қатысқанымен, ешқандай нәтиже көрсетіп жатқан жоқ. Сол үшін жақсы нәтиже көрсетіп жатқан облыстың балуандар санын көбейту үшін өңірлердің рейтингіне қарайтын боламыз», деп атап өтті А.Шораев.
«Қазақстан барысы» турнирінің үш дүркін чемпионы Бейбіт Ыстыбаев биыл жарысқа қатыспайды. Ол күз мезгілінде өтетін «Әлем барысына» дайындалуда.
Алдағы турнирдің жүлде қоры да қомақты. Жеңімпаз атанған балуанға алтын белбеу және алтыннан құйылған «Тайтұяқ» табысталады. Екінші және үшінші орынға күміс және қола белбеу беріледі. Сонымен қатар, әр белдесудегі жеңіске 100 мың теңге қаржылай сыйақы тағайындалған. Ал үшінші орын иеленген балуанға бір миллион 800 мың, бапкеріне 900 мың теңге. Екінші орынға бес миллион 500 мың, бапкеріне бір миллион 800 мың. Бірінші орын иеленген балуанға 25 миллион теңге, бапкеріне үш миллион 500 мың теңге табысталады.
Еске сала кетейік, биыл жетінші мәрте өткелі отырған «Қазақстан барысы» республикалық турнирі 2 шілде күні «Барыс Арена» спорт сарайында Астана уақытымен сағат 12:00-де басталады. Оны «Қазақстан» және «Қазспорт» телеарналарынан бөлек, ресейлік «Матч! Планета», «Боец», «Бокс ТВ» және Түркияның «ТРТ Аваз» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.
Әли БИТӨРЕ, «Егемен Қазақстан»