Бастан-аяқ жанды дауыста өткен «Bastau live show» концертін дүние жүзі тамашалады десек артық айтқанымыз емес. Залдағы халықтың 30-40 пайызы Қытай, Ресей, АҚШ, Еуропа елдерінен келген. Әсіресе, «Димаши, Димаши» деп айқалаған қытайлық жанкүйер қыздардың дауысынан құлақ тұнады.
Әлемге «Дайдидау» деп ән салдырған Димаш әуелі сахнада жүз домбырашымен бірге әуелете күй тартып, жұртшылықты бір серпілтті. Онымен бірге сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, танымал опера әншісі Майра Мұхамедқызы, Қытайдың әйгілі әншісі Терри Лин, Eurovision-2012 жеңімпазы Лорин (Швеция), Ұлыбритания әншісі Софи Элис Бекстор өнер көрсетті.
Бес бөлімнен тұратын концерт барысында Димаш Құдайберген түрлі образда ән салып, актерлық қырымен де танылды. Олай дейтін себебіміз, поп музыканың гүлі ресейлік Кристина Орбакайтемен бірге дуэт құрып, сахнада алғаш рет театрландырылған көрініс ұсынды.
– Кезінде «Славян базары-2015» ән байқауында Димашқа үлкен табыс әкелген ән – «Метель». Ән биіктігін, болмаса дауыс диапазонын таныту мақсат емес. Кристина Орбакайте – бұл әннің алғашқы орындаушысы. Осы себепті де шығармашылық ұжыммен ақылдаса келе дуэт құруды ойластырдық, – дейді, Димаштың әкесі, әрі продюсері Қанат Айтбаев.
Шетелдік жанкүйерлерінің де жайын ойластырған Димаш Құдайберген кеште «SOS d’un terrien en détress», «All by myself» сияқты танымал әндерді орындап, төрт тілде шарықтата шырқады.
– Әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдармандарымның басын қосып, концерт өткізу арманым еді. Бүгін менің сол арманым орындалды – деп тебіренген Димаш көпшілікті көңілді отыруға шақырды.
Мәдениет және спорт министр Арыстанбек Мұхамедиұлы әншіні Еуропаны таңқалдырған Әміре Қашаубаевтың жалғасы деп атады.
– «Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді дана халқымыз. Елордамыздағы ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өтіп жатқан салтанатты кешке қош келдіңіздер. Тарихымызда өнер саңлақтары жетерлік. Сонау Үкілі Ыбырай, Біржан сал, Ақан серілердің ізін жалғап, Еуропаны таңқалдырған Әміре Қашаубаев, «әлем Фигаросы» атанған Ермек Серкебаев, қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев секілді саңлақтарымызға әлем қол соқты. Өнердегі осы бір дәстүрдің жалғасындай болған Димаш үшін барлығымыз қуаныштымыз, – деді А.Мұхамедиұлы.
Сол арада тағы бір білгеніміз Димашқа Қытай, АҚШ, Еуропа елдерінен әріптестік орнатуға ұсыныстар түскен. Аталған елдердің композиторларымен бірлесіп жазылған әндер таяу күндері жарыққа шығуы тиіс.
Ая Өміртай,
«Егемен Қазақстан»