Іс-шараға жоғары сот органының сот алқаларының төрағалары мен судьялары, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшылығы қатысты.
Кездесуді аша келе, Қ.Мәми: «Сауатты әрі жүйелі ақпараттық жұмыс мемлекеттік биліктің кез-келген тармағы үшін маңызды. Журналистердің ақпаратты пайымдау мен қайта өңдеу бойынша қабілет-қарымы тұрғындар үшін соттар жұмысының барлық ерекшеліктерін ашып көрсетуге мүмкіндік береді», - деді. Осы ретте эмоция мен болжамдарға ерік бермеудің, әлдекімдердің пайдасы үшін қоғамдық пікірді ықтимал бұрмалауды болдырмаудың маңыздылығы айтылды.
Жоғарғы Сот Төрағасы қазіргі таңда БАҚ пен журналист кәсібі бірқатар сын-қатерлермен ұшырасып отырғандығын айтты. Мобильді интернет, әлеуметтік желілердің мүмкіндігі мен жаңа гаджеттер әрбір адамға «псевдо» журналистке айналу мүмкіндігін беріп отыр. Осы орайда БАҚ-тың кәсібилігі және ең бастысы журналистиканың фактіге негізделген ақпарат тарату, екі тараптың ұстанымын теңдей беру, дәйектелген сын айту принциптері айрықша маңызға ие. «Біз эмоцияға ерік бермей, ахуалды толықтай зерттеп, объективті ақпарат беретін журналистердің материалдарын сіздердің БАҚ арқылы көріп келеміз», - деді Қ.Мәми.
«Хабар» агенттігінің, «Время» газетінің, «Zakon.kz» және «Информбюро» порталдарының материалдары журналистік жұмыстың жоғары деңгейіне лайық деп танылды. Атап айтқанда, Қ.Мәми «Время» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі Ирина Московканың еңбегін ерекше тоқталып, оның Жезқазған тұрғынының сот ғимаратының алдында өзін жарақаттаған ахуалдың анық-қанығына көз жеткізіп, мақала жазғанын, сот шешімінің логикасын түсіндіріп, әлеуметтік желіде өрбіген түрлі қисынсыз пікірлерді шығарғанын атап өтті. Сонымен қатар, 2016 жылы «Zakon.kz» порталының базасында өткен интернет-конференцияның тиімділігі аталып өтілді. «Конференция тәжірибелік маңызға ие сот ісін жүргізу саласындағы бірқатар өзекті мәселелердің қатарын анықтап берді», - деді Қ.Мәми.
Жиынға қатысушыларға Ұлт Жоспары мен конституциялық реформа шеңберінде сот жүйесін жаңғырту шараларын іске асыру барысы таныстырылды.
Іс-шара барысында Жоғарғы Соттың БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіруші-судьясы Елена Максюта, Президент телерадиокешенінің директоры, Бас редакторлар клубының жетекшісі Ерлан Бекхожин, «Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, «Еуразия бірінші арнасы» телеарнасының және «Zakon.kz» порталының директоры Сергей Кисилев, «Время» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі Ирина Московка сөз сөйледі.
Іс-шара соңында Қайрат Мәми БАҚ өкілдеріне, БАҚ-пен жұмыс жөніндегі үйлестірші судьялар мен соттардың баспасөз қызметінің қызметкерлеріне құрмет грамоталары мен естелік сыйлықтар тапсырды.
Көп жылғы, жемісті әрі мінсіз қызметі үшін Алматы қалалық сотының судьясы Ирина Федотова мен Қарағанды облыстық сотының баспасөз хатшысы Гүлбаршын Житикова ІІ және ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалдарымен марапатталды.