Футбол • 29 Маусым, 2017

Еурокубок: Қазақстандық клубтардың қарсыластары туралы не білеміз?

210 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгін қазақстандық футбол жанкүйерлері асыға күткен Еурокубок бәсекелері басталады. Биылғы додада төрт қазақстандық клуб бақтарын сынайтын болады. Елордалық «Астана» Чемпиондар лигасында, алматылық «Қайрат», шымкенттік «Ордабасы» және павлодарлық «Ертіс» Еуропа лигасында доп тебеді. «Астана» клубы бәсекеге екінші іріктеу кезеңінен қосылса, қалған үш командамыз бірінші іріктеуден бастайды.

Еурокубок: Қазақстандық клубтардың қарсыластары туралы не білеміз?

«Астана» – «Спартакс Юрмала»

Соңғы үш жылдан бері Чемпиондар лигасында ел намысын абыроймен қорғап жүрген «Астананың» бұл жолғы қарсыласы латвиялық жас клубтардың бірі – «Спартакс Юрмала». Бұл елордалық клубтың Балтық жағалауындағы ең жақын серіктес, достық орнатқан клубы десек болады. Қос команда үнемі бір-бірімен футболшы алмасып келеді. Мысалы, «Астана» «Спартакс Юрмаладан» ганалық легионер Патрик Твумасиді сатып алған болса, латвиялық өз құрамына «Астана» сапынан Сергей Гридинді қосып алған. Сондай-ақ, жыл басында елордалық клубтан жас қақпашы Абылайхан Дүйсенді жалға алған болатын.

2007 жылы құрылған латвиялық «Спартакс Юрмала» 2012 жылдан бері Жоғары лигада ойнайды. Былтырғы маусымда ел чемпионы атанып, тарихта тұңғыш рет Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне шығып отыр. Өткен жылы Еуропа лигасында ойнап, екінші кезеңге дейін жеткен. 

«Астана» – «Спартакс Юрмала» арасындағы алғашқы кездесу 11 шілде күні Астанада өту керек болған. Бірақ, елордалық клуб Чемпиондар лигасындағы бұған дейінгі алғашқы ойындарын сырт алаңда өткізіп жүрген соң, биыл да осы дәстүрді сақтап, сырт алаңда өткізгенді жөн көрген. Сөйтіп, «Спартакс Юрмаламен» келіскен түрде ойын уақыттары ауысқан. Енді, алғашқы ойын 11 шілдеде «Слока» стадионында өтсе, жауап кездесуі 18 шілдеде Астанада өтеді. 

«Ертіс» - «Дунав»

Еуропа лигасы араға төрт жыл салып Павлодарға қайта оралды. 2013 жылы керекулік команда Еуропа лигасының екінші кезеңінде қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс босниялық «Широки Бриег» командасымен ойнап, екі ойын қорытындысы бойынша ұтылып қалған еді. Бұл команда туралы сәл кейінірек тоқталамыз. Еурокубок бәсекесін алғашқы болып «Ертіс» клубы бастайды. Павлодарлықтар өз үйінде 68 жылдық тарихы бар болгариялық «Дунав» командасын қабылдайды. «Дунав» 2015/2016 маусымда Болгарияның «В» чемпионатында бірінші орын иеленіп, бірінші лигаға өткен. Биылғы ел чемпионатын төртінші орынмен аяқтап, Еуропа лигасында екінші рет қатысуға мүмкіндік алып отыр. Бұған дейін болгариялық клуб 1974/75 жылғы маусымда алғаш рет ойнаған. Сол уақытта УЕФА Кубогы деп аталған жарыста (қазіргі Еуропа лигасы) Италияның «Ромасымен» кездескен. Өз алаңында өткен бірінші ойында болгариялықтар 1:0 есебімен тарихи жеңіске жеткен болса, сырт алаңдағы жауап ойынында екі гол айырмашылығымен ұтылып, жарыспен қош айтысқан. Бұл жолы да Димитар Димитров өз отандастарын жарыстан ерте шығарады деген сенімдеміз. Егер, «Ертіс» келесі кезеңге өтіп жатса, «Црвена Звезда» (Сербия) және «Флориана» (Мальта) жұбының жеңімпазымен ойнайтын болады.

Тағы бір айта кететіні, болгариялықтар сапында небәрі екі-ақ легионер ойнайды. Олар: македониялық қорғаушы Дарко Стоянов пен тәжікстандық жартылай қорғаушы Нуриддин Давронов. Клубтың қалған өкілдерінің барлығы жергілікті болгар елінің азаматтары. Сондай-ақ, «Дунавтың» қақпашысы Мартин Луков Болгария біріншілігіндегі 10 ойында қақпасына гол өткізбеген. Қос команда арасындағы ойын сағат 20:00-де басталады. Қарымта матч 6 шілде күні 20 мың орындық «Городской» стадионында өтеді.

«Қайрат» – «Атлантас»

Еуропа лигасындағы екінші ойын алматылық «Қайрат» пен литвалық «Атлантас» арасында өтеді. Литвалық клуб та қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Еуропа лигасының 2014/2015 маусымында қарағандылық «Шахтер» «Атлантаспен» екінші іріктеу кезеңінде жолығып, екі ойын қорытындысы бойынша 3:0 есебімен жеңгені әлі есімізде. 1962 жылы «Атлантас» клубының негізі қаланып, алғашында «Гранитас» деп аталған. Араға сегіз жыл салып, бүгінгі атауын иеленген.

2000 жылдан бері Еурокубок ойындарына үздіксіз қатысып келе жатқан команданың ең үлкен жетістігі қарағандылық «Шахтермен» өткізген ойыны. Сол жылы Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіне шыққан. Сонымен қатар, 2011 жылдан бері Литваның А лигасында ойнап келеді. Соңғы маусымда төртінші орын иеленіп, Еуропа лигасының жолдамасынан қағылған болатын. Бірақ, 2016 жылғы А лиганың чемпиондығымен қоса Литва кубогын «Жальгирис» командасы иеленген соң, біздегідей чемпионатта төртінші орын алған клуб ретінде Еуропа лигасына жолдама алған. Дегенмен, қарт құрлық турнирінде жолы болған команданың бірі десек болатын шығар. Ал, биылғы біріншіліктің 16-турынан кейін «Атлантас» командасы 21 ұпаймен қазірше төртінші орында тұр. Чемпионат аяқталуына әлі 12 тур бар. Олар бірінші орындағы «Жальгиристен» 17 ұпай қалып келеді.

Айта кетейік, команданы 2013-2017 жыл аралығында жаттықтырған ресейлік бапкер Константин Сарсания мамыр айының соңында ресейлік «Зенит» клубының спорттық директоры болып тағайындалған соң, «Атлантас» қазірше бас бапкерсіз қалды. Сондай-ақ, алғашқы ойынға екі клубтың капитандары қатыспайтыны белгілі болды. Бауыржан Исламхан былтырғы маусымда қызыл қағаз алғандықтан бір ойыннан тыс қалса, «Атлантас» капитаны жарақатына байланысты бүгінгі ойында командасына көмектесе алмайды.

Қос команда арасындағы жауап ойыны 6 шілде күні 5 мың жанкүйер сиятын Клайпедский атындағы орталық стадионда өтеді. Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіне өткен команда «Скендербеу» (Албания)/«Сан-Хулиа» (Андорра) жұбының жеңімпазымен жолығады.

«Ордабасы» - «Широки Бриег»

Еуропа лигасында сынға түсетін үшінші командамыз – шымкенттік «Ордабасы» клубы. 2012 жылы Еуропа лигасына алғаш қатысқан жылы екінші кезеңге дейін жеткен. Ал, кейінгі жылдары бірінші айналымнан ары аса алмай жүр. Биыл осы сеңді бұзса екен дейміз. «Ордабасы» клубы Еуропа лигасының биылғы маусымында Босния және Герцеговина елінің «Широки Бриег» командасымен ойнайды. Жоғарыда бұл команданың жанкүйерлерге жақсы таныс екенін, «Ордабасыға» дейін павлодарлық «Шахтер» клубымен Еуропа лигасында кездескенін айттық. Босниялық команда сол жылы «Шахтерді» жеңіп, үшінші кезеңде Қазақстанға италиялық «Удинезе» клубының келуіне мүмкіндік бермеген еді. «Шахтердің» жолын кескен ескі қарсылас араға төрт жыл салып, қазақстандық клубқа қайта тап келіп отыр. Осы жолы «Ордабасы» төрт жыл бұрынғы «Шахтердің» кеткен есесін қайтарады деп үміттенеміз.

«Широки Бриег» 1948 жылы Югославия мемлекеті кезінде құрылған. Босния және Герцеговина тәуелсіздік алғаннан кейін «Широки Бриег» клубы 2004 және 2006 жылдары Босния және Герцеговина чемпионатында топ жарған. 2004 жылдан бері Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасына жыл сайын үзіліссіз қатысып келе жатқан команда 2013 жылы Еуропа лигасының үшінші кезеңіне дейін сүрінбей жеткен. Қазірге дейін Еурокубок бәсекесіндегі ең үлкен жетістігі де осы.

Екі клуб арасындағы алғашқы ойын Шымкентте өтуі керек болған. Бірақ, Қажымұқан атындағы орталық стадионы УЕФА талаптарына сай келмегендіктен, «Ордабасы» клубы үйдегі ойындарын Алматыда өткізеді. Ал 29 маусымда «Қайрат» «Атлантасты» қабылдайтын болғандықтан «Ордабасы» – «Широки Бриег» арасындағы бірінші ойын Боснияда, ал жауап ойын 6 шілде күні Алматыда өтетін болып келісілді.

Еурододада ел үмітін ақтауға кіріскен барлық командаға білгенінен жаңылмасын деп тілейміз. Клубтарымыз ел қоржынына коэффициенттік ұпай қосып, топтық кезеңге шығу жолындағы алғашқы қадамдары сәтті болсын дейміз.

 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»

 

Соңғы жаңалықтар

Тоғыз жыл күткен жеңіс

Спорт • Бүгін, 11:30

Көңілден шыққан көрікті жер

Табиғат • Бүгін, 11:20

Дәрігерлер шыңы

Алматы • Бүгін, 11:10

Тау туризмі дамып келеді

Туризм • Бүгін, 11:05

Дулати дүниетанымы

Руханият • Бүгін, 10:55