Аймақтар • 29 Маусым, 2017

Таразда жолақы бағасы он теңгеге көтерілді

170 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда, Тараз қаласында қоғамдық көліктермен қатынау бағасы осы күнге дейін әлдеқайда төмен болатын. Мәселен, Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент секілді ірі қалалардағы жол жүру тарифіне қарағанда, Тараздағы тариф жиырма-отыз теңгеге болса да арзан еді.

Таразда жолақы бағасы он теңгеге көтерілді

Қалаішілік жол жүру құнының толық тарифі 55 теңге болып бекітілгелі де біраз жылдар өтті. Қарапайым халық үшін қолжетімді баға болып саналатын бұл тариф енді бірер күннен соң күшін жояды. Енді ағымдағы жылдың 8 шілдесінен бастап Тараз қаласында жолақы бағасы 10 теңгеге көтерілетін болды.

Тараз қалалық әкімдігінің хабарлауынша, «Қазақстан Республикасындағы  жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 31, 37 баптарына және «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі Заңының 19-бабына сәйкес, Тараз қаласындағы жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауда жол жүру тарифі барлық жолаушылар үшін 65 теңге болып бекітілді. Сондай-ақ, 1 және 11 сынып аралығындағы мектеп оқушылары үшін жол жүру құны 30 теңге, ал мектеп оқушыларының айлық бірыңғай жүру билеті 1000 теңге болып бекітілді.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы