Семинарды ашқан Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын бүгінде дін саласындағы ең басты міндет ел дамуының зайырлы қағидаттарын сақтау және нығайту екенін, осы ретте азаматтардың ар-ождан бостандығын сақтау, дінді таңдау немесе одан бас тарту құқығын қамтамасыз ету демократиялық модельдің мызғымас негізі екенін атап өтті.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда бүкіл әлем елдерінде діни экстремизм мен терроризм қаупі сақталып отыр. Сол себепті әрбір мемлекет етек-жеңін қымтап, қауіпсіздігін берік орнықтыру үшін пәрменді шараларды қабылдау қажет. «Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының Үшінші басымдығы ретінде дін саласындағы мәселелердің қозғалуы кездейсоқтық емес. Бұл әлемде және елімізде байқалып отырған радикалдық діни ағымдардың теріс идеяларының таралуынан туындап отыр. Қазақстан үшін жат діни идеологияның таралуы еліміздегі мұсылмандар қауымдастығының жіктелуіне, өздерін мемлекетке, қоғамға және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарсы қоятын адамдар қатарының қалыптасуына алып келеді. Сондықтан қауіптің алдын алу үшін мемлекеттік саясатты қазақстандық қоғамның дәстүрлі құндылықтарына негіздей отырып, күшейткен абзал», дейді Берік Сақбайұлы.
Ал Ұлттық кітапхана директорының кеңесшісі, белгілі саясаткер Айдос Сарым радикалдық діни ағымдарға тосқауыл қоюды ұлттық тұтастықты сақтаудан бастау керектігін айтты. Оның ойынша, бүгінгі қоғамда қандай да мәселеге деген немқұрайлылық басым. Егер әлдекім жат діннің жетегінде кетті десе, қоғамның белсенді азаматтары оның себебін іздеп, салдарымен бірлесіп күресудің орнына, жауапкершілікті өзгеге, билікке ысыра салуға бейім. «Мұндай немкеттілікпен берік қоғам негізін құра алмаймыз. Сондықтан діни радикализмнен туындайтын теріс көзқарастар мен әрекеттерге бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз қажет», деді ол.
Семинар барысында Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі журналистерді еліміздегі діни ахуал туралы сапалы әрі дәйекті ақпарат таратуға, деструктивті және экстремистік жалған діни идеялардың таралуына қарсы тұруға шақырды.
Сонымен қатар, ақпараттық өрісті діни тақырыппен толтырмауды да ойлау қажет. Соңғы уақытта жекелеген дискуссиялық алаңдарда жиілеп кеткен діни тақырыптағы талқылаулар да әртүрлі көзқарастар мен ұстанымдардың қалыптасуына алып келетін көрінеді. Сондықтан дін сияқты нәзік мәселеде журналистік әдепті сақтаудың да маңызы үлкен.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»