Патриотизм туралы, өзінің кіші Отанына деген сүйіспеншілік туралы әңгімені мен романтик, көнені сақтаушы, туризмді қолдаушы, өз Отанының турист-патриоттарының бірнеше ұрпағын тәрбиелеген мүшелері біздің батыр жерлестеріміздің өмір хронологиясын көптеген жылдан бері қалпына келтіріп жүрген және Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз кеткен атыраулықтарды іздестірумен айналысатын «Мирас» тобының жетекшісі Вячеслав Афанасьев туралы әңгімеден бастағым келеді.
Вячеслав Константиновичтің өмірбаяны мен істері өте таңғаларлық. Немересінің қалыптасуына үлкен әсер еткен атасы Григорий Тамбовцевтің үйі көне қала – Сарайшыққа жақын жерде орналасқан. Ол бала кезінен бастап өткен ұрпақтардың тарихы мен рухын сақтаған заттарды іздестірумен айналысты. Сарайшықтан алынған экспонаттар облыстық өлкетану мұражайына келушілердің назарын аударады. Афанасьев мұражайға 800-ден астам зат табыс етті. Клуб мүшелері он жылдан астам уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткен екінші дүниежүзілік соғысы жауынгерлерін іздеумен айналысады. Бүгінгі күні олардың арқасында көптеген отбасы өз туғандарының қай жерді мәңгілік мекен еткенін біле алды, өз жақынының қабіріне барып, оған тағзым ету мүмкіндігіне ие болды. Шын мәнінде жалпыға ортақ мақсатқа ұмтылудың нәтижесінде, еліміздің бостандығы үшін күрескен мыңдаған жауынгердің есімі нақтыланды. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында қаламызда ескерткіш мемориалдық тақта ашылды, бұл – үлкен тәрбиелік ықпалы бар іс.
Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының мүшелері осы қызғылықты іске қосылуға ниет білдірді. Олар ескерткіштерді, жауынгерлер жерленген жерлерді қамқорлыққа алады, бұл, әрине, оларды еліміздің өркендеуі үшін өз күші мен өмірін аямаған жандардың алдында бас июге тәрбиелейді. «Естелік» акциясын Ольга Павленконың басшылығымен «Довира» украин этномәдени бірлестігі де жүргізеді. Осы жұмыстардың арқасында наградалар өз батырларын тауып, медальдар Украинаны азат етушілерге, олардың балалары мен немерелеріне табысталды. Әлі де болса көп нәрсенің ашылмағаны біздің кейіпкеріміздің жанын ауыртады.
Мәдени-тарихи ескерткіш деп жарияланған біздің ескі қаламыздың байырғы тұрғындары Самарқан деп атайды. Олар көптеген теңдесі жоқ материалдар жинады. Вячеслав Константинович үшін «Туған жер» бағдарламасы бүкіл өмірін арнаған барлық бастамаларының жаңғыруы, екінші тынысы сияқты. «Былина» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Андрей Кораблев өз сөзінде қаланың тарихи ғимараттарының бірінде өлкетанушының барлық жұмыстары орналастырылатын мұражай ашқысы келетінін айтқаны қуантады.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша «Қазақстанның орыс, славян және казактар ұйымдарының қауымдастығы» филиалының төрағасы Владимир Завертник өз үлесін қосатын болады. Оның қасиетті орындар туралы айтары көп, өйткені, ол көп жыл бойы археологиялық зерттеу жұмыстарымен айналысып келеді. Ол жоба бойынша сарапшылық топ құрамында жұмыс істейтін болады.
Республикамызда тұратын корейлердің төртінші ұрпағы болып келетін «Тхоньиль» корей этномәдени бірлестігінің мүшесі Вера Шин әр уақытта «Менің Отаным – Қазақстан», дейді.
«Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады», деді Елбасы «Туған жер» жобасы туралы. Облыстық мәслихаттың депутаты Людмила Ли басшылық ететін «Тхоньиль» корей этномәдени бірлестігі қазақ тілін оқып-үйрену жобасын ойдағыдай іске асыруда. Ол әзірлеген авторлық бағдарлама бойынша оқыту бала жастан бастап жүргізіледі. «Көп адам қазақ тілін осы бай әрі көркем тілді білу мақсатында үйренгісі келеді», дейді ол.
«Осы Қазақстанда әртүрлі этностар бір кездері болған әділетсіздіктен пана тапты. Олар лагерьлерде қаза болды, ал тірі қалғандары Қазақ елін қалыптастыруға қатысты», дейді «Возрождение» болгар этномәдени бірлестігінің мүшесі, ардагер Владимир Стамов жақында облыстық Ассамблеяның сессиясында тұсауы кесілген өз кітабында.
«Қазақ халқы қуғын-сүргінге ұшырағандарға соңғы нанын бөліп берді, аса бай емес үйлердің өзі де қоныс аударған болгар, неміс, қырым татарларының балаларын өз қамқорлығына алды. Оларға төлқұжаттағы мәліметтеріне, көзінің түсіне қарамастан, адам баласы ретінде қарады. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, сыртқы жұмсақтығына қарамастан, бұл адамдар сенімсіз халықтың өмір сүруінің сенімділігіне ғана емес, мақсаттылығына да күмән келтірген мемлекеттік саясатқа қарсы тұра білді». Бұл – өзінің көп жылдық ісімен осыны дәлелдеген нағыз шынайы патриоттың сөзі. Қазір Владимир Стамов құрметті демалыста болса да жастарды Отанға, жалпыұлттық құндылықтарымызға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуді жалғастырып келеді.
«Алия» этномәдени бірлестігінің мүшесі София Ткачтың сөзін шын мәнінде туған жерін шын сүйетін адамның сөзі деп санауға болады: «Қазақстан – кім-кім үшін де арман мекен, – дейді ол. – Әртүрлі елдердегі көптеген еврейлер қазір де өзінің тарихи отанына қайтқысы келеді. Менің де Израильде туысқандарым бар. Дегенмен, мен оларға қызықпаймын, онда өмір тыныш емес. Ал біз бейбітшілік салтанат құрған елде, тыныштықта өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан да мен, көптеген басқа да қазақстандықтар сияқты, туған жерім туралы айтқым келеді».
Біз – бірлігіміздің арқасында мықтымыз. Бұл туралы жерлестеріміз, барлық этномәдени бірлестіктердің өкілдері айтады. Және бұл – ортақ ойымыз. Қазіргі таңда, этностық және діни қақтығыстар көптеген елдердің тұрақты дамуына қауіп төндіріп тұрғанда, Қазақстан жүйелі негізде жағымды этносаралық қатынастарды құру арқылы осы саладағы әлеуетті мәселелерді оңтайлы шешіп келеді.
Татарлардың «Татулық» (Гульсина Байкенова), грузиндердің «Иверия» (Зураб Бобохидзе), армяндардың «Таврос» (Гагик Плузян) этномәдени бірлестіктері біздің облыс өкілдері ретінде республика көлемінде өздерінің шығармашылық ұжымдарымен танымал. Олардың әрқайсысы өз халқының мәдениетін, сондай-ақ кіші отан мәдениетін жалғастырушылар болып табылады. Бизнес саласында туған өлкесінің дамуына немістің «Видербурт» (Александр Думлер), әзербайжанның «Новруз» (Эльдар Ахмедов) бірлестіктері де өз үлестерін қосып келеді. Бұл адамдардың қай-қайсысын да 100 есім тізіміне енгізуге болады.
Ұзақ жыл бойы «Прикаспийская коммуна» облыстық газетін басқарып келген журналистика саласының ардагері Любовь Монастырскаяның осы бағыттағы көп жылғы жұмысы да әбден атап өтуге тұрарлықтай. Ол Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ұлтаралық бірлік пен келісім мәселелеріне айтарлықтай деңгейде атсалысып жүр. 50 жыл бойы Атырау облысы этностары өкілдерінің, жерлестеріміздің еңбектегі ерліктері туралы жазып келеді. Ол корей этносының бірегей өкілі Кипони Огай туралы да кітап жазды. 16 жасында оны отбасымен бірге Қиыр Шығыстан жүк вагонымен беймәлім, кейін мәңгілікке туған болып қалатын, өлкеге алып келеді. Мұнай техникумын бітірген соң қарапайым мұнай барлау технигінен ірі мұнай кен орны директорына дейін көтерілді. Тұңғыш белгілі корей мұнайшысы Каспий атырабында өз атын мәңгілікке қалдырды. Теңіз кен орны маңындағы мұнай және газ сору құрылымы оның есімімен аталады. Ол небәрі 49 жас қана өмір сүрді. Алайда, өңірдің мұнай өндіру саласында өз ізін қалдырды. Сондықтан ол бүгінде қазақ даласының перзенті ретінде ұлықталады.
Любовь Монастырская сияқты журналистердің арқасында кейбір отандастарымызды таныту бойынша жұмыс жүргізіледі. Біздің істеріміздің эстафетасын сенімді қолға тапсыру мақсатында жастармен жұмыс жүргізуге ерекше назар аударамыз. Оны жүзеге асыруда жастарымыздың заманауи білім алып, оны Қазақстанның игілігіне жұмсауы, бәсекеге қабілетті болуы маңызды. Ұл-қыздарымызды патриотизм рухында тәрбиелеуге де үлкен мән беріп келеміз. Ал Елбасының мақаласында белгіленген міндеттерді табысты іске асыру үшін қоғамдық келісімнің қажет екендігі де талас тудырмайтын мәселе екені тағы анық.
Өз ойларымды Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы: «Туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды. Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз», деген сөздерімен аяқтағым келеді.
Гүлмира ШӘКІРОВА,
Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары