Қазақстан • 30 Маусым, 2017

«Туған жер» жобасының түп негізі – отаншылдық

546 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халық әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының бірі», – деді Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында. Ал мен өз істеріммен «Туған жермен» өзінің рухани жақындығын дәлелдейтін Каспий маңының тұрғындары туралы айтқым келеді, әрі олардың әрқайсысы «100 жаңа есім» тізіміне енуге лайық.

«Туған жер» жобасының түп негізі – отаншылдық

Патриотизм туралы, өзінің кіші Отанына деген сүйіспеншілік туралы әңгімені мен романтик, көнені сақтаушы, туризмді қолдаушы, өз Отанының турист-патриоттарының бір­неше ұрпа­ғын тәрбие­леген мүшелері біздің батыр жерлестеріміздің өмір хронологиясын көптеген жылдан бері қалпына келтіріп жүрген және Ұлы Отан соғы­сында хабар-ошарсыз кеткен атырау­лық­тарды іздестірумен айналысатын «Мирас» тобының жетекшісі Вячеслав Афанасьев туралы әңгі­меден бастағым келеді. 
Вячеслав Константиновичтің өмірбаяны мен істері өте таңға­лар­лық. Немересінің қалыптасуына үлкен әсер еткен атасы Григорий Тамбовцевтің үйі көне қала – Сарайшыққа жақын жерде орналасқан. Ол бала кезінен бастап өткен ұрпақтардың тарихы мен рухын сақтаған заттарды іздестірумен айналыс­ты. Сарайшықтан алынған экспонаттар облыстық өлкетану мұражайына келушілердің назарын аударады. Афанасьев мұражайға 800-ден астам зат табыс етті. Клуб мүшелері он жылдан астам уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткен екінші дүниежүзілік  соғысы жауынгерлерін іздеумен айналысады. Бүгінгі күні олардың арқасында көптеген отбасы өз туғандарының қай жерді мәңгілік мекен еткенін біле алды, өз жақы­ны­ның қабіріне барып, оған тағзым ету мүмкіндігіне ие болды. Шын мәнінде жалпыға ортақ мақ­сатқа ұмтылудың нәтижесінде, елі­міздің бостандығы үшін күрес­­кен мың­даған жауынгердің есімі нақты­ланды. Жеңістің 70 жыл­дығы қарсаңында қаламызда ес­керт­кіш мемориалдық тақта ашылды, бұл – үлкен тәрбиелік ықпалы бар іс.
Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қана­ты­ның мүшелері осы қыз­ғы­лықты іске қосылуға ниет біл­дірді. Олар ескерткіштер­ді, жауынгерлер жерленген жерлерді қам­қорлыққа алады, бұл, әрине, оларды елі­міздің өркендеуі үшін өз күші мен өмі­рін аямаған жан­дардың алдында бас июге тәр­биелейді. «Естелік» акция­сын Ольга Павленконың бас­шы­лығымен «Довира» украин этно­мәдени бірлестігі де жүргізеді. Осы жұмыстардың арқасында наградалар өз батырларын тауып, медальдар Украинаны азат етушілерге, олардың балалары мен немерелеріне табысталды. Әлі де болса көп нәрсенің ашыл­мағаны біздің кейіп­керіміздің жанын ауыр­тады. 
Мәдени-тарихи ес­керт­кіш деп жария­ланған біздің ескі қала­мыз­дың байырғы тұрғындары Самар­қан деп атайды. Олар көп­теген теңдесі жоқ материалдар жинады. Вячеслав Конс­тантинович үшін «Туған жер» бағ­дар­ламасы бүкіл өмірін арна­ған барлық баста­маларының жаңғыруы, екін­ші тынысы сияқ­ты. «Былина» этно­мәдени бір­лес­тігінің жетекші­сі Андрей Кораб­лев өз сөзінде қала­­ның тарихи ғимараттарының бірін­де өлкетанушының барлық жұмыс­тары орналастырылатын мұражай ашқысы келетінін айтқаны қуантады.
«Қазақстанның киелі жерлері­нің географиясы» жобасы бо­йынша «Қазақстанның орыс, славян және казактар ұйымдарының қауымдастығы» филиалының төрағасы Владимир Завертник өз үле­сін қосатын болады. Оның қа­сиет­ті орындар туралы айтары көп, өйткені, ол көп жыл бойы ар­хео­­­логиялық зерттеу жұ­мыс­тары­­мен айналысып келеді. Ол жоба бо­йынша сарапшылық топ құ­ра­мында жұмыс істейтін болады.
Республикамыз­да тұ­ра­тын корейлердің төртінші ұрпағы болып келетін «Тхоньиль» корей этномәдени бірлестігінің мүше­сі Вера Шин әр уақытта «Менің Отаным – Қазақстан», дейді. 
«Патриотизм кіндік қаның там­ған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған же­ріңе деген сүйіспеншіліктен бас­та­лады», деді Елбасы «Туған жер» жобасы туралы. Облыстық мәс­ли­хаттың депутаты Людмила Ли бас­шылық ететін «Тхоньиль» ко­рей этномәдени бірлестігі қазақ тілін оқып-үйрену жобасын ой­да­ғы­дай іске асыруда. Ол әзір­­ле­ген авторлық бағдарлама бо­­йын­­­ша оқыту бала жастан бас­тап жүр­­гізі­леді. «Көп адам қазақ ті­лін осы бай әрі көркем тілді білу мақ­­­­сатын­да үйренгісі келеді», дейді ол. 
«Осы Қазақстанда әртүрлі этностар бір кездері болған әді­лет­сіз­­діктен пана тапты. Олар лагерьлерде қаза болды, ал тірі қалғандары Қазақ елін қалып­тастыруға қатыс­ты», дейді «Возрождение» болгар этномә­дени бірлестігінің мүше­сі, ардагер Владимир Стамов жа­қын­­­да облыстық Ассамблеяның сес­сия­­сында тұсауы кесілген өз кітабында.
«Қазақ халқы қуғын-сүргінге ұшырағандарға соңғы нанын бөліп берді, аса бай емес үйлердің өзі де қоныс аударған болгар, неміс, қырым татарларының балаларын өз қамқорлығына алды. Олар­ға төлқұжаттағы мәліметтеріне, көзінің түсі­не қарамастан, адам баласы ретінде қарады. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, сыртқы жұм­сақ­тығына қарамастан, бұл адам­дар сенімсіз халықтың өмір сүруі­нің сенімділігіне ғана емес, мақ­сат­тылығына да күмән келтір­ген мемлекеттік саясатқа қарсы тұра білді». Бұл – өзінің көп жылдық ісімен осыны дәлелдеген нағыз шынайы патриоттың сөзі. Қазір Владимир Стамов құрметті демалыста болса да жастарды Отанға, жалпыұлттық құн­дылық­тары­мызға деген сүйіс­пен­шілікке тәр­биелеуді жалғас­тырып келеді. 
«Алия» этномәдени бірлестігі­нің мүшесі София Ткачтың сөзін шын мәнінде туған жерін шын сүйетін адамның сөзі деп санауға болады: «Қазақстан – кім-кім үшін де арман мекен, – дейді ол. – Әртүрлі ел­де­рдегі көптеген еврей­лер қазір де өзі­нің тарихи отанына қайтқысы келе­ді. Менің де Израильде туыс­қан­дарым бар. Дегенмен, мен оларға қызықпаймын, онда өмір тыныш емес. Ал біз бейбітшілік сал­танат құрған елде, тыныштықта өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан да мен, көптеген басқа да қазақ­стан­дықтар сияқты, туған жерім туралы айтқым келеді».
Біз – бірлігіміздің арқасын­да мық­ты­мыз. Бұл туралы жер­лес­тері­міз, барлық этномәдени бірлестіктердің өкілдері айтады. Және бұл – ортақ ойымыз. Қазіргі таңда, этностық және діни қақтығыстар көптеген елдердің тұрақты дамуына қауіп төндіріп тұрғанда, Қазақстан жүйелі негізде жағымды этносаралық қатынастарды құру арқылы осы саладағы әлеуетті мәселелерді оңтайлы шешіп келеді. 
Татарлардың «Татулық» (Гуль­­сина Байкенова), грузиндер­дің «Иверия» (Зураб Бобохидзе), армяндардың «Таврос» (Гагик Плузян) этно­мә­дени бірлестіктері біздің облыс өкілдері ретінде рес­пуб­лика көлемінде өздерінің шығар­машылық ұжымдарымен танымал. Олардың әрқайсысы өз халқының мәдениетін, сон­дай-ақ кіші отан мәдениетін жал­ғас­тырушылар болып табылады. Бизнес саласында туған өлке­сінің дамуына немістің «Видер­бурт» (Александр Думлер), әзер­бай­жанның «Новруз» (Эльдар Ахмедов) бірлестіктері де өз үлес­­­терін қосып келеді. Бұл адам­­дар­­дың қай-қайсысын да 100 есім тізі­міне енгізуге болады.
Ұзақ жыл бойы «Прикаспий­ская коммуна» облыстық газетін бас­қарып келген журналис­ти­ка саласының ардагері Любовь Монастырскаяның осы бағыт­тағы көп жылғы жұмысы да әбден атап өтуге тұрарлықтай. Ол Аты­­рау облысы Қазақстан халқы Ассам­блеясының мүшесі, ұлтара­лық бірлік пен келі­сім мәселелеріне айтарлықтай деңгейде атсалысып жүр. 50 жыл бойы Атырау облысы этностары өкілдерінің, жерлестеріміздің еңбектегі ерлік­тері туралы жазып келеді. Ол корей этносының бірегей өкілі Кипони Огай туралы да кітап жазды. 16 жасында оны отбасымен бірге Қиыр Шығыстан жүк вагонымен беймәлім, кейін мәңгілікке туған болып қалатын, өлкеге алып келеді. Мұнай техникумын бітірген соң қарапайым мұнай барлау технигінен ірі мұнай кен орны директорына дейін көтерілді. Тұңғыш белгілі корей мұнайшысы Каспий атырабында өз атын мәңгілікке қалдырды. Теңіз кен орны маңындағы мұнай және газ сору құрылымы оның есі­мі­мен аталады. Ол небәрі 49 жас қана өмір сүрді. Алайда, өңір­дің мұнай өндіру саласында өз ізін қалдыр­ды. Сондықтан ол бүгінде қазақ дал­а­сының перзенті ретінде ұлық­талады.     
Любовь Монастырская сияқ­ты журналистердің арқасында кей­бір отандастарымызды таныту бо­йынша жұмыс жүргізіледі. Біздің істеріміздің эстафетасын сенімді қол­ға тапсыру мақсатында жастармен жұмыс жүргізуге ерекше назар аударамыз. Оны жүзеге асыруда жастарымыздың заманауи білім алып, оны Қазақстан­ның игілігіне жұмсауы, бәсеке­ге қабілетті болуы маңызды. Ұл-қ­ыз­дарымызды патриотизм рухында тәрбиелеуге де үлкен мән беріп келеміз. Ал Ел­басы­ның мақаласында белгі­ленген міндет­­терді табысты іске асыру үшін қоғамдық келісімнің қажет екен­дігі де талас тудырмайтын мәселе екені тағы анық. 
Өз ойларымды Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақа­ласындағы: «Туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды. Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қос­қан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап баға­ланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз», деген сөздерімен аяқтағым келеді.

Гүлмира ШӘКІРОВА,
Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары