30 Маусым, 2017

Тақтатастан мұнай өндіру табыс көзіне айнала ма?

928 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан біраз бұрын әріптесіміз Жылқыбай Жағыпарұлы «Тақтатас төңкерісіне тәуелділік» атты мақала жазып, АҚШ-та осы үдерістің шарық­тау шыңына шыққандығын, сөйтіп енді әлемде тақтатас төңкері­сінің басталуы әбден мүмкін екен­дігін жеріне жеткізе жазған-ды.

Тақтатастан мұнай өндіру табыс көзіне айнала ма?

Әріптесімнің баяндауынша, әлем­дік мұнай монополисі Сауд Ара­биясы «қара алтынның» әлемдік нарықтағы бағасын күрт құлдырату арқылы АҚШ тақтатасынан мұнай мен газ өндіре бастаған компа­ниялар жұмыстарын уақытша тоқтатуға мәжбүр еткенімен, осыдан арыға шамасы келмейтін түрі бар. Өйткені, АҚШ компаниялары мұнай бағасы күрт құлдырап кеткен соңғы бірер жылдың өзінде өндірістерін доғар­ғанымен, уақытты босқа жібер­мепті. Олар ғалымдардың көмегімен тақ­та­тастан неғұрлым арзан бағаға мұнай мен газ өндіретін тіптен жаңа технологияға қол жеткізіп үлгерген. Сөйтіп, ендігі кезекте АҚШ-та баста­лып кеткен тақтатас төңкерісін әртүрлі амалдармен тежеп отырудың өзі оңай болмайтын түрі бар.
Сонымен, әлемде тақтатас (сланец) төңкерісі басталып кетті дейік. АҚШ-та басталған бұл үдерістің күні ертең бізге де жетіп келмесіне кім кепіл?!
Бұлай деп ой қозғауымызға соңғы кездері мықтап белең ала бастаған мына факторлар себеп болуда: Біріншіден, жаңа технологиялар қазір барынша жедел таралу үстінде. Оған сол техно­логиялардың жедел таралуына ықы­ласты болып отырған бизнес түрткі болуда. Мәселен, осындай ниет­тегі АҚШ компанияларының жаңа техно­логиялары қазір басқа елдерге де қол­жетімді бола түскен.
Екіншіден, тақтатастың мол қоры тек АҚШ-та ғана емес, басқа елдерде де бар екендігі анықталуда. Еуропалық елдердің арасында осындай көлемді қор Германиядан табылып, оны өндіруге АҚШ-тың ExxonMobil компаниясы шақырылған. Деректерге қарағанда, Германиядағы сланецтің анықталған қорынан 1,3 триллион текше метр газ өндіруге болады. Бұл елдің «көгілдір отынға» деген қажетін 13 жыл бойы өтеуге жетеді. Сондай-ақ, көршіміз Өзбекстанда да тақтатастың мол қоры бар екендігі анықталған.
Жалпы, халықаралық энергети­калық агенттіктің мәліметі бойынша әлемде кәдімгі мұнайдың 1,3 триллион баррель қоры болса, тақтатас мұнайының қоры 5 триллион баррель деп есептеледі. Сарапшылардың бірқатары осы қордың басым бөлігі АҚШ-та шоғырланған деп есептесе, енді бір сарапшылар Қытай мен Ресей қоры да одан кем түспейді деп санайды. Бұл туралы әлі бір ортақ тұжырымның болмауына тақтатас қорларының әлемде әлі толық зерттелмегендігі әсер етіп отырса керек.
Енді біз өзімізге келейік. Қазақ­стан­да тақтатастың мол қорының бар екендігі осыдан көп бұрын, өткен ғасыр­дың 50-60-жылдарының өзінде анықталған болатын.
Геоло­гия институтының қызмет­кері Борис Цирельсонның деректері бойынша, Қазақстандағы тақтатас қоры 5-6 миллиард тоннаны құраса, соның 4-4,5 миллиард тоннасы бір ғана Кендірлік кен орнында (Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданы), қалған елеулі бөлігі Байғожа (Оңтүстік Қазақстан) және еліміздің батысындағы Орал маңайы кен орындарында шоғырланған. «Бұл кен орындарындағы тақтатас қоры жердің беткі қабатында, яғни 10 метрге дейінгі тереңдікте жатыр. Жер бетіне таяу орналасқандықтан кезінде оларды карьерлік тәсілмен-ақ өндіруге болады деп есептелген. Өкінішке қарай, елімізде соңғы онжылдықтарда тақтатас­қа қатысты геологиялық бар­лау жұмыстары жүргізілген жоқ. Сондықтан, жердің терең қойнау­ларында не бар екендігін біз біле бермейміз», дейді Б. Цирельсон.
Осыдан 15 жылдай уақыт бұрын, «Еге­мен Қазақстанға» қызметке енді ор­на­­ласып жатқан кезімде пойызда келе жа­тып, бір мықты геологпен әңгіме­лескен едім. Ол кісінің айтуы бойынша, Зайсандағы тақтатастың қоры өте мол. «Ол қор Зайсан мен Аягөзге дейінгі аралықта жер астын­дағы тау секілді созылып жа­тыр», деген еді сол геолог.
Б.Цирельсон айтып отырған Кен­дір­лік кен орны – Зайсан ауданы­ның аумағында жатқан шағын жер. Ал геолог ағамыз айтқан жердің көлемі өте үлкен. Сондықтан, бұл жерде Б.Цирельсон Зайсандағы тақтатас­тың нақты анықталған көлемі, ал гео­лог ағамыз болжамды көлемі туралы әңгіме қозғады деп ұғамыз. Яғни, терең барлау жұмыстарын жүргізе­тін болса, Зайсан тақтатасының қоры қазіргідегіден әлдеқайда мол болуы мүмкін. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, 
«Егемен Қазақстан»