– Талғат Сәбитұлы, Қазақстан әскери білім беру көшбастаушысының қалыптасуы қалай болғандығын айтып берсеңіз?
– Алдымен мынаны атап өткен жөн, Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның Армиясын құрған алғашқы күндерден бастап әскери кадрларды даярлаудың отандық жүйесін жолға қоюды міндет етіп қойды. Бұл орайда ширек ғасыр ішінде білім берудің ұлттық жүйесі (Кадет корпусы – Әскери институттар және кафедралар – Ұлттық қорғаныс университеті) құрылды, олар негізгі әскери мамандықтар бойынша кіші командалық буын – сержанттардан бастап жоғары құрам – генералдарға дейін әскери кадрлар даярлаудың толық циклын қамтамасыз етуде. Ал шетелде оқыту азайтылды, тек қана сирек және саны аз мамандықтар бойынша ғана сырт жерде білім алады.
Әскери оқу орындары арасында шын мәнінде биыл өзінің 20 жылдығын атап өтетін Ұлттық қорғаныс университеті (ҰҚУ) ерекше орынды иеленді. Бұл әскери оқу орнының тарихы 1997 жылдан басталады, сол кезде Мемлекет басшысының шешімі бойынша Алматы жоғары әскери училищесінің базасында офицерлік кадрларды дайындау жүйесін жетілдіру және әскери ғылымды дамыту мақсатында Әскери академия құрылды. Ол 2002 жылы Щучинск қаласына көшірілді. 2003 жылы Ұлттық қорғаныс университеті болып қайта ұйымдастырылды. Бұл жоғары әскери оқу орны 2014 жылы елордаға, жаңа заманауи ғимараттар кешеніне көшіп кірді. Соның нәтижесінде магистранттар мен докторанттарды 2 есеге көптеп оқытуға мүмкіндік туды.
Университеттің құрылған күннен қалыптасуға дейінгі кезеңнен өтуіне Мемлекет басшысының қамқорлығында болғанын ескере отырып, сол жылы оған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының аты берілді.
Қазіргі кезде ҰҚУ ірі ведомствоаралық оқу-әдістемелік және ғылыми орталық ретінде қалыптасты, мұнда Қарулы Күштердің, басқа әскерлер мен әскери құрылымдардың (Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі және Мемлекеттік күзет қызметі) офицерлерін даярлау, қайта даярлау және біліктіліктерін көтеру жүзеге асырылады. Сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша әскери басқару, ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрлардың біліктіліктерін арттыру, оперативтік-тактикалық және оперативтік-стратегиялық (стратегиялық) деңгейлерін жетілдіру және іргелі, қолданбалы әскери-ғылыми зерттеулер жүргізіледі.
Осылайша, Ұлттық қорғаныс университетінің құрылуымен офицерлік кадрларды даярлаудың мынадай біртұтас жүйесі түзілді:
• әскери институттарда және кафедраларда тактикалық буын;
• ҰҚУ магистратурасында оперативтік буын;
• ҰҚУ «Бас штаб академиясы» факультетінде стратегиялық буын;
• ҰҚУ докторантурасында ғылыми-педагогикалық кадрлар.
– Әскери кадрларды даярлау процесінде Ұлттық қорғаныс университетінің рөлі қандай?
– Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы ғимараттардың жаңа кешенін ашу кезінде тапсырма беріп: «Түлектер заманның жоғары талаптарына сай болуы, көшбасшылық қасиеттерді меңгеруі, тек әскери мәселелерге ғана емес, сондай-ақ экономикада, қаржы және бюджет саласында үздік мамандар болуы керек. Сонымен қатар әлемде болып жатқан әскери-саяси жағдайда терең саралауы тиіс», деген болатын. Бұдан басқа, тілдерді білетін, кез келген жағдайда жедел әрекет ететін, дұрыс шешім қабылдай алатын, түпкі нәтижелер үшін оның орындалуы мен жауапкершілігін сезінетін басшыны (сардарды) өсіріп шығару міндеті қойылды.
Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру және Қарулы Күштерді басқарудың жоғары буынына офицерлік кадрлар қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында, 2014 жылдың тамыз айында Университетті дамыту стратегиясы жасалды. Онда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының оң тәжірибесі ескерілді.
Оқыту 7 факультетте жүзеге асырылады: олар Бас штаб академиясы, Командалық-штабтық, Әскери-гуманитарлық ғылымдар, Біліктілікті арттыру, ҚР Ұлттық ұланы, ҰҚК Шекара қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі деп аталады.
Магистратурада оперативтік буынға офицерлер дайындау бағытын талдай отырып, мынадай алға ұмтылысты көруге болады: егер 2014 жылы мамандықтардың 1 тобы және 7 мамандандыру бойынша оқыту жүргізілсе, қазіргі таңда – мамандықтардың 5 тобы және 25 мамандандыру бойынша, оның ішінде мынадай мамандықтар оқытылуда:
• Әскери істегі стратегиялық менеджмент;
• Әскери істегі менеджмент;
• Әскери істегі логистика;
• Әскери ұжымдағы әлеуметтік-идеологиялық жұмыс.
Университеттің мақтанышы «Қарулы Күштердің Бас штабы академиясы» факультеті болып табылады. Аталған факультет басқарудың жоғары буынына әскери кадрлар дайындау бойынша Әскери өнердің орталығына айналды. Атап айтқанда, бұл факультеттің түлектері негізінен әскери ұйымдастыру ісіне қатысуда, Қарулы Күштердің даму бағытын анықтауда, басқа әскерлер мен әскери құрылымдардың жетілуіне зор үлес қосуда. Оқыту процесінде түлектерге мынадай өзекті құзыреттер қалыптастырады – әскерлерді өздігінен басқару және тиімді қамтамасыз ету қабілеттерін ұштайды, әскер топтарын ұрыс қимылдарына бейімдеу бойынша жоспарлауды іске асырады. Дәстүрлі және ұрыс қимылдарын жүргізуге тың әдістер қолдануға машықтандырады. Басқа әскерлермен және әскери құрылымдармен тиімді өзара әрекет етуді үйлестіреді. Бұның бәрі сайып келгенде әскери және мемлекеттік басқару саласында тиімді қызмет етуге көп септігін тигізетіні сөзсіз.
Сонымен бірге, профессорлық-оқытушылар құрамы (ПОҚ) магистранттармен және докторанттармен бірлесіп заманауи жергілікті соғыстардың және әскери шиеленістердің тәжірибесін мұқият талдайды. Оның қорытындылары тактикалық, оперативтік және стратегиялық даярлаудың барлық деңгейлеріндегі оқыту процесіне (жаңа мамандықтарды енгізу, оқыту бағдарламалар және оқытылатын пәндер кезінде) жедел енгізіледі. Бұл ұйымдастыруды жетілдіруге ықпал етіп, офицерлер даярлауда мазмұнды әрі технологиялық негіздерді игеруге жағдай жасайды. Мәселен, соңғы кезде білім берудің мынадай бағдарламалары енгізілді: заманауи әскери шиеленістер; батыстық оперативтік өнер мен логистика; арнайы операциялар күштері; стратегиялық іс-қимылдарды модельдеу; геоақпараттық жүйелер; әскери логистика; ақпараттық-психологиялық күрес; аумақтық қорғаныс және басқалар.
Оқыту процесінің ерекшелігі магистранттарға дербес білім беру және оның практикалық бағдарлануы болып табылады. Оқытудың әр кезеңі штабтық жаттығулар және кешенді оперативтік-тактикалық және стратегиялық міндеттерді шешумен әскери ойындарды өткізумен аяқталады. Сонымен бірге, профессорлық-оқытушылар құрамы, магистранттар, докторанттар және ғылыми қызметкерлер қатарынан Қарулы Күштер ауқымында өткізілетін іс-шараларға оперативтік және әскери даярлықты талдау үшін ғылыми-зерттеу топтары құрылды. Олар Қарулы Күштердің барлық ірі ауқымдағы жаттығуларына, сондай-ақ халықаралық «Айбалта», «Өзара іс-қимыл», «Орталық», «Қаратау» әскери жаттығуларына қатысты.
Білім беру процесінің маңызды құрамдас бөлігі курстық даярлау болып табылады. Ол Қарулы Күштердің, сондай-ақ Ұлттық ұланның, ҰҚК Шекара қызметінің, Әскери прокуратураның әскери қызметшілері, әскери жоғары оқу орындары профессорлық-оқытушылар құрамы және кафедралары, мемлекеттік органдардың басшы құрамы мен сержанттар құрамы үшін біліктілікті арттыру факультетінде ұйымдастырылған.
Жоғары оқу орнының оқу-материалдық базасы ведомствоаралық білім беру және ғылыми-әдістемелік іс шараларды ұйымдастыруға және пайдалануға бейімделген. Ведомствоаралық курстарда біліктілікті арттыру жыл сайын 424 адамнан 1200 адамға дейін ұлғайды. Жалпы алғанда, соңғы үш жыл ішінде 5 мыңнан астам әскери қызметші біліктіліктерін жетілдірді.
Тұтастай алғанда, университет құрылған уақыт ішінде Қарулы Күштер, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі үшін әскери-әкімшілік және мемлекеттік басқару бойынша мыңнан астам офицер жоғары әскери білім алды. Түлектер арасынан 11 генерал шықты, олардың арасында генерал-майорлар Т.Қойбақов, А.Рыспаев, Д.Оспанов бар.
Түлектерді жоғары деңгейде дайындауға біріншіден, жоғары білікті ПОҚ қамтамасыз етеді. Олар негізінен ғылым докторлары мен кандидаттары, философия докторлары (PhD), профессорлар және доценттер, екіншіден, білім беруді жүргізуге жетекші отандық және шетелдік әскери сарапшылар тартылды, үшіншіден, білім беру процесі ақпараттандырылды, төртіншіден, бай кітапхана қоры игі ықпалын тигізді.
Соңғы жылдары ПОҚ-тың сапалық көрсеткіштері едәуір жақсарды: ғылым докторларының саны 9-ға, ғылым кандидаттарының саны 27-ге жетті, философия докторлары (PhD) қатары 18-ге толықты. ПОҚ білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда оқытудың озық әдістерін қолданады. Оқытушылардың көпшілігі әлемнің жетекші әскери академияларында және университеттерінде оқып, тағылымдамадан өтті.
Біздің магистранттардың және докторанттардың білімдерін толықтыру үшін оқу процесін ақпараттық қамтамасыз етудің толық спектрі бар, кітапхана қорымен қатар әлемнің 52 миллион электронды басылымы қолжетімді.
– Университетте ғылыми-зерттеу жұмыстары қандай бағыттар бойынша ұйымдастырылған?
– ПОҚ және Әскери ғылыми-зерттеу орталығы (ӘҒЗО) қызметкерлері жүргізетін ғылыми зерттеулер мемлекеттің әскери қауіпсіздігі және қорғанысының басымды міндеттерін шешуге және басқа әскерлермен және әскери құрылымдармен өзара іс-әрекетте Қарулы күштерді қолдануға бағытталған. ӘҒЗО жанында екі ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді, олар: Әскери өнер; Қару-жарақ және әскери техника. Құрамында 7 әскери-ғылыми зертхана бар, атап айтқанда: ұрыс қимылдарын имитациялық модельдеу, әскери-ғарыштық бағдарламалар, инжиниринг және 3D-принтинг; ақпараттық, құзыреттіліктер; әскерлерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі; киберполигон және радиожиілік спектрі мониторингін зерделеу. Сондай-ақ, кафедралардың 20 оқу зертханасы жұмыс істейді, оларда ақпараттық және коммуникациялық технологияларды қолдана отырып оқытудың жаңа формалары мен әдістерін енгізуге мүмкіндік береді.
Ұрыс қимылдарын имитациялық модельдеу зертханасын ерекше атап айтқым келеді. Онда автоматтандырылған жұмыс орындары жергілікті желіге біріктірілген. Зертхана ірі ведомствоаралық, оның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде жаттығуларды өткізуге мүмкіндік береді. Магистранттар кешенді оперативтік-стратегиялық міндеттерді шешу үшін графикалық, мәтіндік және мультимедиялық ақпаратпен алмасады.
Әскери-ғарыштық бағдарламалар зертханасында аппараттық-студиялық кешен құрылған, онда ғарыштық зерттеулердің іргелі бағдарламалары, Жер серіктерінен алынған суреттердің мәліметтерін және деректерін түзуге дейін жұмыстар талданады.
Университетте құрылған барлық ғылыми-зертханалық база магистранттарға және докторанттарға теориялық білімді жете сіңіруге және оқу кезеңінде шеберліктерін шыңдауға ықпал етеді.
Қорғаныс министрлігінің және Қауіпсіздік Кеңесінің тапсырысы бойынша жоғары оқу орнының ғалымдары 140-тан астам ғылыми-зерттеу жұмысын орындады. 70-тен астам монография шығарылып, мыңнан астам ғылыми мақалалар жарияланды, 150-ден астам конференция, симпозиум және семинар өткізілді. Ғылыми қызметкерлер мен ПОҚ 13 инновациялық патент және 5 авторлық куәлік алды. 1998 жылдан бастап «ҰҚУ хабаршысы» және «Бағдар» журналдары шығады.
ӘҒЗО еліміздің жетекші жоғары оқу орындары – Назарбаев Университеттің, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің, Әскери ғылымдары академиясының және «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-тың ғалымдарымен бірлесіп, оның ішінде отандық Қорғаныс-өнеркәсібі кешенінің мүддесі үшін зерттеулер жүргізеді. Мұндай талдамалар, әсіресе ұшқышсыз ұшатын аппараттардың тактикалық буынын, қазақстандық роботтандырылған атыс кешенін, әскери бағыттағы іштен жану қозғалтқыштары бар автомобильдерге арналған сутегі қондырғысының баламасын жасауға мүмкіндік беріп, ІV Халықаралық қару-жарақ және «KADEX-2016» әскери-техникалық мүлік көрмесіне ұсынды.
ҰҚУ жоғары білікті әскери ғылыми және педагогикалық кадрларды жоғары оқу орнынан кейін дайындаудың орталығы болып табылады. Қазіргі таңда күндізгі және қашықтықтан білім беру технологиясы бойынша «Әскери өнер», «Қару-жарақ және әскери техника», «Әскер тарихы» үш білім беру бағдарламасы негізінде докторантурада әскери ғалымдарды даярлау ұйымдастырылған. «Әскери іс және қауіпсіздік» мамандығы бойынша докторлық диссертациялық кеңес жұмыс істейді.
– Қазіргі кезде ҰҚУ бірқатар шетелдік әскери жоғары оқу орындарымен және ұйымдарымен ынтымақтастықта. Енді осы туралы толығырақ айтып берсеңіз.
– Университеттің халықаралық ынтымақтастық жасауы НАТО-ның «Бейбітшілік үшін әріптестік» бағдарламасы бойынша, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мүше-мемлекеттерімен, ТМД елдерімен, Қазақстан және АҚШ Қорғаныс күштері арасында әскери келісімшарттар жоспары шеңберінде ұйымдастырылады және іске асырылады.
Халықаралық ынтымақтастықтың негізгі мақсаттары мыналар болып табылады:
• халықаралық бағдарламалар шеңберінде оқу бағдарламаларымен, әдебиетпен және материалмен алмасу;
• келісілген тақырып бойынша сабақтар жүргізу үшін басқа елдердің әскери жоғары оқу орындарының ПОҚ-ын тарту;
• оқыту процесінде оқытудың тәжірибесін алмасу және инновациялық технологияны пайдалану бойынша іс-әрекетті үйлестіру;
• бірлескен әскери ғылыми-зерттеулерді жүргізу;
• басқа елдердің әскери оқу орындарындағы ресми ақпараттық көздерге қазақстандық әскери зерттеулер үшін жарияланымдар мүмкіндігін ұсыну.
Оқу мекемесінің базасында 2014 жылдан бері ғылыми-техникалық консорциум құрылды, ол ҚӨК кәсіпорындарын біріктіреді.
Шетелде университетті кеңінен таныстыру мақсатында халықаралық ынтымақтастық кеңеюде, оның шеңберінде Ресейдің, АҚШ-тың, Қытайдың, Түркияның, Германияның, Францияның, Беларустың және басқа елдердің әскери және азаматтық жоғары оқу орындарымен 40-тан астам меморандум және келісім жасалды. 2015 жылдан бастап ҰҚУ ТМД-ның 140 ЖОО-сын біріктіретін Еуразиялық университеттер қауымдастығының құрамына кірді және Еуропадағы 150 жетекші жоғары оқу орны құрамына мүше болды. ҰҚУ ТМД жоғары әскери оқу орындары қауымдастығын құруға бастамашылық етті.
Бұл беделді ұйымдарға мүше болу мынадай мүмкіндіктер береді:
• бұл ұйымдардың мүшелері – жетекші еуропалық жоғары оқу орындарымен әріптестік байланысты орнатады және ынтымақтастық шеңберін кеңейтеді;
• мамандар даярлау пішімін арттырып, ҰҚУ білім беру бағдарламаларына қатысуға шетелдік профессорларды тартады;
• ақпараттық технологиялар ғасырында жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беруді жетілдіруге жалпы қолайлы жағдай жасайды;
• шетелдік жоғары оқу орындарында және зерттеу орталықтарында оқыту және тағылымдамадан өту үшін магистранттарға және докторанттарға жол жүруге – академиялық тәжірибе алмасуды реттейді.
Сондай-ақ халықаралық әскери ынтымақтастықты дамыту шеңберінде шетелдердің елшіліктерімен бірлесіп АҚШ, Түркия, ҚХР, Үндістан армияларының және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы класының әскери өнер аудиториялары ашылды. Мемлекеттің ұлттық қауіпсіздіктің және қорғаныстың ең көкейкесті мәселелері бойынша үш жыл ішінде магистранттарға және докторанттарға арналып 2 мыңнан астам белгілі шетелдік саясаткерлердің және әскери өнер, стратегия, геосаясат, ақпараттық қауіпсіздік және басқа бағыттар саласындағы мамандардың қатысуымен 300-ден астам халықаралық оқыту шарасы өткізілді. Оған АҚШ, Ресей, Қытай, Жапония, Иран, Канада, Оңтүстік Корея, Литва және басқа елдердің өкілдері белсене қатысты. Олардың арасында генерал-лейтенант М.Гаррет (АҚШ), бригада генералы Т.МакГуайер (АҚШ), генерал-полковник Л.Ивашов (РФ), профессор С,Викулов (РФ), контр-адмирал Х.Сайари (Иран), полковник Т.Тойода (Жапония) және подполковник Лионель де Ланжерон (Франция) тәрізді әскери саланың мықтылары атсалысты.
Шетелдік сарапшылардың магистранттармен және докторанттармен кездесуі халықаралық әскери ынтымақтастықты дамытуға, өзара сенімді нығайтуға ықпал етіп, әскери кадрларды дайындау процесінде алға ілгерілеу үшін мүмкіндігін ашады. Әскери істі дамытуда заманауи үрдісті ескере отырып магистранттарды дайындау бағдарламасы жетілдіріледі.
ҰҚУ базасында бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар өткізілді:
• ТМД Қорғаныс министрлері кеңесінің 66-шы отырысы;
• ТМД-ға қатысушы-мемлекеттер шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің 74-ші отырысы;
• «Қазіргі заманғы жаһандық қатерлер»: қарсы тұру әрекетін бағалау тәсілдері» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел отырысы;
• Түркітілдес мемлекеттер (ТЮРКОН) арнайы қызметтер конференциясының 19-шы отырысы;
• «Ақпараттық соғыс қазіргі заманғы шиеленіс мәселелесі ретінде» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел отырысы.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мүше-мемлекеттері үшін әскери кадрларды бірлесіп дайындаудың білім беру мекемелері тізіліміне ЖОО-ның кіргізілгендігін атап өткен жөн. Қазір мұнда Армениядан, Қырғызстаннан және Тәжікстаннан келген әскери қызметшілер оқуда. 2005 жылдан бастап бұл мемлекеттерге 370-тен астам офицер даярланды.
– Талғат Сәбитұлы, әңгімемізді қорытындылай отырып, университеттің алдағы кездегі даму перспективаларына тоқталсаңыз?
– Біз алдағы кезде де жаңа тұрпаттағы жоғары білікті әскери мамандарды даярлау орталығын дамыту бойынша жұмысты жалғастыра береміз.
Дамудың өзекті бағыттары ретінде шетел мамандарын даярлауды кеңейту; ғылыми-эксперименттік базаны дамыту (технопарк, стратегиялық іс-әрекетті моделдеу, робот техникасы, ақпараттық қауіпсіздік зертханалары және басқалар); жаңа және қолда бар қару-жарақ пен әскери техниканы жетілдіру, жасау жөнінде отандық ҚӨК-пен өзара қимылды тереңдету; ғылыми-білім беру процесін инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді жетілдіру, тағы сол сияқты маңызды мәселелерді шешу жолында ұдайы ізденісті жалғастырамыз. Басты міндеттіміз Орталық Азиядағы жетекші ғылыми-білім беру орталығы ретінде және қауіпсіздік үшін қызметімізді тыңғылықты атқара береміз.
Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қысқа мерзімде университетті биік деңгейге жеткізіп, ХХІ ғасырдың ең таңдаулы әскери оқу орнына айналдырдық десек артық болмайды. Осы уақытта Қазақстанның барлық әлеуеттік ведомстволарына таңдаулы әскери кадрлар даярлап алғы шептен көріндік. Алдымызда бұдан да жауапты міндеттер тұрғанын жақсы сезініп, оны орындауға бек сенімдіміз.
– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»