Қоғамда неғұрлым іскер, неғұрлым білімді адамдар көп болса, соғұрлым қоғам алға жылжиды. «Өмірден үйренген адамдар ғана ұлтының ұлы перзенті бола алады», деген екен Қытай реформасының атасы Дян Сяопин. Осы сөз ойға оралған сайын сыйлас, сырлас ағамыз Асекеңнің тұлғасы көз алдыма келе береді. Өйткені, Асқар Алтынбекұлы өмірдің қиын да қызық жолынан жоққа жасып, барға асып-тасымай, өтіп келе жатқан зерделі жан. Өткен заманның, тәуелсіз Отанымыздың сан соқпақтарында да ұлтының туын биік ұстап жүрген тұлғаға айналғаны ақиқат.
Асқар Алтынбекұлымен 80-жылдардан бері таныспын. Ол 1985-1990-жылдары бұрынғы Гурьев, бүгінгі Атырау облысының партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеді. Көптеген істердің иірімін тауып, айналасындағы серіктестерімен кеңесе отырып басын қайырып, табыс тұғырынан көрінді. Бұл жағынан келгенде, ол өз қызметінде парасаттылық көрсетіп, азаматтық жолды берік ұстанды.
Ел басшылығы осындай жауапкершілікті әрбір іс басында жүрген азаматтарға жүктей отырып, сенім артқаны белгілі. Солардың қатарында Асқар Алтынбекұлының жүруі тектен-тек емес. Әсіресе, қазыналы аймақтағы өндірісті дамыту, мұнай қорларын табу ісінде ол жігерлілік танытып, ұйымдастырушылық қабілетінің де мол екенін көрсете білді. Сол өлкенің басшысы ретінде Асқар Алтынбекұлы шетелдік компаниялармен тығыз қарым-қатынас орнатып, келіссөздер жүргізіп, қалайда Қазақстан халқына пайдалы шешім шығаруға әрекеттенді. Еңбегі еш кеткен жоқ, сол кездегі әріптестік, инвесторлармен жұмыс істеу тәсілі Тәуелсіздік жылдарында өз жемісін берді. Оны бүгінгі Атырау өңірінен көріп тұрмыз.
Сонау Кеңес Одағы тұсында жүргізген ілтипатты келіссөздер қазір де жалғасып келеді. Батыс өлкелердегі Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындары бүгінгі әлеуетімізді ғана емес, ертеңгі алар асуымыздың да түп негізі, экономикамызды алға сүйреуші күш болып қала бермек.
Қазақтың дархан даласындай бақ дарыған бай өлкенің төсінде еңбек жолын аға инженер-құрастырушыдан бастап, құрылысшыдай құдіретті мамандықтың бар ауыртпалығын, бар қызығын өткерудің арқасында ол кәсіби маман, шебер ұйымдастырушы болды, ұлтымыздың оқымыстыларын ғылым жолына тартты.
Ол қашанда «Ұлық болсаң, кішік бол» деген халық даналығын естен шығармай, соның үлгісімен өнегелі өмір сүріп келеді. Тәуелсіздік алған жылдары Асқар Алтынбекұлы құрылыс саласына ерекше көңіл бөліп, нарықтық экономиканы орнықтыруға мол мүмкіндіктерді қарастырып, қазақ ғылымының жетістіктерін қолдап, оны өндіріске енгізу мәселесіне де әр кез көңіл бөлді. Азат мемлекетіміздің құрылуына, еркіндік алған қарқынды қадамына өзіндік үлесін қосқанын, сөйтіп, ұлт қалаулысына, жұрт жақсысына айналғанын айтуды парыз санаймын.
Биік білім, әр іске әділеттік, ұлттық намыс, жеке бастың тазалығы, халықтық мүдде, мәдени өре кеңдігі, иман байлығы Асекеңнің бойынан молынан табылады.
Инженерлік академия құрылған сәтте Асқар Алтынбекұлы беделді ғалымдармен бірге ұлттық инженерлік ғылым қарашаңырағының құрылуына үлкен септігін тигізді, негізін қалаушылардың бірі болды. Осы күнге дейін академияның өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңіріп, қолдау көрсетіп келеді. Ғылымға деген адал ниетін айта отырып, өзі де әр алуан тақырыптар бойынша зерттеулер жүргізіп, ол оң нәтижесін беріп келе жатқанын еске сала кетсем деймін.
Халықаралық ғылыми-инженерлік қоғамдастық та Асекеңді өте құрметтейді, алғырлығын бағалайды. Көптеген ғылыми жетістіктері үшін, ерекше еңбегі үшін «Инженерлік даңқ» алтын орденімен марапатталуы әлем мойындаған ғалым екендігінің дәлелі.
Өз келешегіне өз қолымен жол салып, алға қойған мақсатына адал еңбегімен жете алған біртуар қазақ перзентінің өмір жолы мен өнегесі кейінгі ұрпаққа шамшырақтай бағдар екені сөзсіз.
Асқар Алтынбекұлы тәуелсіз еліміздің бүкіл тіршілігі – экономикасы, өнеркәсібі, ғылым жүйесі, саяси басшылықты жетілдіру т.б. маңызды мәселелер төңірегіндегі ой-тұжырымдарын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жеткізіп, Мемлекет басшысының үзеңгілес серігіне айналды. Халқымызға тән ізгілік пен ізеттілік жағынан да Асекең әр кез кейінгіге үлгі-өнеге бола білді. Ағайын арасындағы береке-бірлікті, тату тірлікті сақтау жөнінен де оның кісілігі мен кішілігін ерекше атауға болады.
Кемел ойлап, кең пішетін кісілік келбеті, жақсылық жасаудан, ізгілік көрсетуден аянбайтын иманға толы ақыл-парасаты талай адамға шапағатын тигізуде. Халыққа кеңінен танылған дархан кең пейілді, ер мінезді ардақты азаматтың ғибратқа толы өмір жолын, өкше басар інілері мақтаныш санайды.
Асекеңнің осындай азаматтық жолында қасында тіреу болып, қолдап, қоштап жүрген аяулы жары Раиса Алдабергенқызының да орны ерекше. Раиса Алдабергенқызы ақжарқын, ашық мінезді, адам мен адамды бір-біріне бауырластырып жүретін иманжүзді кісі. Балалары Талғат пен Тимур үлгілі тәрбие көріп, қазақ елінің көркеюіне, қарыштап дамуына үлес қосып келе жатыр.
Бүгін Асекең адам жанының терең тұнығы, ал өмірінің асқар биігі болған 80 жасқа келді.
Асқар Алтынбекұлымен заманымыз бір болғанына, егеменді еліміздің еңсесін көтеріп, іргесін бекіту сияқты тарихи, абыройлы жолда сапарлас болғанымызға қуанамын. Жалғыз мен емес, ол кісіні білетін қызметтес, таныс жандардың да ниеті солай екеніне сенімдімін.
Асқар Алтынбекұлы бүгінде әр сөзі аталы ұлағатқа айналған мерейлі де ақсақал абыз жаста. Осы арада қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының бір сөзі ойға орала береді. Қарттықты басты үш топқа бөліп, соның айтулысы абыз деген екен. Шынында, абыздық жасқа жетіп, абырой биігінен көріну, мәртебелі тұғырда тұрып танылу екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт деп білеміз. Ендеше, сеңгірлі жасқа жеткен Асқар Алтынбекұлы қатарластарына да, біз секілді замандастарына да үлгі болатын тұлға екенін тілге тиек ете отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат тілейтінімізді жеткізу борышымыз болып саналады.
Бақытжан Жұмағұлов,
Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясының президенті,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты