Ежелгі дәстүріміздегі кіндік шеше таңдау, бесік жырының рухында тәрбиелеу, тіл сындыру һәм ұстарту, санамақты үйрету, тайға мінгізіп, айдарынан жел есіп, ат ойнатар, даланы дүбірлетер ер болар ма екенсің деу, жануарлар мен құстардың, төрт түлік атаулының дыбыс шығару ерекшеліктерін үйрету, ұяңдыққа баулу, үлкенге ізет көрсету және қарияны ат үстінен түсіріп алу, кісі алдын кеспеу, бет жыртыспау, «қусынып сөйлемеу, құлшынып жемеу» сияқты жақсы қасиеттерді болмысына дарытады.
Өмірдің базары, қызықты тіршіліктің, халық тілінің ежелгі кеніштерінің қасиетті ордасы – ауыл. Ән өнері, айтыс өнері, ертегішілік, дастаншылдық, жыршылық, ойыншылық, ат бәйгесі, балуан күресі – ауылдың рухани келбетін айқындайды. Я болмаса ұлттық салт-дәстүрлер, ойын-сауықтар, мейрамдар, тұрмыстық әдет-ғұрыптар, ыдыс-аяқтар, киім-кешектер, ат-әбзел, үй жануары атаулары, ою түрлері, әсемдік бұйымдары, ұлттық тағамдар, киіз үй ауыл бейнесін елестетеді.
Негізінде, ХIХ ғасыр басында инженер И.Шангин Нұра бойында шоғырланған 4 мың киіз үй көргенін жазған. Есіл-Нұрадағы «Тоғанастың 92 көлінде қалың ел болған. Қазақ ауылының сәулеті қандай десеңізші! Бұлар ауыл баласының ұлт тарихына, дәстүрлі мәдениетіне, этнографиясына қатысты білім-білігін толықтырып байытады. Бір мысал. 10-12 үйі ғана бар шап-шағын ауылда Шәкәрімнің шежіресін ешкімге тіс жармай оқитын өзі әпенді, аңқау, майдангер Қабдеш ақсақал: «Миым шағып, көзім қарауытып, құлағым шуылдап, өкпем сырылдап, жүрегім қағып, асқазаным күйіп, тізем қалтырап, балтырым сыздап, сегізкөзім сіресіп, табаным қызып» деп, неше алуан фразеологизмдерді тізетін-ді. Қабыл дейтін атамыз көріпкел, ертегіші еді. Ел абызы Әутәліп тұтас ауылдың жанашыр, қайырымды қамқоры болды. О кісі аттың үстінде жүрсе де әкем кәделі сыбағасын маған апарғызатын. Жарықтық, төгілдіріп батасын беруші еді.
Қазақ: «Жылқының еті де – жел, сүті де – жел, үсті де – жел» деп құрметтеген. Ақ ауылдың сәні жоқ,Топталып жылқы үйездеп, Ноқталы құлын күйездеп, Тартқан желі болмаса, − деген Дулат Бабатайұлының лебізінде ауыл ажары айқын өрнектелген. Мыңды айдаған қазақтың атақты байлары бірөңкей ақбоз, не бірөңкей қаракөк, я болмаса бірөңкей сүлік қарадан жинаған, іріктеген. Себебі, байтақ даланың өңін теңіздей толқыған бояу-түстермен келістіре түсу мақсатында. Бұ да ауыл баласын таңғажайып бір көркемдік көзқарасын қалыптастырады емес пе.
Ауыл баласы – «жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қыр кешкен» табиғат перзенті. Жастайынан жаратылыс сырына, үлкендердің тәжірибесіне ортақтасады, халық тілінен сусындайды. Өсімдіктер әлемімен, жәндіктер дүниесімен етене жақындасады. Көреді, ұстайды, көңіліне түйеді. Задында, қазақ тілінде бес мыңдай өсімдік атаулары бар. Айталық, Көкшетаудың Абылай хан әулеті қоныстанған Елікті тауының Жіңішке аталатын тоғайында төрт түлік сүйсініп жейтін шөптің 50 түрі бар екен. Осыларды қазақ қоғамының балауса балғындары біліп өсті, қасиеттерін айыра білді.
Ауыл баласы ыстыққа да, суыққа да, аштыққа да, еңбектенуге де айрықша төзімді. Әрі көргіш, әрі сезімтал! Заттылығы қандай!
Сахна саңлағы Серке Қожамқұловтың: «Туған жерім – менің тұңғыш театрым. Осында талай шығармаға кейіпкер боларлық неше түрлі адамдар болды... Ауылдастарымның мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін, драмалық нотасын үйрендім, сабақ алдым. Соларды айнытпай жасауға, дауыстарын дәл салуға тырыстым» дегені бар.
Бұл күнде атақтылар туған ауылдардың тағдыры ойландырады. Бес мың жылдық тарихы бар Ботай, Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллин туған Қойсалған, академик Ебіней Бөкетов дүниеге келген Дағанаты, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов туған Еңбек және басқа да ауылдар, Абайша айтқанда, «елсіз жер де тұрғандай хаққа мүлгіп».
Бейімбет Майлин «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!» деп мәлімдеген-ді. Ендеше, республика аумағында алтын бесік ауылға жан-жақты қамқорлық жасау, ахуалын жақсарту – ауыл баласын, яғни адам капиталын өркендету деген сөз!
Ескісін жамап, ешкісін сауып, қойын құрттап, айранын ұрттап малшылықпен, бақташылықпен, ұсталықпен, саятшылықпен, аңшылықпен шұғылданған қарапайым қазақтың әрбір ауылында алтын балық үйіріндей ақылды, арлы ақсақалдардың «Сүйек сындырма, ата атандырма!» немесе «Жер – Ана, Орман – Ата, Су – Қан», «Ауа – Жан», «Жел – Рух» дейтін асыл ойлары мен әйгілі ізгілікті әрекеттері болатын. Міне, осы жағдай сол бір көбелек қуған, қозы, бұзау баққан, тезек терген, отын-су тасыған ауыл балаларының әдепті дағды-машығын, таным-түсініктерін, көзқарасын, ой-санасын, төзім-рухын, тұрмыс-тіршіліктегі ұстанымын қалыптастырған еді.
Оқиға • Бүгін, 09:55
Үкімет Украина төңірегіндегі жағдайға байланысты жедел кеңес өткізді
Үкімет • Бүгін, 09:55
Білім саласындағы әріптестік дәнекері
Білім • Бүгін, 09:50
Жаңалығы жоғары бағаланған ғалым
Тұлға • Бүгін, 09:45
Аймақтар • Бүгін, 09:40
Кәсіпкер • Бүгін, 09:35