Бүгінгі Астана – Қазақстанның тек жай ғана рәмізі емес. Өткен жылдар ішінде ол еліміздің нағыз орталығына, республиканың қарқынды дамуының түпқазығына айналды. Астана әлемнің мейлінше танымал мегаполисінің бірі болып отыр.
Қазіргі кезде күллі әлем күрделі турбуленттік ахуалды бастан кешуде. Көз алдымызда астары терең геосаяси және геоэкономикалық үдерістер жүріп жатыр.
Америкалық көрнекті көсемсөзші және геосаясаткер Роберт Каплан өзінің «Муссон: Үнді мұхиты және Америка саясатының болашағы» атты бестселлерінде былай деп тұжырымдайды: «Африка Мүйізінен (Сомалиден) бастап Араб түбегін жанай өтіп, Иран таулы өлкесі мен Үндістан түбегінен сонау Индонезия архипелагына дейін және одан әрі қарай ұласып жатқан Үнді мұхитының жағалауы мен оның солтүстігіндегі су алабы қазіргі ғасырдың географиялық картасында маңызы өткен ғасыр картасындағы Еуропадан кем түспейтін ықпалды аймаққа айнала алады».
Әлемнің көптеген танымал саяси сарапшыларының пікірінше, XXI ғасырда бұл ерекше жаһандық орталық біртіндеп Азияға ауыса бастайды. Жер шарының осынау ұлан-байтақ әрі халық ең тығыз қоныстанған бөлігінің түрлі пұшпағын әлемде Үнді мұхиты байланыстырып жатыр.
Төмендегі тұжырым көп адам үшін біртүрлі болып көрінуі мүмкін. Алайда, біздің ойымызша, қарқынды даму үстіндегі елордамыздың бұдан арғы тұтас дамуы ішінара Шығыс мұхитымен де (ежелгі заманда Үнді мұхитын осылай атаған) байланысты болмақ.
Таяуда өткен ШЫҰ мемлекеттері басшыларының тарихи саммиті жаңа геоэкономикалық жағдайды айқындап берді. Ұйымға кіретін елдердің жалпы аумағы енді Еуразия аумағының 60%-ын қамтиды. ШЫҰ аясында 3 миллиардтан астам адам, яғни планета халқының тең жартысы өмір сүруде. Бұған қоса, қатарын Үндістан мен Пәкістан толықтырған ұйым үшін іс жүзінде Үнді мұхитына төте шығатын жол ашылды. Ал бұл мұхит, көптеген саясаттанушылардың пікірінше, осы ғасырдағы әлемдік саясаттың басты сахнасына айналып отыр.
Бүгінгі Астана – жай ғана рәміз, елорда, мегаполис емес. Бүгінгі Астана – республиканың киелі құндылығы. Қазіргі уақытта Астана ең алдымен бүкіл Қазақстанның бейнесін айшықтайды. Күллі әлем оны солай танып, солай түсінеді.
Астана өзін сомдаған шебер туындыгердің – ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында жүзеге асқан ақиқатқа айналды. Қазіргі Қазақстан – Елбасы көшін бастаған дарынды әрі еңбексүйгіш халықтың ақыл-ойы мен еңбегінің жемісі.
Бүгінгі нақты шындық – табысты демократиялық мемлекет ретіндегі Қазақстан Республикасының қалыптасуы қасиетті қазақ топырағының өз халқына және жаһан жұртына XXI ғасырдың көрнекті пассионары – Нұрсұлтан Назарбаевты бергендігінің арқасында мүмкін болды.
Біздің Президенттің бойында пассионарлардың басты қасиеттері – ұдайы жаңалыққа құштарлық, перфекционизмге деген перманентті ұмтылыс барынша тоғысқан.
XX ғасырдың тамаша тарихшысы және географы Лев Гумилев ұсынған пассионарлық қуат деген ұғым бар. Ол пассионарлықтың этникалық жүйесіндегі этносты құрайтын адамдар санына бөлінген мөлшер арқылы анықталады.
Жаратушы Құдіреттің арқасында Қазақстанда жиынтық пассионарлық қуаттың сәтін тауып, Елбасының бойына тоғысқаны анық. Соның нәтижесінде бәріміз оның ұлы істерінің куәгері және ол бастаған істерге белсене атсалысушы болып отырмыз.
Осы орайда біз өз ойымызша ең басты пассионарлық жобалар болып саналатын бірнеше жобаны ерекше атап өткіміз келеді. Бұл ретте оларды жасампаз жобалар және оқиғалық жобалар деп жіктеген орынды деп білеміз.
Әрине, Президенттің ең маңызды жасампаз пассионарлық жобасы – Қазақстан Республикасы. Біздің ел бүгінде танымал, беделді, сонымен қатар мерейлі, қалыптасқан мемлекет ретінде бүкіл әлемге мойындалды.
Мүлде ерекше эксклюзивті жоба – Қазақстанның жарқыраған жақұты – еуразиялық мегаполис Астананың бой көтеруі болды. Бүгінгі Астана – елдің асқақ рухы және ұлттық мақтанышы.
Елбасының сыртқы саясаттағы сара жолында өңірлік және жаһандық континииум контексіндегі түрлі пассионарлық жобалар ұштасып жатыр.
Қирап қалған посткеңестік кеңістіктегі экономикалық, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық байланыстарды сақтап қалу үшін Мемлекет басшысы ТМД-ны құру туралы бастама көтерді. Осы қадамның арқасында бірегей мәдени-ақпараттық кеңістік әрі қарай өмір сүруін жалғастырды.
Достастыққа жаңа өмір сыйлаған ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы ұсыныс айтты. Қазіргі таңда 180 миллион адамнан тұратын халқы бар бұл интеграциялық бірлестік Еуразия кеңістігіндегі аса маңызды ойыншыға айналып отыр.
Күш-қуатын күн санап арттырып келе жатқан бүгінгі маңызды жаһандық жобаның тағы бірі – Шанхай ынтымақтастық ұйымы. Бұл да Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-дың бұрынғы төрағасы Цзян Цзэминьмен бірлесіп жүзеге асырған жасампаз идеясы. Бүгінде ШЫҰ дегеніміз – Жер шарының тең жарымы деген сөз.
Енді оқиғалық сипаттағы пассионарлық жобаларға қатысты сөз қозғар болсақ, біздің ойымызша, бұл қатарға төмендегі жобаларды қосуға болады.
Дау жоқ, мұндай жобаның бірі – Астанада 2010 жылы өткен ЕҚЫҰ саммиті. Ол 11 жылға созылған үзілістен кейін өткізілген еді. Саммит жұмысының қорытындысы Астана декларациясы болды, ол үш бағыт – әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және адамзаттық өлшем бойынша жүргізілетін жұмыстың жалғасын табатындығын дәйектеп берді. Әлемдік саяси сөз қорында бірлік пен жасампаздықты айшықтайтын «Астана рухы» деген тың ұғым-тұжырым пайда болды.
Қазақстанның тағы бір табысы 7-ші Қысқы Азиаданы өткізуі болды. Азия ойындарының тарихында тұңғыш рет Олимпиада алауының эстафетасы ұйымдастырылып, ол 20 күннің ішінде 1000-нан астам алаугердің қатысуымен елдің барлық өңірі арқылы өтіп шықты. Жалпыкомандалық біріншілікте еліміз 1-ші орын алып, 70 медаль, соның ішінде 32 алтын ұтып алды. Бұл – сөзсіз керемет жетістік!
Биылғы қыста біздің ел Қысқы Универсиада өткізді. Оған әлемнің 57 елінен 2000 спортшы қатысты. Қазақстан қорытынды есеп бойынша екінші орын алып, Жер шарының 55 мемлекетінен озып шықты. Біз әлемдік ауқымдағы ірі жарыстарды лайықты өткізіп қана қоймай, олардың барысында айқын жеңістерге жете алатынымызды да жаһан жұртына тағы бір мәрте дәлелдедік.
Ал дәл қазір көзіміз көріп отырған ғаламат маңызды ұлттық жобаның бірі – Астана ЭКСПО-2017 көрмесі. Бұл – ТМД және Шығыс Еуропа аумағында алғаш рет өткізіліп отырған мамандандырылған көрме. Оған 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысуда. Осы жаһандық форумды ашқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Бұл – біздің елдің және «Қазақстан» атты ұлттық брендтің жаһандық кеңістіктегі ілгерілеуінің жаңа белесі. «Болашақтың энергиясы» тақырыбын жариялай отырып, біз ғылыми прогрестің нақ ортаңғы өзегінен орын аламыз деп сенеміз», деді.
Көрмеде елдер мен халықаралық ұйымдардың 130-дан астам экспозициясы назарға ұсынылуда. ЭКСПО аясында бірқатар ауқымды халықаралық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Бүгінге дейін Астана экономикалық форумы, Шетелдік инвесторлар кеңесі өтті. Күзде Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының саммиті ұйымдастырылатын болады. Жалпы 6 мыңнан астам іс-шара өткізілмек.
Атап айтсақ, мәселен, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмысының бағыты бойынша көрме аясында тамыз-қыркүйек айларында «Әйелдер болашақтың энергиясын қолдайды» атты халықаралық форум өтеді, оған әлемнің түрлі мемлекеттерінен 300-ден астам делегат қатыспақ. Қатысушылар қатарында ШЫҰ, Еуразиялық экономикалық одақ, Орталық Азия, ТМД және алыс шетелдерден келетін көшбасшы әйелдер, энергия тиімділігі жөніндегі инновациялар авторлары, «жасыл экономика» саласындағы әлемдік көрнекті ғалымдар, мемлекеттік органдар мен Қазақстанның әйелдер қауымының өкілдері болады.
Форумда мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам серіктестігі негізінде баламалы энергетика және «жасыл экономика» саласындағы инновациялық идеяларды ілгерілетудегі әйелдердің рөлі мен үлесі кеңінен талқыланады.
Әйелдердің балама энергетика және «жасыл экономика» саласындағы жаңа жетістіктері таныстырылады, сондай-ақ «жасыл экономиканы» дамытуға, БҰҰ-ның «Баршаға арналған орнықты энергия» тақырыбындағы жаһандық бастамаларын және «Жасыл көпір» атты серіктестік бағдарламасын жүзеге асыру ісіне әйелдер кәсіпкерлігін тарту мәселелерін талқылау жоспарлануда.
Жер шары әйелдерінің тек бейбіт мақсатқа қолданылатын болашақтың энергиясын қолдайтынын форумның басты тезисі ретінде айрықша атап өткім келеді. Жаңа энергияны пацифизм қағидаттарына сай қолдану – Қазақстанның әйелдер қауымының ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелдердің бітімгершілік үдерістеріне қатысуы жөніндегі бастамасын берік қолдауының көрінісі. Бұл – біздің елдегі әйелдер қауымының жаһандық әйелдер қоғамдастығына оларды бітімгерлік шараларына белсене қатысуға шақыратын маңызды үндеуі.
Бүгінде әлем жаңа дәуірге – киберфизикалық жүйелерді өндіріске жаппай енгізуді білдіретін 4.0 индустриясы кезеңіне қадам басып отырғаны белгілі.
Басталып кеткен жаңғырту ісінің құрамдас бөлігінің бірі – жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) көшу. Бұл ретте әлемде қандай ахуал орын алып отыр?
Жаңартылатын энергияның әлемдік энергия теңгеріміндегі үлесі қазірдің өзінде 24%-ға жетті. Сарапшылардың болжауынша, бұл көрсеткіш 40%-ға дейін өседі.
2015 жылғы жағдай бойынша 170-тен астам мемлекет өзіне ЖЭК-ты дамыту жөнінде міндет қойды. Бірқатар елдерде бүкіл энергия өндірісі ЖЭК-қа тиесілі, мысалы, Лесотода ол – 100%, Непалда – 99,4%, Исландияда – 99,9%. ЖЭК үлесі елеулі болып келетін елдердің ең көбі Африка мен Оңтүстік Америкада орналасқан. Ал Таяу Шығыста ЖЭК нашар дамыған. Жел және күн электр стансалары Еуропалық Одақ пен АҚШ-та айтарлықтай маңызды үлеске ие, ал гидроэнергетиканың мейлінше көбірек үлесі Африка мен Оңтүстік Америкаға тиесілі.
2015 жылы ЖЭК энергиясын түрлендіруге арналған мейлінше мол қуат орталықтары орналасқан негізгі елдер қатарына ЕО, АҚШ және Қытай енді. Оларға 72%-ға жуық күн энергиясы өндірісі, 84% жел энергиясын түрлендіру үлесі, 46% ГЭС қуаты, биомасса арқылы жұмыс істейтін генераторлардың 64%-ы, геотермальдық қуаттың 42%-ы және судың көтерілуінен қуат алатын электр стансаларының 54%-ы тиесілі.
Қазақстан биыл басты мәні экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастыру болып табылатын Үшінші жаңғыруды жүзеге асыруға кіріскені мәлім.
Энергияның елде орасан мол екендігіне қарамастан, Мемлекет басшысы таза технология мен таза энергетиканы дамыту үшін белсенді түрде ЖЭК-қа көшу жөнінде міндет қойды.
Қазақстан ЖЭК-ты энергетикалық кешенді дамытудың бір векторы ретінде қарастырады. Біздің елде ЖЭК әлеуетінің өте жоғары екені белгілі.
Әлемнің ең озық 30 елінің қатарына қосылуға ұмтылып отырған еліміз «Қазақстан-2050» стратегиясын қабылдады, онда Мемлекет басшысы баламалы энергияны және ЖЭК-ты дамыту жөнінде міндет қойды. Қойылған міндетке сәйкес, оның үлесі 2050 жылға қарай барлық тұтынылатын энергияның жиынтық көлемінің 50%-ынан кем болмауы тиіс.
Бұл орайда еліміз бүгінде ТМД бойынша көш бастап тұр. Біз Достастық елдері арасынан бірінші болып «Жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасын, Экологиялық кодексті қабылдадық.
Нақты индикаторлар белгіленді, мәселен: балама энергия үлесін қазіргі 0,8%-дан 2020 жылға қарай 3%-ға, 2030 жылы 30%-ға, 2050 жылы 50%-ға дейін жеткізу көзделген.
Бүгінгі таңда Қазақстанда қазірдің өзінде ЖЭК-тың 50 кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың мейлінше ірілері – Жамбыл облысындағы қуаттылығы 50 МВт болатын «Бурное» күн электр стансасы (КЭС); Ақмола облысындағы қуаттылығы 45 МВт болатын жел электр стансасы (ЖЭС); Жамбыл облысы Қордай кентіндегі қуаттылығы 21 МВт болатын ЖЭС.
Астана ЭКСПО базасында республикамызда Жасыл технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық құрылатын болады.
2020 жылдың соңына дейін 53 ЖЭК нысанын, соның ішінде 23 ЖЭС, 17 КЭС және 13 ГЭС нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Осындай шаралардың жүзеге асырылуы Қазақстанға жасыл энергетиканы дамыту ісі бойынша әлемнің жетекші елдерінің қатарына қосылуға мүмкіндік береді.
Бүгінде өзінің қазіргі келбеті арқылы республиканың инновациялық болашағын кейіптейтін Астана еліміздегі жасыл дамудың драйвері және көш бастаушысы болып отыр.
Ел үкіметі 2014 жылдың өзінде Астананы 2050 жылға дейін әлемнің ең үздік қалаларының ондығына кіргізу міндетін қойғаны мәлім. Қала қазіргі кезде біртіндеп, жүйелі түрде сол көзделген мақсатқа қарай ілгерілеп келеді.
Мегаполис экономикасының жан-жақты дамуынсыз бұл межеге жету мүмкін емес. Осы орайда маңызды көрсеткіштің бірі – энергияның жұмсалу мөлшері.
Қала басқармасы бүгінде Астананың энергиясын үнемдеу мен энергия тиімділігін арттырудың кешенді жоспарын жүзеге асыруда. Оны әзірлеу барысында Канаданың, Скандинавияның, Германияның, Қытайдың, Сингапурдың, т.б. елдердің энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы үздік әлемдік тәжірибелері қарастырылды.
Басымдықтардың бірі – ЖЭК-ты дамыту және перспективалы энергия үнемдеу технологияларын енгізу.
ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық аясында ЖЭК-тың шағын формаларын орнату жобаларын жүзеге асыру бағытындағы ауқымды жұмыс атқарылды. Осы мақсатпен БАӘ, АҚШ, Қытай, Шығыс Еуропа елдерінің озық тәжірибелері мұқият зерттелді.
Бүгінде Астанада қазірдің өзінде ЖЭК-тың шағын формасының 18 түрі орнатылған. Алынған электр энергиясы кешені және саябақтарды жарықтандыруға бағытталып, қаланың жарық беру желісі мен бюджет жүктемесін азайтуға септігін тигізуде.
Жаяу жүргінші өткелдерінің жолын жарықтандыру сәтті жүзеге асырылып отыр, осының өзі қаладағы жол ахуалын жақсартуға қосылған нақты үлес болып саналады.
Жабық аялдамаларды олардың шатырына күн панельдерін орнату арқылы электрмен қамтамасыз ету автономды тәсілге көшірілген. Панельдер аялдамалардың электрмен, жылумен қамтамасыз етілуіне және жарықтандырылуына септігін тигізуде.
Елорда тұрғындары мен қонақтары демалатын орындарда күн энергиясымен жұмыс істейтін, электрондық гаджеттерді қуаттандыруға мүмкіндік беретін «Пальмалар» атты құрылғылар орнатылған.
Саябақтар мен гүлзарлар аумағының бәрін күн панельдерімен және жел генераторларымен жабдықталған шырақтар жарықтандырып тұр. Олар CREE LED маркалы чиптері бар, ұзақ уақыт бойы қызмет ететін және электр қуатын үнемдейтін жарықдиодты шамдармен жарақтандырылған.
Көп адам халықаралық әуежайдан шыға берісте күннің жарығын жинақтап, электр қуатын өндіруге және оны қаланың жарық желісіне беруге арналған «Гүл» атты құрылғыны байқаған да болар.
Қаланың орталық циркінің маңында тірек-тұғырларға орнатылған «Беймәлім ұшу нысаны» пішініндегі, өз-өзін электрмен қамтамасыз ететін декоративті шырақтар жарқырап тұр.
Негізгі демалыс орындарында жел генераторларымен жабдықталған «Ағаштар», сондай-ақ «Күн гүлшелері» аталатын, барлығы Қазақстанда өндірілген бұйымдар орнатылған.
Сонымен қатар, Тұран даңғылының, Ұлы Дала көшесінің бойы ЖЭК арқылы жұмыс істейтін жарықтандыру әдісіне көшірілген. Осы көшелерде өз-өзін электрмен қамтамасыз ету үшін күн панельдерімен жабдықталған бағдаршамдар орнатылған.
«Әуежай» айналма жолының алдында жел генераторларымен жабдықталған «Болотов құрылғысы» жұмыс істеп тұр, ол тіпті әлсіз желдің өзінен жеткілікті мөлшерде электр энергиясын өндіре алады.
Кешкі мезгілде Қабанбай батыр даңғылы бойындағы стадиондар кешенінің ауданы күн энергиясымен жұмыс істейтін, сондай-ақ ауаны сүзгіден өткізетін «Эко-шамдар» арқылы нұрланып тұрады.
Қоғамдық спорт алаңдарында саламатты өмір салтын ұстанып, дене тәрбиесімен шұғылдануға арналған «Эко-фитнес», «Эко-жатақ» тренажерлары орнатылған. Ең қызығы сол, олар да электр энергиясын өндіреді.
Міне, қазірдің өзінде осындай нақты қадамдар жасалды. Барлығы жүйелі, ретті және айқын жүзеге асырылуда. Ал алдымызда бізді бұдан да қарқынды және тартымды болашақ күтіп тұр. Астана әлемнің ең зияткер қаласының бірі деген мәртебе деңгейіне қарай жедел әрі байыпты түрде ілгерілеп келеді.
Бір кезде әйгілі ағылшын жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Редьярд Киплинг Батыс пен Шығыс ешқашан қосылмайды деп тұжырымдаған болатын.
Алайда барлық негізгі әлемдік өркениеттердің лебін бойына тоғыстырған Елбасының төл перзенті – Елорда өзінің даму философиясы, қайталанбас урбанистік мәдениеті арқылы бұған мүлде басқаша жауап беріп отыр. Сондықтан Астана бүгінде Нью-Йорк, Париж немесе Лондон тәрізді беделді жаһандық мегаполистердің біріне айналды. Ұлы Дала елінің елордасын көп жұрт ірі халықаралық форумдар өткізу үшін ең қалаулы орын деп санайды. Біз тіпті осыған дейін бастары қосылып көрмеген әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары үшін де ортақ диалог алаңын қалыптастырдық.
Елімізде қазір өтіп жатқан «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің стратегиялық тұрғыдан ойластырылған сындарлы, заманауи мемлекеттік саясатының салтанатты жеңісінің айшықты айғағы; Елбасымыздың аса жоғары беделінің әлемдік деңгейде тағы бір мәрте мойындалуы.
Дүниежүзілік әрбір көрме техникалық және технологиялық жетістіктері, бірегей жобалары арқылы тарихта міндетті түрде өзінің өшпес ізін қалдыратыны мәлім.
Мәселен, 1851 жылы Ұлыбританияда өткен алғашқы көрме әлемге түгелдей темір мен әйнектен жасалған Хрусталь сарайды тарту етті. Көрме үшін 1889 жылы арнайы салынған әйгілі Эйфель мұнарасы Париждің бірегей бойтұмарына айналды. Ал Монреальда ЭКСПО-67 көрмесі үшін бой көтерген, бірінің үстіне бірі жалғасқан 354 текшеден тұратын «Хабитат 67» атты ғаламат тұрғын үй кешені бүкіл Канаданың көзайымы болып саналады.
Біздегі ЭКСПО-2017 көрмесінде болғанымда мен ондағы орталық нысан, Қазақстанның павильоны – «Нұр Әлем» болашақта Астана мен Қазақ елінің ғана емес, күллі әлемнің рәмізінің біріне айналады деген ойға келдім.
Диаметрі 80 метрлік бұл алып шар әлемдегі толық сфера пішініндегі бірден-бір ғимарат болып саналады. Нысан құрылысында футуристік дизайнды бұзбай сақтай отырып, электр энергиясын өндіретін ең жаңа фотоэлектр технологиялары қолданылған. Желдің бағыты мен ұйытқуына тәуелді емес дыбыссыз жел генераторлары электр энергиясын желіден аз тұтынуды қамтамасыз етеді. «Нұр Әлем» – «Болашақтың энергиясы» ғимаратының мінсіз үлгісі, бұл тек көрменің жай ғана айшықты көркі емес, тұтас бір бренд.
Менің ойымша, «Астана ЭКСПО-2017» жаңа энергияның, болашақтың энергиясының рәмізі ғана болып қалмайды, ол адамзаттың техника мен технологиялар саласындағы одан әрі ілгерілеуі жолындағы тың пассионарлық серпінінің бастауын білдіреді.
Қазіргі заманның көрнекті пассионары, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау жобасының арқасында Қазақстан Республикасы жаһандық Олимп шыңының жарқыраған тағы бір жаңа биігіне көтерілді.
Мемлекет басшысының ғаламат жобасы – Астана өз уақытынан озған мегаполис ретінде бүгінде бүкіл Қазақстанның пассионарлық қуатының орталығы болып саналады деп білемін.
Шындығын айтқанда, инклюзивті және орнықты даму форматын жүзеге асырып жатқан біздің елді бүкіл әлем антиядролық қозғалыстың көшбасшысы ретінде мойындады. Қазақстан көптеген маңызды геосаяси және геоэкономикалық бастамалардың иесі болып саналады.
Іс жүзінде біз Азиядағы пассионарлық қуат орталығының біріне айналып келеміз. Көптеген сарапшылар XXI ғасырды Азияның дәуірі ретінде танып отырғанын ескерсек, Қазақстан да жаһандық пассионарлық орталығының біріне айналуда.
Бір кезде, Жаңа дәуір туғанда Еуропада: «Ex oriente lux» (Шығыстан нұр төгіліп тұр) деген сөз айтылған болатын. Бұл Шығыстан даналық келе жатыр дегенді білдірген еді.
Менің ойымша, Қазақстанның бүгінгі жетістіктері, маңызды әлемдік бастамалары, жаһандық ынтымақтастық пен бейбітшілікті жақтауы, Астананың жаһандық орталықтардың бірі ретінде мойындалуы «Ex Astana lux» деп батыл айтуға толық мүмкіндік береді. Астанадан нұр төгіліп тұр!
Келе жатқан Астана күні құтты болсын, қымбатты қазақстандықтар, ЭКСПО-2017 қонақтары!
Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы