«Ел үшін туған ерлердің
Мәртебесі күннен күнге зор болар».
Жамбыл
Біздің буынның жастық шағы романтикаға толы кезең еді ғой. Сол жалындап жүрген кезімізде болашақ Елбасымен кездесіп, тіл табысып, онымыз жылдар өте келе ынты-шынтымызбен ұғысқан шынайы сыйластыққа ұласқанын маңдайыма жазылған тағдырдың сыйы деп білемін. Жас дегенде сондай жас та емеспіз, кішкене танылыңқырап, қызмет істеп жүрген кезімізде кездестік. Алғашқы кездесу, әлбетте, Теміртауда. Мен осында Алматыдан Грузияның Қазақстанға арнайы шығармашылық сапармен келген киногерлер делегациясын бастап әкелдім. Сонау 70-ші жылдардың ішінде. Нұрсұлтан Әбішұлы онда Теміртаудағы Қарағанды металлургиялық комбинатында парторг. Басиеміз осы кісі болып, 3-4 күн бізді алып жүрді. Қонақтардың жағдайын жасады. Өзін еркін ұстайды, грузиндік марғасқа зиялы, өнер адамдарымен еш мүдірмей еркін сөйлеседі. Мәдени демалыс ұйымдастыруды да ұмыт қалдырмай, Теміртаудың сыртындағы су қоймасына алып барды. Балық ауладық. Бұл кісі сонда өте ашық-жарқын, көңілді жүрді. Жайдары жүзімен, тауып айтатын сөзімен адамды баурап алады. Грузиялық меймандарымыз Нұрекеңе әбден риза болды. Не деген ашық, өресі биік, жақсы жігіт деп жаңағы грузиндердің талайы айтып кетті. Қазағымның азаматына басқа ұлт өкілдері тарапынан осылай алғыс жаудырылып жатқанына мен сонда қатты мерейленіп едім. Әрі осындай жарқын тұлғалы замандасыммен танысқаныма, табысқаныма қуанғаным да әлі есімде.
Кейін осы таныстық одан әрі жалғасты. М.Әуезов театры Қарағандыға гастрольдік сапармен бір келгенімізде, бұрынғы таныстықты пайдаланып, буымыз бұрқырап, асаудай арқырап жүрген жас кезіміз ғой, біраз жігіттер кеу-кеулеп, Нұрсұлтанның үйіне қонақтауға аңсарымыз ауып, жаңбыр жауып тұрған түн ішінде барғанымыз бар. Бәлкім, екі-үш жас үлкен ағалығымызды бетке ұстаған шығармыз. Жеке үйде тұрады екен. Сонда ұйықтап жатқан адамдар, ертең жұмыс дегендей, уақыттың кештігіне қарамастан, өнер өрендерінің кей-кейде көңілдің күйімен келетін бір еркелігін көтеріп, жақсы қабылдағаны бар еді. Думандатып, ән салып, әдемі мәжіліс құрып отырғанбыз. Қазір анда-санда кездесіп қалғанда Нұрекеңнен: «Баяғы Теміртаудағы кездесулеріміз есіңізде ме?» деп сұраймын ғой. «Әрине, есімде. Ондайды ұмытуға бола ма? Өзіңіз берген суреттеріміз де бар менде» деп күледі ол кісі. Осы кездесулерімізді жастық шағымыздың жақсы да жарқын естелігі ретінде ылғи еске алып айтып отырады.
Иә, Теміртау Нұрсұлтан Әбішұлы екеумізді жақындастырып кетті. Содан бері доспыз. Алдыңғы жылы бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттап жатқанда да «достығымыз жарасқан» деп өз аузымен айтып, осылай әрбір жолы, қай кезде болсын мерейімді өсіріп жүреді. Мемлекет басшысының осындай мейір-шапағатына бөленіп, мәртебелі назарына ілінуімді Құдайдың маған берген бақыты деп есептеймін. Осыдан оның жалпы қазақ өнеріне, мәдениетіне, кино мен театрға деген ықылас, қамқорлығының жылы самалы ескендей.
Теміртаудан кейін Нұрсұлтан Әбішұлының қызмет бабы сатылап өскен сайын Қарағандыда, Алматыда ауық-ауық сәтін салып бұйырған кездесулер болып тұрды. Жиналыстарда, съездерде залдан өтіп бара жатып байқап қалса бұрылып келіп бір-екі ауыз болса да қанаттандыратын сөз айтпаған кезі болған емес. Магниттей дауасымен марқайтып тастайды. «Ұлық болсаң, кішік болдың» нағыз үлгісі осы шығар. Министрлер Кеңесінің төрағасы кезінде мен М.Әуезов театрының директорлығына тағайындалғанымда көп ұзатпай арнайы қабылдап, жаңа қызметіме құтты болсын айтып, байғазысына деп театр ұжымының пайдалануы үшін бір автобусты қанжығамызға байлап жібергенін де әсте ұмытпаймын. Театрдың жұмысын дұрыс басқаруды тапсырып, сәттілік тілеген. Нұрекең өнерге қамқорлықты да, басшылықты да дабыралатпай, ұрандатпай, осылай рет-ретімен, жөн-жосығымен жасар еді. Жетпіс жылдығымда да Ақордаға әдейілеп шақырып, қонақ қылып, кабинетінде күміс кездік, күміс қылыш сыйлады. Өмір туралы, өнер туралы өрелі әңгімелерін айтты. Соның бәрінде ел жағдайы, саяси ахуал да назардан тыс қалмайды. Солар жайында халықтың ен ортасында жүрген біздің пікір-пайымымызды білуді де артық деп санамайды. Бұл да ел басқарудағы байыптылықтың белгісі болса керек.
Нұрсұлтан Әбішұлы кеудеме жарқыратып «Алтын Жұлдыз» тағып мерейлендірді. Бәрінен бұрын соншалықты ыстық ықыласпен, адамгершілік үлкен жүрекпен, сыйластық көңілмен қабылдағаны жанымды қуанышқа бөлеп, толқытып жіберді. Қырық жылдан астам уақыттан бергі таныстық достығымызды тағы да жұрттың көзінше айтып жатыр. Бірақ мен үшін Елбасының маған деген таза адами қатынасы, достық пейілі мен көңілі жаңағы атақтан да қымбат. Басқа елдердің де басшыларын байқап жүреміз ғой, ал дәл мынадай баурап алар ақжолтайлық, ізгілікті қасиет тек біздің Елбасымыздың ғана қолынан келеді.
Нұрсұлтан Әбішұлы әңгіменің бір ретінде: «Балаңыз, кішкентай Асанәлі қалай? Жігіт боп қалған шығар?» деп сұрап жатыр. «Жеңгеңіз екеуі осында, бірге келген, сыртта мені күтіп отыр» деуім сол еді, Нұрекең дереу пәрмен беріп, ұлым мен зайыбымды кабинетіне алдырды. Бағдат жеңгелерің сол арада сәлем салып еді, Нұрсұлтан Әбішұлы соншалықты бір дегдар зияттылықпен тоқтатып: «Жоқ, сіз сәлем салмайсыз. Сіз маған жеңге боласыз. Маған ғана емес, жалпы халқымызға жеңге боласыз» деді. Осыған да риза болдық, тебірендік. Асанәлі балам Нұрсұлтан атасына Фариза Оңғарсынованың «Перзент сәлемі» деген өлеңін оқып берді. Мұнысы Президентке қатты ұнап, ол кісі сол жерде, өзі айтқандай, кішкентай Асанәліге өзінің алтын қаламсабын сыйлады. Қазақтың «патша көңіл» деген тамаша сөзінің шығу тегін мен енді ұққандаймын.
Шын мәнінде де Елбасымыз ерекше жаратылған жан ғой. Баланың да, дананың да, қараның да көңілін табады. Мысалы, біз гастрольмен немесе кино түсіріп жүріп түрлі елдерге барамыз. Сонда кездескен адамдардың барлығы біздің Президентіміздің қадір-қасиеттеріне ерекше тәнті болып, есімін құрметпен атап жатады. Осындай Президенттеріңіз бар сіздер бақыттысыздар ғой, болашағы жарқын елсіздер ғой деп бізге кәдімгідей қызығады.
Басқалар қызықса қызыққандай. Өзіміз шаттана тұрып шүкір, тәубе демекпіз. Осынау жылдар ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер басшылығымен ең басты табысымыз Тәуелсіздікке қол жеткізіп, ең тамашасы, нақ осы егемен-еркіндігімізді баянды етіп, жаһан таныған, байсал саясат ұстанған баһадүр мемлекетке айналдық. Сарыарқаның сайын төсіне гауһартас, жауһартастай құлпырып орнаған елордамыз түп-түгел Нұрсұлтан Әбішұлының толағай еңбегінің арқасы, көрегендігінің келісті жемісі дер едім. Ақындарша айтқанда, айтақырға бақ орнатып, гүлдендіріп жіберді. Бұл өзі бір кеңінен толғап басталған, жан-жақты ойластырылған ақылды жұмыс болды. Алаш арыстары армандаған елорданы бостан Қазақстанның қақ кіндігіне тұрғызды. Қазір баршамызға сүйікті Астанамыз әлем елдерінің атағы дүркіреген қалаларынан қалмайтындай, әлемдік деңгейдегі алқалы да аламан жиындар, халықаралық келелі іс-шараларды жарқын жүзбен, еш ұялмай өткізетін, мақтаныш ететін жағдайға келтірілді. Астана жаңа сипаттағы Қазақ елінің брендіне айналды. Ақорда, «Бәйтерек», «Тәуелсіздік сарайы», «Қазақ елі» монументі, «Мәңгілік Ел» қақпасы, Пирамидадан бастап Астананың нышанды келбет-көркін айқындаған өз брендтері де жетіп артылады. Осы ретте асқақ армандар қаласының авторы, бас жобалаушысы, бас сәулетшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың қажыр-қарымы мен даналық-дарынына тәнті болмасқа әддіңіз жоқ.
Ал енді бүкіл адамзат үшін болашақтың энергиясын қамдауды ізгілікті мұрат тұтқан дүниежүзілік ЭКСПО көрмесінің әлем назарын аударып осы күндерде Астана төрінде табысты өтіп жатуы саяси маңызы орасан зор оқиға десем артық емес. «Күлдір-күлдір кісінетіп Ақтамберділер жырға қосып, «Ойпаң жерге он отау, Қыраң жерге қырық шатыр тігіп, Қонағымды жайғасам!.. Атымтай жомарт секілді Атағым жұртқа білінсе! Май жемесе қонағым, Қан жемесе барағым, Он кісіге жараса бір кісіге арнап тартқан табағым! Халыққа атым білініп, Шүлеңгір мырза атанар ма екеміз!» деп айшықталған ата қазақтың арманы орындалғанының ең бір толайым көрінісі осы Астана ЭКСПО-сы емес пе. Ендеше, Атымтай жомарт атанып, Шүлеңгір мырзалығы білініп, халқымыздың сол асыл арманын жүзеге асырып орындаған – Нұрсұлтан. Бұл бұдан тоқсан жылдың әрісінде Парижде Әміре Қашаубаев Ақан серінің «Балқадишасын» әуелетіп шырқаған ЭКСПО еді. Қазіргі ЭКСПО-да қазақтың барлық әндері шырқалуда, барлық күйлері тартылуда, қазақ дүйім дүниеге барлық қырынан жарқырап көрінуде. Әлбетте, бұл – елдігіміздің жемісі! Елбасының жеңісі! Нұрсұлтанның көз қуантқан, досты сүйіндірген бүгінгі нұрлы Астанасы осындай.
Жақсылық көптік ете ме? Елбасымыз осы жақсылықты еліне, жұртына тілейді. Мына ЭКСПО-дан кейін де елордамыз соның шарапатымен көркейе берсін дейді. Ең бастысы, елге жақсылық жасалуы керек. ЭКСПО үшін салынған ғимараттар еліміздің мәдениетіне қызмет етеді. Қаншама адамдар жаңа үйлерге кіріп қуанады. Осының бәрі алдын ала есептелген. Сайып келгенде, халқымыздың тұрмысы жақсарады, өмірі көркейеді. Астананың ажар-келбеті одан әрі шырайланады.
Мен бұрынғы Ақмолаға алғаш өткен ғасырдың алпысыншы жылдары аяқ басып едім. Келіп кино түсіргенбіз. Әуелде адам да, Құдай да ұмытқан бір жер екен дегендей әсерде болғанымыз да рас. Ақиған суық. Ақырған боран. Шалғайдағы бір түкпір. Үйлері де жұпыны. Шашырап жатқан провинциялық қала болатын. Қазір бұрынғы көріністің бірі жоқ. Мүлдем өзгеріп кеткен. Өзгеріп кеткен деймін-ау, бастан-аяқ жаңадан тұрғызылған қала ғой. Жауһар қала, жасампаз шаһар! Сәулеті шетелдің қалаларындағы ғимараттардан еш қалыспайды. Көне мен жаңа қабысқан өзгеше мәнер. Әр кешен, әр ғимарат өзінше дара. Осыған енді осындағы халықтың, тұрғындардың өзін-өзі ұстау, көшеде, қоғамдық орындарда жүріп-тұру мәдениеті де үйлеспек керек дейді ішкі бір пікірім. Әсемдік пен тазалық бір-бірімен байланысты ұғымдар. Мынадай көрікті көше, тап-таза жерде келе жатып бірдемені бүлдіріп ластауға, бірдемені лақтырып кетуге қолың да, дәтің де бармайды деп ойлаймын. Бұл бізге баяғы Целиноград, баяғы Ақмола емес. Бұл әсем Астана, аяулы елорда... Айналасы тазарып ажарланған сайын адам да соған үйренеді, бейімделеді, өзі де тазарады. Әдемілікке, сұлулыққа ден қойып, өзі де соның бір бөлшегіне айналады. Ұяты бар адам, мәдениеті бар адам сөйтпей тұра алмайды. Осылай пайымдағанда, біздің Астанамыз үлкен тәрбие ордасы, әсіресе, желкілдеп өскен жастардың тәрбиешісі, мәдениетке үйретер ұлы ұстазы дегеніміз лазым. Демек, Нұрсұлтанның Астана байтағы рухани жаңғыруға, еліміздің адами капиталын жақсартуға да өз үделі үлесін қапысыз қосып келеді.
Бұрын өнер-мәдениеттің орталығы Алматы болды ғой. Әсіресе, соңғы жылдарда мәдениет пен өнер ордалары Астанада көптеп салына бастағаны бір ғанибет. Мұнда «Астана Опера», «Астана Балет», «Қазақстан» орталық концерт залы сияқты нысандар салынып, жаңа шығармашылық ұжымдар құрылса, осының бәрі Елбасының мәдениетке әркез бірінші кезекте көңіл бөлетіндігінің айғағы. Астананың мәдени әлеуеті қуатты болу керектігін ел Президенті күллі жан-жүрегімен сезінеді.
Елбасының экономика, қаржы, саясат, құрылыс, мейлі қай жағынан болсын жан-жақты дарын-таланты әлемдік деңгейде, атақты тұлғалар тарапынан мойындалған ақиқат екенін білеміз. Білім-парасаты биік мәртебесіне сайма-сай. Біздің қазақ: «Ханда қырық кісінің ақылы болады» деп тегін айтпаған ғой. Нұрсұлтан Әбішұлымен әр кездескен сайын, әр жолы әңгімесін тыңдаған сайын, әрбір ізгілікті ісіне куә болған сайын сол сөздің шындығына көзімді жеткізе түсемін. Мені де: «Жұмыстан қалмаңыз. Жұмыс істеген адам қартаймайды. Шығар биігіңіз әлі алда!» деп қамшылап қайрап, жасым ұлғайған шақта да біраз шыңды бағындыруыма, азаматтық белсенділігімді төмендетпеуіме қайрат қосқаны анық.
Бір ғажабы, мен білетін, жалпы ел білетін Елбасы, барлық басқа қырларына қоса, өнерге жақын. Ал өнерге жақын адамдар өмірде көп нәрсеге жетеді. Кейбір өнерден алыс адамдар болады. Өзінің химиясын, физикасын ғана біледі. Басқа нәрсені еш керек қылмайды. Әдебиет пен мәдениетке енжар. Кітап оқымайды. Химиядан ол академик. Өз басым ондай академикті аса күшті академик деп айта алмас едім. Елбасының артықшылығы – жан-жақты кемел дарындылығында. Әр салада, бар салада кемеңгер. Соның ішінде бізге айрықша ұнайтыны, жанымызға майдай жағатыны, жаңа айтқанымдай, Нұрсұлтан Әбішұлы сонау ерте кезден мәдениетке, руханиятқа, жалпы халықтың діліне өте жақын. Бір жағы сол жақындығының, өнер-мәдениетті терең түсінуінің арқасы емес пе, өмір бойы әнімізді аялап, өнерімізді құрметтеп, бағасын біліп, барлығымыздың жағдайымызды жасап, тіршілігімізге тірек болып келе жатқаны. Елбасымыздың осындай болғаны қазақ өнерінің бағы.
Өте сұңғыла адам. Руханият саласындағы қайраткерлерімізді жыға танып, кімнің кім екенін айтпай біліп отырады. Әдебиеттің әңгімесіне де жүйрік. Көрнекті жазушыларымыздың шығармалары туралы байыпты пікірін айтып, ақындардың ұнаған өлеңдерін ұмытпайды. Мәдениет адамдарының Елбасы сынына толуы да оңай емес. Осындай дара болмысты кісімен сөйлесу, пікір пайымын тыңдау әрқашан қызықты, пайдалы. Президентпен болған әр кездесу, әр әңгіме – бір мектеп, өмір сабағы, өнеге дарағы. Ол мектептен көп нәрсені көкейге тоқып, үйреніп, біліп, аңғарып шығасың. Ишарасынан, сөзінің астарынан ұғынасың. «Кузькина матьқа» басатын баяғы Хрущев емес, біздің Президент үлкен мәдениеттің адамы. Қажетті жерінде мақтамен бауыздағандай зият мәнермен, көңілге келмейтін, ренжіспейтін жағдаймен жеткізеді.
Талай мәрте көріп те, байқап та жүрміз, біздің Президентіміз шетелдердегі сапарларында, шетелдердің президенттерімен, мемлекет басшыларымен кездескенде солармен терезесі тең, тіпті, жоғары тұрады. Мен сонысына риза болып, соған мерейленемін. Қазақ елінің намысын қолдан бермейтін, ризық-несібесін қорғайтын осындай патшамыз болғанына тәубе етемін. Халық пен елдің жағдайын ойлап, қаншама келісімшарттарға қол қойып, кешегі ЭКСПО-ға келген мемлекеттер басшыларының әрқайсымен жеке-жеке қарым-қатынас жасап, көптеген түйткілдерді мәмілегерлікпен, сарабдал саясаткерлікпен, өзінің биік абырой-беделімен ретке келтіріп отырғаны да жасырын емес. Кім біліпті, жеріңе, байлығыңа қызығатындар да, ордамызға күліп кіріп, күңіреніп шығатындар да жоқ емес шығар. Осының бәрі, Мағжан ақын айтқандай, «ауыр салмақ». Осы арада Құдайға шүкір дейік, сол ауыр салмақты көтеретін, қандай сынға да төтеп беретін Елбасымыз бар. Міне, Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығы сонда, сондай жағдайлардың бәріне дипломатиялық жол табады, күрделі түйткілдердің күрмеуін ақылмен шешеді. Мемлекет басындағы адамдардың қарым-қатынасы мемлекетаралық қатынас. Қарақан бастың қамы емес, мемлекеттің мүддесін көздейді. Біздің Елбасымен сөйлескендер әрқашан разы көңілмен, елдің шынайы жағдайын көріп, ел іргесінің бекем-беріктігіне көздері жетіп кетіп жатады. Елін жауға да, дауға да бермейтін осындай кемел Ерің, берен белің болғаны қандай ғажап!
Ел басқару – өнердің үлкені. Әр елдің, әр жұрттың психологиясын білу керек. Айталық, біздің актерлердің негізгі пәні – психология мен философия. Психология көп нәрсені үйретеді. Психолог адам мәселенің түбірін, түбін тексеріп, терең біліп тұрады, келешектің даму бағдарын көріп тұрады. Біздің Елбасы – терең психолог. Кездескен, сөйлескен адамның ішкі аңғарын көзінен, сөзінен таниды. Елімізге деген ниеті түзік пе, бұзық па – айтпай аңғарады. Мейлі көріпкелдік, мейлі көрегендік деңіз, Нұрсұлтан Әбішұлында осы екі қасиеттің екеуі де бар. Ол кісі терең психологиялық иірімдермен, философиялық алғыр оймен астарлап сөйлегенде ел мен ел табысып, мәдениеттер қауышып жатады. Басқалар біздің еліміздің қандай ел екенін танып біліп жатады. Көсеміне қарап көсегесі көгеретін ел екенін біледі, бізбен дос болуға құлшынады. Елбасылық ерен дипломатия осыған келтіреді. Міне, Нұрсұлтан Назарбаевтың бекзат болмысының, дара қасиеттерінің, Абай хакім айтқандай, «тас бұлақтың суындай сылдырап» үйлескен кемел жарасымы осындай.
Әрине, бір адамға бүкіл елдің береке-бірлігі мен бақуатты тірлігін қамдап, тыныштығын қамтамасыз ету, әр кезеңде дамудың дұрыс бағдар-бағытын ойластырып, алмағайыптарда адастырмас темірқазықтай тура жолды таңдап тауып отыру оңай емес. Үзеңгілес серіктері, біз сияқты ел азаматтары, зиялы қауым сол қиын жұмыста қолдан келгенше аянбай ел ісіне жұмылып жәрдем беруіміз керек. Ол үшін әуелі өз жұмысыңды таза істе. Жақсылығыңды халыққа жаса. Елбасына сенің көмегің сол. Ал енді жауырды жаба тоқып, өтірік алдап, жағынып қалуға тырысып өтірік мақтап жүретіндер де бар. Іштен де, сырттан да. Оны да білу керек. Ондай қитұрқы зымыстандардан сақ болуымыз керек. Ырду-дырду, дабыра, сыбыс, түймедейді түйедей қылуға әуестік, анау анадай екен, мынау мынадай екен деген жылтыр сөздер де елдігімізді нықтауға көмек те бермейді, қолдау да болмайды. Ондай қоламта көсегіштер, керісінше, береке-бірлігімізді ірітеді. Істеп жатқан ешбір ісі жоқ, құр сөзбен ірітеді. «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген ғой. Қысқасы, сөзді азайтып, игі істі, ілкімді әрекетті көбейту керек. Мемлекеттің дертесін тартқан Елбасының азаматтардан, жалпы елден сұрап отырғаны осы. Талабы да осы. Мен де осыған, әруақыт Елбасымыздың оң жағынан шығуға шақырамын халықты. Сөзді азайтайық, әрекетті көбейтейік, ақ-адал маңдай тердің жемісін жейік. Сонда дұрыс болады.
Тек тыныштық, бейбітшілік болсын деңіз. Мен өзім оптимиспін. Нұрсұлтан Әбішұлының дана басшылығымен заман жақсара береді деп білемін. Ел тыныш болып, осы алған бетімізбен, сара бағытымыздан таймай алға баса берсек, көп нәрсеге, бұдан да толағай табыстарға жетеміз. Әмсе сол жақсылықтарды қадірменді Елбасымызбен бірге көре беруге жазсын!
Асанәлі Әшімов,
Қазақстанның Еңбек Ері