«Деловой Мир» баспасынан жуырда ғана жарық көрген, Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің 25 жылдығына арналған «Бітімгер: Сирия түйіні» атты жаңа туынды ішкі астары мен мәнін айдарының өзі айқындап тұрғандай, белгілі дипломат Нұрлан Онжановтың өткен жылы жариялаған «Бітімгер» атты кітабының табиғи жалғасы деуге лайық. Өйткені, соңғы туынды да Елбасы – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көпвекторлы сыртқы саясатының өзекті бағыттарын мүлт жібермей, оның ішінде, әсіресе, Таяу Шығыстағы берекесі кеткен бейбіт өмір мен күллі әлем қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырған қанды шиеленістер мен сын-қатерлерді ауыздықтауға бағытталған, сондықтан да, әлемдік қоғамдастықтың оң бағасын алып келе жатқан Елбасының бітімгерлік ұстанымының қыр-сырын ашуды көздейді. Ал шындығында, бұл кітапқа тереңірек үңілген оқырман, сонымен қатар, Президенттің бітімгерлік болмысының, әдетте, сырт көзге көріне бермейтін қырлары мен дипломатиялық амал-тәсілдерінің де автор назарынан тыс қалмағанын анық байқайды.
Айтса айтқандай-ақ, үш бөлім, алты тарау және қосымшадан тұратын екінші кітапта Сирия дағдарысы мен көп жылға созылған күрмеуі тас-түйін болып қалған жанжалды реттеу жолында әрекеттеніп жүрген әртүрлі тараптардың іс-қимылдары мен Қазақстанның бұл дағдарысты реттеудегі салмақты да салиқалы рөлі, атап айтқанда, Түркия мен Ресей арасындағы аяқ астынан ушығып кеткен кикілжіңдердің салдарынан әлгі мемлекеттердің арасындағы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан достық қарым-қатынастардың бір сәтте тез суып, мүлде үзіліп қалуға таяп қалған кезде, райларынан қайтарып, ымыраға келтіріп, қайта татуластырудағы Назарбаевтың бітімгерлік шеберлігі, сондай-ақ Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуына мүмкіндік берген екі жылдық мандатты өзге бәсекелестерімен сайыса жүріп жеңіп алуы, сонымен қатар, әлемдік ақпарат құралдарында бүгінде «Астана процесі» атанып кеткен Сирия дағдарысына байланысты Женевадағы келіссөздердің тетіктерін алдын ала айқындауды көздейтін және аталған соғыс өртіне белсене араласып отырған, бірақ түпкі мүдделері әрқилы тараптардың пікір алмасуына еркін де толық мүмкіндік беруге өз алаңын ұсынған Қазақстанның араағайындық рөлі бүге-шүгесіне дейін сипатталған.
Осы тұста тілге тиек болып отырған автор туындысының ұтымды сипатының тағы бір қыры ретінде және бір дәйек пен дәлелді атап өтудің реті бар. Ол – Елбасының бітімгерлік дипломатиясының халықаралық аренада тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де нақты қадамдармен тиянақталып, әлемдік қоғамдастық тарапынан үнемі қолдау тауып отыратындығы. Мәселен, сөз соңынан кейінгі қосымша бөлімінде кітаптың авторы Сирия шиеленісінің тас түйіндерін шешуге тікелей атсалысқан Президент Н.Назарбаевтың: Вашингтонда 2016 жылғы 31 наурыздағы халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорында сөйлеген сөзін; Манифест. «Әлем. XXI ғасыр»; Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрік Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанның Ислам әлеміндегі татуластық жөніндегі бірлескен декларациясын; БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2016 жылғы 31 желтоқсандағы 7855 отырысында қабылданған №2336 қарарын; Иран, Ресей, Түркияның Сирия жөніндегі Астана-3 халықаралық кездесуінің қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдемесін; Астана қаласында 2017 жылы 3-4 мамырда қабылданған Сирия жөніндегі халықаралық кездесулердің төртінші раундының қорытынды коммюникесін; Женева қаласында 2012 жылы 30 мамырда өткен Сирия жөніндегі «Іс-қимыл тобының» қорытынды коммюникесі; Ыстамбұл қаласында Қазақстанның 2017-18 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өкілеттіктерінің басталуына орай, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне бағыттаған саяси үндеуін; Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасын; Қауіпсіздік Кеңесінің 2015 жылғы 18 желтоқсанда өткен 7588 отырысында қабылданған №2254 (2015) қарары секілді ресми құжаттарды өте орынды тіркеген. Өйткені, бұл құжаттарсыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көпвекторлы сыртқы саясатының өзекті арқаулары көлеңкеде, оқырман назарынан тыс қалып қойған болар еді. Сондықтан, жоғарыда аталған құжаттар туындының мазмұнын толықтырып, автор қолға алған тақырыптың мәнін ашып тұр.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері