Салтанатты рәсімнен кейін болған сұхбат барысында М.Баймұхан Польша басшысына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемдемесі мен игі тілектерін жеткізді.
А.Дуда Қазақстан Президентінің ыстық ықыласына ризашылық пен алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол Елбасының былтыр тамыз айындағы Варшаваға мемлекеттік сапары екіжақты қатынастардағы аса маңызды оқиға болғанын және екіжақты ынтымақтастықтың дамуына қосымша қуат бергенін атап өтті.
Польша Президентінің айтуынша, сол кезде қол жеткізген уағдаластықтардың арқасында биылғы 1 қаңтардан бастап поляк азаматтарының Қазақстанға бару үшін визаcыз сапар шегу тәртібі және 29 мамырдан бері екі елдің астаналары арасында тікелей әуе қатынасы орнатылды. А.Дуда екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың елеулі дамуы Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапарының аса маңызды нәтижелерінің бірі болып табылатынын ризашылықпен атап өтті. Поляк мемлекетінің басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2018-2019 жылдары тұрақты емес мүшесі болып сайлануына Варшава кандидатурасын қолдағаны үшін Қазақстан тарапына алғыс білдірді.
Польша Президентінің пікірінше, ЭКСПО-2017 көрмесі өзара байланыстардың одан әрі дамуына жаңа серпін берді. Польша да 2022 жылы Лодзь қаласында осындай халықаралық мамандандырылған көрмені өткізу құқығына ие болуға ниетті. Астанадағы халықаралық көрмеде поляк павильоны орнатылып, онда өткізілетін іс-шаралардың қанықтырылған жоспары жасалған. А.Дуда ЭКСПО-2017 аясында өткізілетін Польша ұлттық күніне қатысу үшін қыркүйек айының басында Қазақстанға сапарын жоспарлап отырғанын растады.
Астанаға сапарының тағы да бір себебі, ол Қазақстан – Польша бизнес-форумына қатысу. Оның жұмысына Польшадан ірі қәсіпкерлерден жасақталған топтың қатысуы көзделуде. Поляк мемлекетінің басшысы Қазақстан астанасына сапарының шеңберінде өтетін іскерлік форум екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың даму факторына айналатынына үміт артатынын білдірді.
Кездесу соңында Польша Президенті А.Дуда Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа зор денсаулық пен табыс тілектерін жеткізуді сұрап, Қазақстан Президентімен қазақ жерінде жақын арада кездесуіне үміт артатынын білдірді.
«Егемен-ақпарат»