Елорда төрінде өткен салтанатты шара Қазақстан мен Мадагаскар елдерінің әнұрандарын орындаумен басталды.
– Мадагаскар елімен арамыз алшақ жатса да, осындай ауқымды шарадан қалыс қалмай, арқа төріне келіп, өз идеясын, жаңа технологиясын ұсынып отырғаны біз үшін үлкен құрмет. Меймандардан бір байқағаным, өте қонақжай, бауырмал болып келеді. Осы жағынан олар қазақ халқына қатты ұқсайды, – деді Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жауапты хатшысы Жанат Қожахметов.
Сонымен қатар, жиын барысында сөз алған Мадагаскар Республикасының жастар ісі және спорт вице-министрі Роберт Рандрианирина өз елінде энергия сұранысы көбінесе ағаш отын және мұнайды пайдалану арқылы жүзеге асатынын айтты.
– Елімізде энергия көзі көбінесе ағаш отын және мұнайды пайдалану арқылы алынады. Сондықтан, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жалпы мөлшердің
1 пайызын құрайды. Гидравлика, күн, жел және биогаз сияқты баламалы қуат көздері қоршаған ортаға зиян тигізбейтінін білеміз. Енді, міне, ЭКСПО-да тәжірибе алмасуға келдік. Сонымен қатар, Мадагаскарда күн жылына
2 800 сағат бойы шуағын шашып тұрады. Осыны тиімді пайдалану үшін күн панельдері көптеп орнатылып, электр қуатын өндіретін зауыттар салынып жатыр, – деді Роберт Рандрианирина.
Мадагаскар Республикасы Астанаға қандай ерекшеліктерін ала келгені көпшіліктің көкейіндегі маңызды сұрақ болып тұрды. Бұл ретте, делегацияның мүшесі Руц Расимбарисон алдымен Мадагаскар әзірге гидроэлектрикалық энергияны пайдаланып келе жатқанын, уақыт өте келе «жасыл экономикаға» да көшу жоспарда тұрғанын мәлім етті.
– Көрменің басты тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп аталуының астарында көптеген ой жатыр. Баламалы энергия көздерін дамытумен қатар, энергетикадағы сапалы өзгерістер жолы, оны тасымалдау тәсілдеріне бүкіл әлем атсалысуы керек. Қазір Мадагаскарда қоқыс мәселесі үлкен қиындық тудырып отыр. Осыған байланысты біз сол тұрмыстық қалдықтарды тиімді пайдаланып, энергия көзін алудың жолын таптық. Жаһан жұртшылығына ЭКСПО-2017 көрмесі арқылы осы ерекшелігімізді паш еткіміз келеді, – деді делегацияның мүшесі.
Мәдени бағдарлама барысында Мадагаскардың танымал «Tsienimparihy» музыкалық тобы өнер көрсетті. Бұл топ жиналған қауымды өз елінің өнерімен таныстырды. Олар «Jejy voatavo», «Djembe» секілді дәстүрлі аспаптарымен «Masakany manga/ripe mangoes», «Maitsokely/little green», «Zendana surprised» секілді туындыларын орындады.
Әр ел өзінің ұлттық құндылықтарымен, салт-дәстүрімен ерекшеленеді. Малагасийлардың ұлттық киімі, қызылды-жасылды тақиясы, сондай-ақ, жалаң аяқ жүруі көпшілік назарын еріксіз аудартты. Ұлттық киімнің атауы – грофия. Айтуына қарағанда, арнайы дайындалған матаны кептіріп барып, әзірленеді екен. Ал беліне жібек мата белбеу ретінде тағылады. Аяқ киімсіз жүруі Мадагаскардың ауа райына тікелей байланысты.
Мадагаскар – Африка құрлығының оңтүстік-шығысында, Үнді мұхитында орналасқан мемлекет. Әлемдегі аралдардың ішінде көлемі бойынша төртінші орында тұр. Аумағы 587,045 шаршы шақырымды құрайды. 26 маусым күні тәуелсіздігінің 57 жылдығы аталып өтті.
Бүкіл әлем назары қазір Қазақстан астанасындағы ЭКСПО-2017 көрмесіне ауып отыр. Кеше көрме алаңында Мадагаскар Республикасының ұлттық күні аталып өтті.
Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Кеше
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Кеше
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Кеше
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Кеше