04 Шілде, 2017

Ел тыныштығы елордадан басталады

351 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы мен Ішкі істер министрін қа­былдап, онда 2017 жылғы бес айдың қоры­тындысы бойынша елдегі қыл­мыстық ахуалдың жағдайы ту­ра­лы есеп берілді. Бәрімізге мә­лім, Нұрсұлтан Назарбаев құқық қор­ғау ор­гандары жүргізіп отырған ша­ра­­- ­л­ардың нәтижелеріне тоқталып, аза­­маттардың қауіпсіздігін қам­та­масыз ету жөніндегі жұмыстың са­пасын жақсарта беру қажеттілігін атап өтті.

Ел тыныштығы елордадан басталады

Расында, елімізде халықаралық дәрежедегі үлкен шаралардың алдында қылмыстық ахуал жақсарып сала берді. Әрине, елдегі қылмыспен күрес, қоғамдық тәртіпті жақсарту шаралары бұрын да өз деңгейінде жүргізіліп келе жатқаны аян. Бірақ  мәселен, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезінде Астанадағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету барысында қабылданып жатқан шаралар тек елордада ғана емес, тұтас еліміздің қылмыстық ахуалының  жақсаруына серпін берді. Сондықтан да, «Қылмыс жасау 16 пайызға азайды. Оларды ашу көрсеткіші 60-тан 70,2 пайызға көтерілді. 26 мың адамға рақымшылық жасалып, 1 200 адам бас бостандығынан айыру орындарынан босатылды», деді Қазақстан Президенті. Міне, бұл құ­қық қорғау органдарының атқар­ған жұмыстарының зор екендігін білдіреді.
Елбасы ЭКСПО-2017 халық­ара­лық мамандандырылған көрмесінің ашылуында тиісті қауіпсіздікті қам­та­масыз еткені үшін құқық қор­ғау органдарының барлық қыз­мет­керіне ризашылық білдірді. «Көп­теген мемлекеттер басшылары мен қонақтар қатысқан ЭКСПО-2017 көр­месінің ашылуында қауіпсіздікті қамтамасыз еткен еліміздің бүкіл полиция қызметіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, «Сырбар» сыртқы барлау қызметіне және басқа да органдарға алғыс айтамын. Біз көрменің ашылуын ұйымшылдықпен өткіздік», деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев мұндай іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің айрықша күрделі мәселе екеніне тоқталып, барлық құқық қорғау органдарының жұмысын жоғары бағалады. Дәл қазіргі уақытта елімізде мұндай әлемдік деңгейдегі маңызды мәселелерді көтерген, адамзаттың болашағын алдын  ала ойлаған ірі шаралардың біреуі емес,  бірнешеуі өтіп жатқаны және өте бе­ретіні белгілі.  Онда жаһандық ма­ңы­зы зор проб­лемалар шешімін тауып жа­тыр. Сондықтан да, мұндай ірі шараларды Астанада өткізудің өзіндік орны мен мәні бар. Өйткені, жаһандық жайды жақсартар жақсылықтың негізі Астанадан бастау алып жатқанын әлем біліп отыр. Оның бәрі халқымыздың бірлігі, экономикамыздың жетістігі, адамдардың әл-ауқатының артуы, қо­ғамдық тыныштық пен бейбіт тұр­мыс­тың арқасында іске асып жатыр.
Ал еліміздің тыныштығын, адам­дардың бейбіт тұрмысының бұзыл­мауын, қоғамдық қауіпсіздікті сақ­тау тек құқық қорғау органдары қыз­мет­кер­лерінің ғана жұмысы емес. Ол бар­ша қазақстандықтардың міндеті екені сөзсіз. ЭКСПО-2017 секілді халықаралық көрменің қауіп­сіздігін құқық қорғау органдары жоғары деңгейде қамтамасыз етіп жатқанда, мұндай құрметті міндетке еліміздің өзге салалары да бір кісідей атсалысуы керек деп ойлаймыз. Олар да өз қызметтерін осындай жоғары дең­гейде орындап, істе адал екен­дік­терін көрсете білулері керек. 
Мемлекет басшысы құқық қор­ғау органдарының жұмысына текке ризашылық білдірген жоқ. Мем­лекеттік қызметтердің  бәрі  жұ­дырықтай жұмылып, бірлесе қи­мыл­дағанда ғана ортақ міндетті бағындыру оңайға түсетіні сөзсіз. Бұл орайда, «Сырбар» сыртқы барлау мен ішкі істер органдары секілді алдарына қойылған тапсырмаларды нақты орындап жатқандар бар. Олардың өз міндеттерін орындаудағы ерекше істерінен өзге де мемлекеттік қызметтер қалыспаса, Елбасымыз елі­міздің алдына қойған сындарлы тапсырмаларды, жаһандық проблемаларды шешуде, адам мен адамзаттың мүддесіне арналған іс-әрекеттерді атқаруда биік деңгейден көріне беретіні анық. Ендеше, жаһанды жақсартар жақсы істерге бастамашы болған Астанамыздың асқақтай беруіне бір кісідей атсалыса берейік, ағайын! 

Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»