Осыдан 25 жыл бұрынғы сол жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен қарлығаштай ұшып келген көңілдеріңіз үшін, қайда жүрсеңіздер де атамекен мен атажұртқа деген сағыныш пен сүйіспеншілікке толы перзенттік пейілдеріңізді сақтағандарыңыз үшін ризашылық білдіреміз. Сіздер арқылы бүкіл әлемдегі қазақ бауырларымызға ыстық сәлемімізді жолдаймыз! Жер бетіндегі бар шаңырағымыздың бәрінің де бақыты асып, ырыздығы тасысын дейміз!» деген ақжарма сөзіндегі бауырмалдық сезімнен Қазақ елі айныған жоқ.
Күні кеше елорда төрінде Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы жоғары деңгейде өтті. Осы жиында ширек ғасыр бұрынғы ұшақтан түсе салып, туған топырақты, дәлірек айтқанда атамекеннің әуежайының қара асфальтін сүйген қазақтың сарытапқа айналған сағынышты қауышуы мен бүгінгі алқалы басқосудың арасында шеттегі қазақтың да, атажұрттағы ағайынның да арақатынасының жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көруге болады. Айталық, құрылтайдың жас қатысушыларының бірі Әйгерім Болатқызы Моңғолияның Бай-Өлке аймағында дүниеге келіп, орта мектепті бітіріп, Чехияда білім алған, оқуын Сингапурда жалғастырған, сондағы Ли Куан Ю атындағы ұлттық университетте қызмет атқарған болашағы зор, жеті жұрттың тілін білген жетекші жастардың бірі болып шықты. Шеттегі қандастардың қарымды болуы, адами капитал тұрғысынан үлгі болуы бүгінгі жаңғыруға бет алған қоғамымыздың негізгі қағидаларының бірі.
Әлбетте, рухани жаңғыру қоғамның барлық саласында жүргізілуі қажет күрделі үдеріс. Соның ішінде, әдебиеттің де алар орны бар. Соңғы жылдары ұлт әдебиетінде ХХ ғасыр басындағы қазақтың өзін-өзі сақтап қалу жолындағы бұралаңы мол тақсыреті туралы кесек туындылар оқырманға жол тарта бастады. Бұл ретте әсіресе, шеттегі қазақ қаламгерлерінің үлесі үлкен. Қазақстан қаламгерлерінен Асқар Алтайдың «Сират» сияқты шығармалары көпшілік көңілінен шықты. Кешегі құрылтайда белгілі ақын, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлының оқыған жыры Жер шарының әр пұшпағынан жиналған қауымды ерекше толқытқаны рас.
Ақыт қажы, Оспан едім,
Алтайдағы ақ боран,
Қарсы келген ажалға да қас-кірпігін қақпаған.
Гималайда киіз төсеп түйетайлы асуға,
Такламакан шөлінде де жанға дауа таппаған.
Кәшмірге де жеткен көшпін Елісханның жолымен,
Дүниенің бұрышында дәм бар ма мен татпаған?!
Атажұрттан кіндік үзіп, ұрпағымның қамы үшін,
Тағдыр кештім, кішігірім – шұбырынды ақтабан!, дейді арқалы жыр арнаған адуынды ақын алқалы әлеуметтің шемен тарихын дөп басқандай...
Қазіргі есеп бойынша шетте 5 миллиондай қазақ бар екен. Әрине, олардың барлығын атамекенге көшіріп алып келу мүмкін емес. Бірақ біз шеттегі қандастардың әлеуетін тиімді пайдалануымыз тиіс. Таяуда белгілі саясаттанушы Ерлан Саировпен әңгіме өрбіткенімізде, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы бес бағытты шетелде түсіндірудің инфрақұрылымын жасаудың өзектілігі жөнінде айтты. Негізгі мәселе – қазақ мәдениетінің дүниежүзілік брендін жасау. Саясаттанушының айтуынша, Қазақстанның мүддесін шет мемлекеттердегі қазақ диаспорасы арқылы қорғауға болады. Бұл дүниежүзілік тәжірибеде бар. Мысалы, Қытай сырттағы қандастарын «жұмсақ күш» ретінде пайдаланады. Американың әрбір әкімшілігінде міндетті түрде ұлты қытай бір-екі министр болады. Еуропаны қараңыз, Оксфорд, Кембридж университеттері студенттерінің 40 пайызға жуығы қытай. Ал біздің сыртта 5 миллионға жуық қандасымызды Қазақстанның шеттегі мүдделерін тоғыстыруға тартуға болады, дейді Е.Саиров.
Яғни, қандастардың бойындағы күш-жігерін елге инвестиция тарту немесе мемлекеттің мәдениетін халықаралық деңгейде көтеру, мемлекет мүддесін басқа ұйымдарға жеткізудің алтын арқауына айналдыру ел әлеуетін еселей түсетін жаңа сапалық болмысымыз болуы керек.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»