«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қарамағындағы 14 темір жол бөлімшесінің балалары екі күнде Тұңғыш Президент мұражайын, Ұлттық мұражайды, «Думан» ойын-сауық орталығын көріп, танысады. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ басшылығы мен кәсіподақ ұйымының бастамасымен қолға алынған бұл шара аясында жеткіншектер ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін топ-тобымен тамыздың ортасына дейін тамашалайды.
«Астанаға қыдырып келіп, көңіл көкжиектерін кеңейтіп қайту – балалардың естерінде көпке дейін қалып қояды. Олар өз көздерімен әлем назарындағы көрмеге барып, заманауи дүниелерді көздерімен көреді. «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бойынша талай қызықты жобалармен танысып, ой түйеді. «Қазақстан темір жолы» экспозициясымен танысады», дейді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» кәсіподақ филиалының төрағасы Ермек Төлегенов.
Семейден келген жас туристің бірі Бекжан Рақымжанов сапар барысындағы жүрекжарды лебізімен былай бөлісті: «Менің әкем – теміржолшы – вагон қараушы. Мен темір жол саласының басшылығына осындай сапарымызды ұйымдастырғандары үшін шексіз алғысымды білдіргім келеді. Астананы, мұндай халықаралық көрмені біз теледидардан көріп, естіп қана жүр едік. Сондай-ақ, отандық теміржолдың мұражайында болу да қызық. салаға еңбек сіңірген адамдар туралы көп мәліметтер білдік», дейді жас балғын.
Топтаманы әзірлеген Асхат РАЙҚҰЛ,
суреттерді түсіргендер Ерлан Омаров, Орынбай Балмұрат,
«Егемен Қазақстан»