05 Шілде, 2017

«Жасыл» технология драйвері

425 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ЭКСПО елге не береді деген сұрақтың ішінара жауабын беретін кез келгені анық. Мәселен, Астана ЭКСПО-2017 халық­ара­лық ма­мандандырылған көр­ме­сінің ая­сында қалың көп­ші­лікті со­н­ша­лықты қызықтыра қой­­майтын көптеген салалық ша­ра­лардың өтіп жатқанын біреулер біл­се, біреулер біле бермейді. 

«Жасыл» технология драйвері

Көрме шеңберінде өткен осындай шаралар санатында VIII Энергетика жөніндегі халықаралық форумды және салалық министрлердің конференциясын атауға болады. Әлемдік энергетиканың бірегей мамандары бас қосқан осы халықаралық жиында Қазақстан ірі жетістікке қол жеткізіп, Астана ЭКСПО-2017 базасында Жасыл технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі орталық құрылатын болды. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымының тікелей қолдауымен жұ­мыс істейді. 
Бұл орталықтың жұмысы мен зерттеулеріне Орталық Азия елдері – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, сонымен бір­ге, Иран, Ауғанстан, Моңғолия жә­не Әзербайжан тікелей қатысады. Жасыл технологиялар мен инвестиция­лар­ды дамыту жөніндегі орталық Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ЭЫДҰ), Еуропалық одақ­пен, Ресей, АҚШ, Қытай, Үндіс­тан және Латын Америкасы ел­­де­рі­мен тығыз байланыста жұмыс іс­­те­мек. Энергетика министрі Қанат Бо­­зым­баевтың айтуынша, бұл – әлем­­ге әйгілі Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агент­тіктің (IRENA) аймақтық балама­сы. Сонымен қатар, бұл орталық жа­ңартылатын энергия көздерімен (ЖЭК) бірге, «жасыл» технология мә­де­ниетін де дамытпақ.
Әлемнің жетекші энергетиктері бас қосқан осы бір жиында тұңғыш рет Экспериментальді термоядролық реактор жобасы жөніндегі халықаралық ұйым (ITER) мен «Қазақстан Рес­пуб­ликасының ғылыми ядролық ор­та­лы­ғы» РМК өзара ынтымақтастық ту­ралы келісімге қол қойды. Осы ке­лісім шеңберінде ITER ұйымы мен еліміздің ғылыми ядролық орта­лығы ЭКСПО-2017 көрмесі қар­са­ңында Курчатов қаласында іске қо­сыл­ған «Токамак» термоядролық қон­ды­р­ғы­сы арқылы тәжірибелік зерттеулер жүргізетін болады. Яғни, біздің елімізде алғаш рет шетелдік тапсырыс­тар бойынша болашақ термоядролық өнер­кәсіп үшін қажетті материалдар сы­нақтан өткізіледі. 
«Біздің ойымызша, болашақтың энер­гиясы – бұл басқарылатын тер­моядролық синтез энергиясы. ITER халықаралық ұйымына біз­ге зор мүмкіндік бергені үшін шек­сіз ризашылығымызды білдіреміз. Ен­ді біз­­дің еліміз басқарылатын тер­мо­яд­­ролық синтез энергиясын игерген әлемдегі бірінші ондықтың құрамына кір­ді», дейді «Ғылыми ядролық ор­та­лық» РМК-нің бас директоры Эрлан Батырбеков. Түйіндей айтсақ, «То­ка­мак» термоядролық қондырғысы ел экономикасына қыруар қаржы құя бас­тайтын болады.
Осыдан бес жыл бұрын Елбасы Астанада өтетін ЭКСПО көрмесінің бас­ты тақырыбы – «Болашақтың энер­гиясы» деп айқындап берген бо­ла­тын. Содан бергі өткен уақытта елі­міз­де болашақтың энергиясын дамы­ту мақ­сатында орасан зор жұмыс ат­қа­рыл­ды. Қазірдің өзінде елімізде ЖЭК саласының 50 кәсіпорны жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында Еуропа Қайта құ­ру және даму банкінің қолдауымен са­лынған жамбыл облысындағы «Бурное-Солар» атты күн электр стан­са­сын (КЭС) және Ақмола об­лы­сын­да­ғы қуаттылығы 45 МВт болатын жел электр стансасын (ЖЭК) ерекше атап айтқан жөн. 
Астана ЭКСПО-2017 көрмесі елі­мізде «жасыл» технологияны да­мы­ту­дың драйверіне айналды. Бүгінге дей­ін белгіленген бағыттар бойын­ша, 2020 жылдың соңына дейін елі­мізде 53 ЖЭК нысанын, оның ішін­де 23 ЖЭС, 17 КЭС және 13 су элек­тр стан­сасын салып, пайдалануға бе­ру жоспарланып отыр. Осындай ке­шен­ді шаралардың іс жүзіне асыры­луы Қазақстанға жаңартылған энер­гия көздерін дамыту мәселесі бой­ын­ша әлемнің жетекші елдерінің қа­та­­рына қосылуға мүмкіндік береді. Астана ЭКСПО-2017 көрмесі жұ­мыс істей бастаған аз уақыттан бері ел экономикасының болашағына қос­­қан тың технологиялары мен озық инно­ва­цияларының бір парасы осындай. 
Жаһандық шараның барлық же­тіс­ті­гін түйіндеуге әлі қыруар уақыт бар.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»